Үйін кепілге қойған: Ақтөбеде үш жыл бойы жалақысын ала алмаған жігіт уайымнан көз жұмды
Ақтөбеде үш жылдан бергі маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмаған зауыт жұмысшысы уайымнан о дүниелік болды. Әріптестері енді қалғандарымыз да соның күйін кешеміз бе деп алаңдаулы.
Өйткені өндіріс орнының басшылығы қарызды төлеуге асығатын емес. Атағы дардай кәсіпорынның қызметкерлеріне берешегі 63 млн теңгеге жеткен. Әбден шарасы таусылған жұмысшылар бүгін әкімдікке басып кірді. Қарапайым жұртты әуре-сарсаңға салып қойған кім? Әкім қаралар неге оларға шара қолдануға келгенде қауқарсыз, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz.
Еңбекақысын даулап жүрген жұмысшылардың бұл бір парасы ғана. Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытында ұзын-саны 300-ге жуық адам еңбек еткен. Кәсіпорын олардың әрқайсына орта есеппен 400 мың теңгеден берешек екен. Тіпті жалақыларынан күдерін үзгендер күйзеліске түсіп, кейбірінің жүрегі сыр беріп, қайтыс болған.
"1 ай болып қалды көршім бар еді, кредит алған, соны төлей алмай, үйін арестке қойып, екі рет жүректен больницаға түсті, 40-тағы жап-жас жігіт. 2016 жылдың бірінші қаңтарынан декабрь айына дейін 524 мың теңге алажақпын. Жұмыс жаса дейді, жасап жатқан мен 70-ке тақап қалған мен жалақымды ала алмай жүрмін, жастар не істейді?", - деді Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытыны бұрынғы жұмысшысы Оралбай Елубайұлы.
Жиналғандардың жанайқайын айтып жүргені тек бүгін емес. Бармаған жері жоқ. Еңбек инспекциясы, прокуратура, барлық жерге шағымын жеткізген. Бірақ еш нәтиже жоқ.
"2016 жылдан бері осы уәде береді, орындалмайды. 500 мыңға жуық берешегі бар маған. Әйел-бала шағама масыл болып күн көріп жатырмын, сол!", - дейді жұмысшы Әлжан Бақытжанов.
Зауыт 2005 жылы іске қосылған. Ашылған сәтте еліміздегі ең мықты кәсіпорынның бірі екендігі айтылды. Өнімдерін Ресей, Кавказға жөнелткен. Алайда жұмысшылар 2016 жылдан бастап қаражаттан таршылық сезіле бастағанын айтады. Бастапқыда әр жұмысшыға 20-30 мың төлеп алдарқатып келген зауыт басшылығы кейін тіпті оны да төлеуді қойыпты.
Зауыт жұмысшыларының жауабын ала алмай жүрген сауалдары көп. Мысалы, олардың айтуынша, кәсіпорын тоқтап тұр дегенімен, басшылығы техниканы жалға беріп, пайда тауып отыр екен. Сол ақшаны неге бізге жалақы етіп бермейді деді. Сол сауалды басшысының өзіне қояйын десе, ол жұмысшылармен кездеспек түгілі, шақырған жиналыстарында төбе көрсетпейтін көрінеді.
Амалы таусылған жұрт әкімдікке келді. Аймақтың басшысының өзімен кездесіп, мәселелерін Оңдасын Оразалиннің өзі тыңдауын талап еткен. Алайда әкім емес, әдеттегідей орынбасары келді.
"Апрель айында бірінші сатыда 1 млрд 400 млнға сатылмағаннан кейін 2-саты 20 пайызға дисконтпен қойдық, 3-сатыда 50 пайызға түсіреді. 23-і сатылмаса, онда заңға сәйкес бір ай арасында шешілуі керек", - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.
Банкротқа ұшырағаннан кейін зауытты сатылымға қойған. Алайда саудалап, қызығушылық танытқан ешкім болмапты. Енді жұмысшылардың жалақысының бәрі сол нысанның сатылуына тіреліп тұр. Әкімдіктегілер ақша түскен бойы, бірінші кезекте зауыт қызметкерлерінің алдындағы қарызын өтейді деп сендірді.