Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинада адам ағзасының саудасы қызып тұр

Ғаламторда өзінің дене мүшелерін ұсынған азаматтардың хабарламалары күн санап көбейіп келеді. Адамның бүйрегі 50 мың АҚШ доллары тұрады. Елде мұндай саудаға тыйым салынса да, бүйрек-бауырын сатушылар заңды елеп-ескеріп жатқан жоқ,-деп хабарлайды 24.kz   арнасы.

46ed16244adffc96b670fa8c76fe1630_L

Николай есімді жігіт бізбен сауда-саттық жасауға келді. Анау-мынау тауар емес, адам ағзасын ұсынып отыр. Осы жерден кідіріс жасайық. Бұл азаматтың мұндай қадамға бару себебін сәл кейінірек түсіндіреміз.

Алдымен мынаған назар аударыңыз: Ғаламтор парақтарын ақтара отырып, өз органдарын сату туралы хабарламалар жарияланған украиналық сайтқа тап болдық. Не керек, мұндағы жарнамалар жер жарып тұр. Адамның он екі мүшесінің бәрін осыдан табуға болады. Әсіресе, бұл сайттың парақшасында бүйрек саудасы қызып тұр. Құны әрқилы. 7 мың АҚШ долларынан басталып, 50 мың еуроға дейін барады.

Ұсыныс бар болса, демек, ішкі органдарға сұраныс та жоғары Украинада. Елде шамамен 2 мыңдай адам дене мүшелерінің трансплантациясына мұқтаж. Бірақ бұларға екінің бірі донор бола алмайды. Соның салдарынан осы саладағы операция да саусақпен санарлық деп қынжылады Жүрек институтының басшысы Борис Тодуров.

«Украинада жылына адам ағзасын ауыстыру бойынша бар-жоғы ондаған операция жасалады. Негізінен, бұл – туысының бүйрегіне алмастыруға қатысты операциялар. Бауыр трансплантациясымен тек бір ғана институт айналысады. Ал жүректі ел тарихында небары 6-7 рет қана алмастырды»,- дейді Жүрек институтының бас директоры Борис Тодуров

Украинада ішкі органдар саудасына заңмен тыйым         салынған. Мұны бүйрек-бауырын сатушылар білмейді емес, біледі. Біле тұра, осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені қаржыға мұқтаж. Біз саудагерлердің бірнешеуімен телефон арқылы хабарластық. Қысылғандары тіпті аз сомаға да келісіп отыр. Осындайлардың бірнешеуімен тілдескеннен соң, адам ағзалары қара нарықта қанша тұратынын да санап шығардық. Көбіне донорлар бүйрегін саудаға салады. Құны – орташа есеппен 50 мың доллар. Бауырдың да бағасы осындай. Ал жүрек үш есе қымбат. 150 мың АҚШ доллары. Ұйқы безі 40 мың доллардың айналасында болса, өкпені 70 мың АҚШ долларына алуға болады. Демек, он екі мүшесі сау адамның қара нарықтағы құны шамамен 360 мың доллар.

Николай да заңсыз сауда-саттыққа шарасыздықтан барса керек. Бір емес, екі бірдей мүшесімен ақша үшін қош айтысуға дайын. Николай секілді үрерге иті, сығарға биті жоқ адамдар Украинада жетерлік. Елде 1,5 млн адам жұмыссыз отыр. Ал орташа жалақы Киевтің өзінде біздің валютаға шаққанда 55 мың теңге. Экономикалық дағдарыс трансплантология саласын да тұралатып тұр.

«Өкінішке қарай, бүгінде Украинада трансплантологиямен айналысатын санаулы мекемелер өз күнін өзі көруде. Әзірге мемлекет тарапынан не заңнамалық жағынан, не қаржы жағынан қолдау көрсетіліп жатқан жоқ»,-дейді  Жүрек институтының бас директоры  Борис Тодуров.

Дене мүшелерінің заңсыз саудасын айтпағанда, Украинада трансплантологияның бүгінгі ахуалы мүшкіл. Ал бір кездері адам ағзасын ауыстырып салу бойынша әлемдегі тұңғыш операция осы елде жасалған екен. 1930-жылдары Вороной деген профессор алғаш рет адам бүйрегін трансплантациялаған.

Талқылау