Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелері
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі шығармалары тәрбиенің қайнар көзі болған, қазақ арасынан шыққан алғашқы ұстаз, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ғибратты өлеңдері мен әңгімелерін ұсынады.
Өлеңдері
Кел, балалар, оқылық
Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры
Бастасаңыз аллалап.
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы,
Күннен- күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер-білім бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Надандықтын белгісі –
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас.
Жөн білмеген наданға
Қыдыр ата дарымас.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу деген шыны – ды,
Тұрған сайын шыныққан.
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан.
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Әлпештеген ата–ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата–енең қартайса –
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды,
Танымаған құдайды
Не ғылғанда ұнайды?
Шырағым абай болгай деп,
Ата–енең жылайды,
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды.
Әй, жігіттер
Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз,
Азған елдің ішінен.
Алыс – алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзбен салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.
Өзі болған ерлердің,
Аяғынан алмаңыздар.
Әр елге, әр жұртқа алтын сақа табылмас.
Бас ауырса бақсыларды
Алып келіп бақтырарсың.
Жазықсыз жануарды сойып,
Өкпеменен қақтырырсың.
Жын – бәлекет қашады деп,
Тұмар алып тақтырарсың.
Білмес надан еткен істен.
Ешбір қайыр табылмас.
Алған жарың жаман болса,
Бір Тәңірге көп налырсың.
Жарым сондай болса екен деп,
Көрінгенге көз саларсың.
Әз елде маңдайыңа нені жазса соны аларсың.
Бәріңізге қасы қара, қызыл жүзді табылмас.
Катының өлсе қарыс ұрып қаларсың.
Аны – мұны қармалап,
Және біреуді аларсың.
Бір кеткен соң қамқор әке – шешең табылмас.
Әй, достарым
Әй, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма!
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма.
Жақсының жүзі жәндетті,
Бір көруің қанібетті,
Жаманның ісі міндетті,
Зар берсе алушы болма!
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа.
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.
Күндердің күні болғанда,
Ол жаман айғақ болар басыңа.
Бар күшіңді сынаспай,
Балуандармен күреспе.
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың көлемге.
Ақылсыз достан – ақылды дұшпан артық.
Сырты майда, іші қан.
Ел ішінде жар – жора,
Достарыңнан бір сақтанғанда мың сақтан.
Өнер-білім бар жұрттар
Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып – жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Аты жоқ құр арбаны
Мың шақырым жерлерге,
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай,
Білгендерге осылар
Бәрі – дағы анықтай,
Білмегенде танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.
Өсиет өлеңдер
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір – біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз.
Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен.
Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен…
Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің бенде екенін сонда біліп,
Мұнан соң тақ Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып.
Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.
Жалғыз – ақ өлмеске айла табамын деп,
Ізденіп мәңгі суын соған барған.
Мәңгіден су ішкенге өлім болмас,
Ескендір мұны сұрап білгені рас.
Су әпкел деп жіберді уәзірлерін,
Уәзірі қасындағы Қыдыр Ильяс.
Екеуі барды суға, судан ішті,
Бір кесе патша үшін және алысты.
Енді қайтіп, жүрелік деп тұрғанда,
Бір адамға сол жерде көзі түсті.
Сұрасты мұнда отырған неткен жансыз,
Қарасақ келбетіңе мұсылмансыз?
Сонда ол кісі өз жайын баян етті:
Мен – дағы бір патша едім еш күмәнсіз.
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен.
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп.
Ах енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді құдай тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім.
Ах, деді Қыдыр Ильяс қайтып келді,
Сонда да кеседегі суын берді.
Ішейін деп Ескендір ұмтылғанда,
Су Ескендір аузына бармады енді.
Тағында тақ Сүлеймен нағылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Нушеруан діні кәпір әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны – дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылған үшін?
Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек – бөлек соның тәні…
Мал-жаннан, ру, туған бәрі беріп ,
Далада жалғыз жатып «Алла» деді.
