ҰБТ-ны екі рет тапсырып балл жинай алмаған талапкер де ЖОО-ға түсе алады
Елімізде тест тапсырушы талапкерлер екі рет сынақтан өте алады. Егер екі мүмкіндікте де балл жинай алмаса, шартты түрде ЖОО-ға түседі, деп хабарлайды Қазақпарат.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Егер мектеп бітіруші ҰБТ-да қажетті баллды жинай алмаса, оған тестті қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі. Алайда, екінші нәтижемен түлек мемлекеттік білім грантына таласа алмайды, тек ақылы негізде ғана білім ала алады. Бұл жүйе баяғыдан бар. Ал екі мүмкіндікте де тестілеуден өте алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады және бірінші семестрдің соңында кешенді тест тапсырады. Бұл жолы қажетті ұпай жинаса, университеттегі білімін жалғастыра береді. Яғни, балалардың жоғары білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр», – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов талапкерлерді ешкім шешіндіріп тексермейтінін атап өтті. Тест тапсырушы ҰБТ нәтижесін тестілеу орталығының сайтынан, арнайы телеграм-арнадан, сонымен қатар mail.kz поштасынан біле алады.
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 2 маусымнан 1 шілдеге дейін өтеді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.