Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ұлттық банк «Астана Банкі», Qazaq Banki және «Эксимбанк» салымшыларына мәлімдеме жасады
Қазақстаның Ұлттық банкі «Астана Банкі», Qazaq Banki және «Эксимбанк» салымшылары өз ақшасын қашан ала алатынын айтты.
Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
«Астана Банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) Қазақстанның жұмыс істеп тұрған банктерінің қайсысы «Астана Банкі» АҚ-тың салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі агент ретінде жұмыс істеп, салымшылармен есеп айырысатындығын хабарлайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес агент-банк – бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша ҚДКҚ-ның атынан және қаражаты есебінен халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін филиалдар желісі мен инфрақұрылымы дамыған банк.
«Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі қабылданды және 2018 жылғы 30 қарашада заңды күшіне енеді. «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларына кепілдікті өтемақыны төлейтін агент-банк 2018 жылғы 4 желтоқсанда айтылады, «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына агент-банк арқылы төлемдер төлеу 2018 жылғы 10 желтоқсанда басталады. Ол кезге дейін ҚДКҚ агент-банк үшін белгіленген мынадай өлшемшарттарға банктердің сәйкес келуін бағалау рәсімдерін жүзеге асырады, атап айтқанда: әлеуетті агент-банктің қаржылық жай-күйінің орнықты болуы, белгіленген заңнамалық талаптарды, оның ішінде Ұлттық Банктің пруденциялық нормативтерін 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша орындауы, «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшылары орналасқан өңірлерде филиалдар желісінің болуы.
Ұлттық Банк 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «ЭксимБанк» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап берді. Ұлттық Банктің «ЭксимБанк» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағымталабы бойынша сот тыңдалымы 2018 жылғы 28 қарашаға жоспарланған.
Таратылатын банктердің барлық салымшылары ҚДКҚ қаражаты есебінен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы. Өтемақы ұлттық валютада төленеді, ал оның сомасы:
– шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден;
– ұлттық валютадағы депозиттер бойынша 10 млн теңгеден аспауға тиіс.
Салымшыда бір банкте теңгеде, сол сияқты шетел валютасында бір мезгілде орналастырылған 2 және одан да көп депозит болған кезде 15 млн теңгеге дейін кепілдікті өтемақы төленеді. Кез келген жағдайда салымшының тек шетел валютасындағы депозиттері бойынша өтемақы 5 млн теңгеден аспайды. Төленбеген кепілдікті өтемақы қалдығын мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалатын банктің тарату комиссиясы төлейтін болады.
ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан және кепілдікті өтемақыны төлеу басталғаннан кейін салымшылар осы агент-банктің филиалына кепілдікті өтемақы төлеуге арналған өтініш жасағаны дұрыс. Бұл ретте салымшының өзімен бірге жеке куәлігінің немесе төлқұжатының болуы жеткілікті. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мұрагерлік туралы куәлік, сенімхат, депозитке талап ету құқығын беру туралы шарт) ұсынуы қажет. Агент-банк төлемді құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асыратын болады.
Кепілдікті өтемақы төлеу қолма-қол ақшамен немесе салымшының басқа банктегі шотына аударыммен теңгемен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте салымшының алынған кепілді өтемақыны агент-банктің шотында қалдыруға мүмкіндігі бар. Барлық кепілді өтемақыларды төлеу тек ұлттық валюта – теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемақыны есептеу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады.
Салымшылар депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты ҚДКҚ сайтындағы «Салымшыларға» бөлімінен алуына болады.
Бұдан басқа, салымшылар мына телефондар арқылы: +7 (727) 312 24 37, +7 (727) 312 24 38, +7 (727) 312 24 39 не 8 8000 80 10 20 шұғыл желі нөмірі бойынша хабарласа алады (Қазақстан бойынша қоңырау соғу тегін).
Сонымен қатар, банктердің call – орталықтарының төменде көрсетілген нөмірлері бойынша салымшыларға қызығушылық танытатын мәселелері бойынша жауап береді: «Астана Банкі» АҚ: +7 (727) 259 60 60, «Qazaq Banki» АҚ: +7 (727) 380 39 51, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ: +7 (727) 250 06 00.