Малды алды, баланы алды сабыр етті,
Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.
Разымын не берсең де Құдайым деп,
Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті.
Қорлама кем адамды, болсаң дана,
Кәріпті құдай сүйсе не еді шара?
Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба,
Пір болды түйешіден Ойсылқара.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.
Мекенін білемісіз қайда қалды?
Жомарттық қылған үшін Атымтайды.
Иманды ер құдайынан ұялады,
Ұялып иесінен сый алады…
Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,
Кәріп көңілі бір сыңғақ биялады…
Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бер кессе басың шындықпенен.
Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазнасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш бендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.
Мақтанба бақыттымын деп бағаңызға,
Қартаймақ қиын сауда тығыңызда.
Іске аспай бақ дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағаңызда.
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.
Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.
Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған…
Бақ тайса ерге құралмаған…
Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүниеде ешнәрседен танылмаған.
Арық мал жан жолатпас бір жалданса.
Пенде ойлар кемімен деп бір малданса.
Қадамы әзіз ердің ұзамайды,
Жігітке бақыт шіркін сырт айналса.
Ағайын жат болады алыс болса,
Болады ат та жақын таныс болса.
Достарың дұшпан түгіл табылмайды –
Аяғың бір нәрседе шалыс болса.
Асылы залымдардың лайланды,
Дүниені маған десең шыр айналды.
Ит үрер жақсыға да,жаманға да,
Қылмағы бірақ залал құдайдан – ды.
Әңгімелері
Жомарт
Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-ұсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын, таныстары сұрады дейді:
— Жомарт, Құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа — тамақ, жалаңашқа — киім, үйсіздерге — үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? — деп.
Жомарт айтты дейді:
— Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өне бойы әдет етсең көңілге жел кіргізеді; сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік емес екенін біліп, кейінгілер әбірет алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен таңнан бір-ақі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: кұдайтағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, — деді.
Әдеп
Бiр жүрттың бас әкiмi екiншi бiр байға жолығысып сөйлесiп тұрғанда, қасынан бiр жарлы мұжық өтiп бара жатып иiлiп, бас ұрып сәлем бердi дейдi. Оған қарсы әлгi үлкен әкiм төре онан да төменiрек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:
– Тақсыр, осынша жүрттың үстiнен қараған әкiмсiз, осы бiр мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейдi.
Сонда әкiм:
– Ешбiр iлiм-бiлiм үйренбеген мұжық сонша иiлiп, әдептiлiгiн көрсеткенде, мен онан әдепсiз болып қала-йын ба? – дедi дейдi.
Тәкәппаршылық
Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдында не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:
– Еңкей, енкей – деп.
Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:
– Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар; ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнанда артық неше соққылардан құтыларсың. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:
– Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды; және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәжәппәрлердің нешеуінін, әлек болғанын – деп.
Салақтық
Кәрім деген мешер өзі жұмысқа тәуір жігіт те болса, жуынып кірсіз көйлек киіп таза жүрумен ісі жоқ еді. Әркім айтушы еді:
— Саған не болды, Кәрім, бойыңнан кіріңді ағызып жүргенше, жуынсаң болмай ма? — деп.
— Қолым тимейді, — деуші еді ол.
Сөйтіп жүріп, тұла бойын шиқан қаптап және қотыр болды. Бұл күйде құрысып-тырысып жатқанында, әркім сұрайды:
— Кәрім, саған не болды? — деп.
Кәрім айтады екен:
— Күнәм үшін құдайдың бір берген сазайы-дағы, — деп.
Оған қарсы таныстары:
— Рас, Кәрім, құдайтағала таза жүрмеген былғаныш кісіні сүймейді, тым болмаса жұмасына бір моншаға түсіп, не болмаса үйіңде сабынмен жуынуды әдет етсең, бұл бәлеге душар болмас едің.
