Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Уланып қалмағанына шүкір: Жаңа жылдық сыйлықтардың ішіндегі тәттілерді көрген ата-аналар дабыл қақты
Көгерген шоколад, мүңкіген иіс. Елімізде жаңа жылдық кәмпиттердің жарты тоннасы пайдалануға жарамсыз. Олар тез арада сатылымнан алынсын! Мерекелік тәттілердің сиқын көрген ата-аналар осылайша дабыл қағуда. Мейрамның басты атрибутына айналған тәттілердің сырты бүтін болғанымен іші қандай? Дүкен сөрелерінде түр-түрінен көз сүрінетін жылтырақ қораптарды аларда неге мән берген жөн?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Безендірілуі көздің жауын алатын жаңа жылдық тәттілер бүлдіршіндерге берілетін негізгі сыйлыққа айналғаны қашан. Тіпті, жыл сайынғы дәстүр десе де болады. Оны кәсіпкерлер де жақсы біліп алған. Қыс басталса болды, дүкендерде түрлі тәттілерден көз сүрінеді. Өкініштісі, саны көп болғанымен сапасы сын көтермейді, -дейді тұтынушылар. Мәселен, елордалық Азиза Матханова қызына тәтті сыйлық жасаймын деп, өкініп қалыпты. Қораптан мүңкіген жағымсыз иісі бар көгерген шоколадты көріп, жағамды ұстадым, дейді ол.
“Өкінішке қарай, шоколад кәмпиттері тұрып қалған болып шықты. Одан бөлек, қорапты ашып қарасаңыз, шоколадтың сыртын біртүрлі жағымыз ақ дақтар басқан. Қызымның көңілі түсіп кетті. Ең бастысы уланып қалмағанына шүкір деп отырмын”, – дейді қала тұрғыны Азиза Матханова.
Жұрт сүйіп жейтін кәмпиттердің шын мәнісінде қандай екенін анықтау үшін еліміздегі ең ірі кондитерлік фабрикаға бас сұқтық. Басшылықтың уәжінше жаңа жылдық сыйлықтарды дайындау сәуірде басталса, оны безендіріп, қаптау жұмысы қыркүйекте жалғасады екен. Тек биылдың өзінде 1,5 млн кондитерлік өнім сатылымға шығыпты.
«Кәмпитті орамас бұрын біз оны міндетті түрде өлшейміз. Әрбір қорапты бір-бірден. Қойманың ішінде әрқайсысын тағы да сүзгіден өткіземіз. Сондай-ақ оны сатылымға жай ғана жіберіп қоймай, дүкен сөрелерінде қандай температурада тұрғанына дейін бақылаймыз”, – дейді кондитерлік фабриканың өндіріс бойынша басшысы Марина Крестьянская.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі сауда орындарындағы кондитрлік өнімдердің сынамаларына зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі тәттілердің жартысынан көбі санитарлық нормаларға сай болмай шыққан.
«Соңғы 11 айдың ішінде 6 500 тәттіден сынама алдық. Оның 10 пайыздан көбі талаптарға сай болмай шықты. Олардың барлығы сауда орындарынан алынды. Егер де кондитерлік өнім шетелдікі болса, онда арнайы құзырлы органдарға хат жіберледі», – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басқармасының бас сарапшысы Рабиға Айтжанова.
Осылайша мамандар кәмпит сатып алмас бұрын бірнеше факторға назар аудару қажет дейді. Ең бірінші, шоколадтың құрамында пальма мен какао майлары, немесе өзге де консерваттар жоғын қадағалаған жөн. Әйтпесе, оны тұтынған бала түрлі ауруларға шалдығуы әбден мүмкін.
«Біз міндетті түрде оның шыққан күнін қадағалаймыз. Әлбетте қораптардың қандай температурада сақталғаны маңызды рөл атқарады. Мәселен, байқасаңыз қораптардың сыртында оның сақталу мерзімі, температурасы жазылып тұрады. Біздің сауда орында міндетті түрде 19-20 градустың темперутарын ұстап тұрамыз”, – дейді сауда жөніндегі менеджер Константин Макаренко.
Бүгінде балаларға сыйлайтын тәттілердің бағасы 600 теңгеден басталады. Ал шетелдік өнімдердің бағасы тіпті шарықтап тұр шамамен 3 мың теңгеден басталады. Десе де мамандар, шетелдіктерден гөрі отандық өнімдердің артықшылығы мол екеніне сенімді.