Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вице-министр: Халқымыздың үлкен бір бөлігі толығымен баспанамен қамтамасыз етіледі

Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл туралы Sputnik хабарлайды.

Жаңа заң жобасы қарулы күштердің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшінің тұрғын үй мәселесін шешеді. Сөйтіп, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қоса алғанда, халқымыздың үлкен бір бөлігі толығымен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, деп мәлімдеді мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Вице-министр баяндағандай, заң жобасында әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің баспана мәселесін шешудің жаңа алгоритмі көзделіп отыр. Заң жобасының мақсаты мен маңызы баспанаға мұқтаж барлық әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету болып отыр.

“Заң жобасы келесі тетікті қарастырады. Әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есепшотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шашы метрі құнын әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі. Баспана мәселесін шешудің бұл түрінің анық артықшылығы бар”, — деді ол.

“Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемдерін тек келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алуға, тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады”,  — деді Мұхтаров.

Бұдан бөлек, заң жобасы әскери қызметшілердің баспанасыздық проблемасының басқа түйткілді түйіндерін тарқатуға бағытталған. Бірінші кезекте жиырма жыл және одан да көп ғұмырын әскери борышты өтеуге арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің көптен қабырғаға батқан маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда қызметтік тұрғын үйлерде тұруға мәжбүр.

“Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасына сәйкес қандай да бір тұрғын үй берілместен қызметтен шығарылған әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни, олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады. Әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің тұруына ұсынылады”,  — деп баяндады қорғаныс министрінің орынбасары.

Заң жобасындағы келесі жаңашылдыққа сәйкес, әскери қызметті өтеу барысында қаза тапқан немесе дүниеден өткен әскери қызметшілердің отбасыларының баспана мәселесі шешіледі. Оларға әскеридің қызметін өтеген өңірдегі жаңа тұрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленбек. Сонымен қатар қызметін өткеру кезінде жарымжан болып қалған немесе ауыр дертке шалдыққандықтан әскери есептен шығарылған әскери қызметшілерге де біржолғы өтемақы берілетін болады.

“Тағы бір маңызды жаңа норма жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқандықтан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын елу пайызының көлемінде аударылатын болады. Бұл әділетті болып табылады, себебі мемлекет аталған әскер  қызметшілерді тегін қызметтік баспанамен қамтамасыз етеді, олардың коммуналдық төлемдерін де толығымен мемлекет көтереді. Сондықтан әскери қызметшінің мұның сыртында мемлекет беретін елу пайыз көлемінде тұрғын үй төлемдерін жинақтап, банктердің ипотекалық несиелендіру бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі бар”, — деді ол.

“Заң жобасының тағы бір новелласына сәйкес 2013 жылғы бірінші қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары он және одан көп болатын барлық әскери қызметшілер үшін жиырма жыл әскери қызметін өтегеннен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіруге құқығы қайта қайтарылады. Қызметтік баспана жекешелендіруге жатпайтын болса, өтеусіз жекешелендіру құқығы баспана құны көлемінде өтеледі”, — деп толықтырды вице-министр.

Осыған қоса жаңа жүйеде зейнет алды жасындағы әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдері көмегімен баспана алуға жеткілікті қаражат жинай ала ма деген орынды сұрақ туады. Әрине, әскери қызметшіге зейнеткерлікке дейін санаулы жыл қалса, сол уақытта төленетін тұрғын үй төлемдері баспана сатып алуға жетпейді.

“Сондықтан заң жобасында бұл санаттағыларға зейнеткерлікке шыққан кезде баспанаға мұқтаж болған бұрынғы бүкіл кезеңіне тұрғын үй төлемін есептеп, біржолғы аудару қарастырылады. Яғни бұл әскери қызметшілердің де түйткілді мәселесі тасада қалмай шешіледі. Өзге өңірге жіберілген, бірақ бұрынғы орында ипотекалық несие рәсімдеген әскери қызметшіге тұрғын үй төлемі қалай төленеді? Ротацияланатын әскери қызметшілердің төлем қабілетін қамтамасыз ету мақсатында олар үшін ипотекалық келісімшарты рәсімделген өңірдегі тұрғын үй төлемдерінің мөлшері бұрынғы көлемде сақталады. Сондай ақ әскери қызметшіге ол баспанасын жалға беріп, түскен қаражатқа жаңа қызмет орнында үй жалдап тұруына да құқық беріледі”, — деп атап өтті ол.

Айтуынша, ұсынылып отырған модельді жүзеге асыру үшін 2018 жылы қажет болатын қосымша қаржыны республикалық бюджеттік комиссия мақұлдаған.

“Баспана мәселесін шешудің жаңа алгоритмі әскери қызметшілерге қысқа уақыт ішінде кез келген өңірде әрі өз таңдауы бойынша төл баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Заң жобасы қарулы күштерінің және барлық күш құрылымдары органдарындағы баспанасыз жүрген 60 мыңнан астам әскери қызметшінің тұрғын үй мәселесін шешуге оң ықпал етеді. Сонымен қатар аталған әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қоса алғанда, халқымыздың үлкен бір бөлігі толығымен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деп күтілуде”, — деп түйді сөзін қорғаныс министрінің орынбасары.

Тағы да оқыңыз:

Жыл соңына дейін үй бағасы қалай өзгереді?

Шымкентте анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар бала тағы да ауруханаға түсті

2018 жылдан бастап ақшалай төленетін көмек көрсетіледі

Жезқазғанда күйеужігіт балконға шыққан қалыңдығын кранмен «алып қашты» (видео)

Талқылау