Сонымен Кәрімді ауру жататын үйге алып барып, таза жуындырып, таза киім киіндіріп, ем қылған соң, аз ба, көп пе жатып жазылды. Мұнан шыққан соң, Кәрім бір заводқа барып жалданыпты. Өздеріңе де белгілі шығар, заводта нәрсе бояйтын бояулардың қайсысы у болады. Бір күні қожасы Кәрімге бір бояуды былғап қой деп беріпті. Былғап отырып-отырып, кәдімгі үйренген қалыбынша, қолын жумастан барып, тамаққа отырып, нан жепті. Қолындағы бояудың жұғынының бәрі де жеп отырған нанына жабысып отырғанда, бір мезгілде Кәрімнің іші бүрісіп, ауыра бастапты. Әрлі-берлі, олай-бұлай аунақшып, біраз жатып, Кәрім ұзамай-ақ жан тапсырыпты, әлгі бояу у бояу екен.
Жамандыққа жақсылық
Қызылбас патшасынын, Абдулла деген уәзірі бар еді. Соның заманында жұрт бұзылып, бір күн уәзір патшаға келе жатқанда халық қамап: «Дегенімізді істе, істемесең өлтіреміз» деп, ішінде бір батырырағы уәзірді сақалынан алып жұлықты. Уәзір ашу етпеді, бұлардан шыққан соң
патшаға барып, жұрттың тілегін беріңіз деп өтініп тілегенін патшадан алып берді және өзінің көрген кемшілігі үшін ешкімге жаза бермеңіз деп оны да тілеп алды. Ертеңіне уәзірге бір саудагер келіп:
— Тақсыр, кеше сізді ренжітіп сақалыңыздан жұлыққан кісіні айтайын деп келдім, ол Нағым деген менің көршім еді, алдырып жаза беріңіз, — деді.
Бұл сөзді есіткен соң уәзір саудагерді қайтарып, Нағымды шақыртып алды. Нағым: «Менін кешегі ісімді біреу айтып танытқан екен» деп, қорыққанынан үрейі кетіп, келе-ақ уәзірдің аяғына жығылды. Уәзір Нағымды жерден көтеріп алып айтты дейді:
— Мен сені жазаландыру үшін шақырмадым, бірақ, көршің саудагер жақсы кісі емес екен, сенің білместігіңді маған келіп айтты, екінші рет ол көршіңнен сақтанып жүргендей екенсін, соны айтайын деп шақырып едім, енді аман бол! — деп ішкергі үйіне кіріп кетті дейді.
Өтіріктің залалы
Үш кісі жаланға шығын, күн бойы құс аулап, жалғызақ шүрегей үйрек атып алыпты. Кешке бір жерге келіп отырып сөйлеседі: бұл үйректі үшеуіміз жеп тоймаймыз біреуімізге жөні болмайды деп. Ішінде біреуі қу жігіт екен бұл айтты:
— Оған ақыл табылады. Үйректі пісіріп жауып қоялық та, үшеуіміз де жатып ұйықталық, қайсымыз жақсырақ түс көрсек, үйректі сол жесін, — деді.
Осыған сөз қойысып, үйректі пісіріп жауып, өздері жатып ұйқтағанда, манағы қу тұрды да үйректі жеп алып, табағының үстін әуелгіше жауып қойды. Ертең жолдастарымен бірдей тұрып қу сұрады:
— Не түс көрдіңіздер? — деп.
Біреуі айтты:
— Мен ақбоз атқа мініп, алтын тәж киіп, көкке ұшып жүр екенмін.
Екіншісі айтты:
— Мен ұшпаққа кіріп, хор қыздары маған қызмет етіп жур екен.
Сонда қу айтты:
— Екеуіндікі де рас, мен түсімде сендерге қарап тұрып едім, бірің патша болып көкке ұшып кеткен соң, енді бірің ұшпаққа кіріп кеткен соң, бір шүрегей үйрекке бола қайтып келіп жатар деймісін деп, үйректі мен жеп қойдым, — деді.
