Уағызын ашулықпен айтқанын мойындаған Абдуғаппар Сманов халықтан кешірім сұрады (видео)
Уағызы қызу талқыға түскен Абдуғаппар Сманов халықтан кешірім сұрады.
Видео Али студиясы өзінің Youtube арнасына жариялады.
«Мені біреу өзбек, біреу ұйғыр тағы басқа атаулар мен атап, аузына келгенін айтып жүр. Мен өзімді таныстырып өтетін болсам, мен Абдуғаппар Сманов Шәкірұлы 1970 жылы 22 ақпанда туғанмын. Мен қазақпын, қазақтың ішіндегі Сейіт қожасымын. Бірақ біз ешқашан мынау қазақ, мынау қожа деп айтқан емеспіз. Менің көп уағыздарымның арасына өзбек сөздерінің аралысып кетуінің себебі мен Қырғызстанда өзбектердің қолында оқығанмын. Сонымен бірге бізге өзбектің шекарасы өте жақын. Бірақ мұнда тұрған еш айып жоқ. Адамдар орысша сөйлеп жатыр, оған ешкім қарсылық көрсетіп жатқан жоқ. Кім қанша тіл білсе де өзінің тілін, дінін ұмытпасын, соның өзі жеткілікті», — деді Абдуғаппар Сманов.
«Мен бүкіл халықтан кешірім сұраймын. Өте қатты айтып қойған мәселелер болған. Самауырды су алды десе, Самарқанды су алды дегендей қылып, бүтін елге жариялап жібергендер болды. Мен әлбетте халықтан, өзіміздің мұсылман халқынан кешірім сұраудан ұялмаймын да, қысылмаймын да, қорықпаймын. Адам кейбір кезде өзін естен шығарып қоюы мүмкін. Бұл ақиқат нәрсе. Мұндай ашу-ызалар бұдан кейін болмайды деп сөз бере аламын. Біздің айтып жатқан уағыздарымыз кейбір адамдарға тиіп кетіп жатса әлбетте кешірім сұраймыз. Бірақ негізінде шариғат, Құран аяттары айтылған кезде, оның ақиқаты айтылған кезде ақиқатты айтқан адам халықтан кешірім сұрамайды.
Себебі ол өзінің миындағы нәрсені айтып жатқан жоқ, жүрегіндегіні айтып жатқан жоқ. Бәлкім ол күйінгеннен, ашынғанынан Алланың Құранын, Пайғамбар (С.Ғ.С.) хадисін жеткізді. Себебі ертең қиямет бар, ағайын. Қияметте әрбір адам өзінің қара басымен әлек болады. Сол үшін біз ақиқатты айтымыз. Ақиқатты айтып келе жатырмыз. Бірақ бұл кейбір адамдарға жақпайды екен. Менің ешкімнен ала алмай жүрген өшім жоқ. Халық шариғатты түсініп, адал мен арамды ажыратып алатын болса, ата-анасын құрметтеп, өзінің отбасымен тату-тәтті болса бұдан асқан қуаныш, бақыт жоқ. Біздің кейбір сөздеріміз, әсіресе менің кейбір сөздерім қатты тиіп кетіп жатқан болса бүтін халықтың алдында кешірім сұраймын», — дейді Абдуғаппар Сманов.