Бақша ағаштары
Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.
— Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? — деп сұрады, баласы.
— Оның себебі, балам, анау ағашты қисық бұтақтары болса, кесіп, бағу-қағумен өсірген. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен, — деді, атасы.
— Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, — деді баласы.
— Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен де өзіңе өсиет алсаң болады. Сен, жас ағашсың, саған да күтім керек, мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орныңа келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің, бағусыз, бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағаштай қисық өсерсің, — деді.
Жаман жолдас
Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт, аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты: есітуі бар еді, аю өлген кісіге тимейді деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:
— Достым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?
Ауру айтты дейді:
— Аю құлағыма ақыл сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — дейді.
Шеше мен бала
Шешесі қыз баласынан сұрады:
— Берген ақшамды қайда қойдың?
Бала:
— Біреуге бердім.
Шешесі:
— Кімге?
Бала:
— Бір тентек балаға бердім.
Шешесі:
— Мұнан былай тентек болма деп берген шығарсың?
Бала:
— Рас, әже, екінші рет тентек болма дедім. Құс та құдайдың жәндігі ғой, әже?
Шешесі:
— Біз де, құс та, бөтен жан-жануардың бәрі де құдайдың жаратқан жәндігіміз.
Бала:
— Әлгі бала құдайтағаланың жаратқан кішкентай құсын ұстап алып, сатайын деп жүр екен. Құс кісі аярлық болып, шиқылдап тұрды; сонда алып жүрген бала тұмсығын қыса береді, бишара құстың дауысын құдайтағала есітеді деп қорыққан шығар деймін.
Шешесі:
— Онда сен неғылдың?
Бала:
— Мен балаға ақша беріп сатып алып, құсты ұшырып қоя бердім. Менің бұл ісім сауап емес пе?
Шешесі:
Әрине, сауап, бейшараларға қайырымды болғаның.
Бала:
— Ол бала, кім біледі, кем-тарлықтан құсты сатуға жүрген-ау?
Шешесі:
— Мен де солай ойлаймын.
Сонда сөйлеп отырған бала, сіңлісіне карап:
— Мана ақшамның бәрін бергенім жақсы болған екен, — деді. Сіңлісі шешесіне қарап:
— Апаммен екеуіміз мана бәстесіп едік, ол балаға апам құсыңның бәсі не деп те сұрамай, ақшасының бәрін берді; мен айттым: құстың бәсі не деп сұрау керек еді деп, қайсымыздікі дұрыс?
Шешесі үлкен қызына қарап айтты:
— Сенің де бұл істеген ісіңді дұрыс демеймін. Егер тағы бір манағыдай бала жолықса, ақшаңның бәрін бастапқы балаға беріп қойдың, соңғыға не берер едің?
Үлкен қызы:
— Онда мен тағы да саған келер едім.
Шешесі:
— Егер менде де мал, ақша болмаса қайтер едің?
Бала:
— Онда… — деп, не дерін біле алмады.
Шешесі:
— Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әрнәрсеге күтімді болу керек; құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Ол құстың өзі не құс екен?
Балaсы:
— Мен сұрағаным да жоқ, әже, өзің айтушы емес па ең, жақсылық еткен жаныңның атын да сұрама деп.
Шешесі күліп:
— Солай, солай, шырағым, — деді.
Балaсы:
— Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде, әуелі қуанғаннан тіпті ұша алмады; онан соң құсты сатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп.
Шешeci:
— Қызым, жақсы ic етіпсін, мінекей саған тағы да теңге.
Қызы:
— Алла разы болсын, әже.
— Шырағым кызым, әрдайым осындай рақымды бол, саған мұның үшін құдай рақым етер, — деді.
Әке мен бала
Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріпғ баласына айтты:
— Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.
Бала әкесіне:
— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді. Қаланың шетіне темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем-бірем алып жеп, баласына қарамай аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкеснің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты.
— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жүмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең — көптен де құры боласың, — деді.