Тұрмысы төмен отбасынан шыққан 11 жастағы қыздың хаты жұрттың көңілін босатты
Twitter желісінде ұлыбританиялық қыздың хаты танымалдыққа ие болып келеді. 11 жастағы қыз Ұлыбритания парламентінің мүшесі Стивен Тиммске шағымданып, отбасындағы қиын жағдайы туралы жазған, деп жазады Stan.kz.
Қыз өзінің 7 адамнан тұратын отбасы аядай бір бөлмеде тұрып жатқанын жазыпты. Ол екі әпкесімен бірге еденде ұйықтайды екен.
Өз сөзінде қыз күн сайын анасының жылағанын көретінін, өзінің де көз жасын ұстай алмай, еңіреп қоя беретінін жазған.
«Қатарластарымның туған күніне бармаймын. Себебі кейін оларды да қонаққа шақыруым керек болады. Ал отбасымның қонақ қабылдайтын жағдайы жоқ», - деп жазған ол хатта.
Оқушы қыз өзіне ешкімнің қамқорлық танытпайтынын, тіпті, ешкім өзін бақытты күйде көргісі келмейтінін айтады.
«Мен сіздерге бәрі бір екенін білемін. Себебі олай болмаса, сіздер маған көмектесер едіңіздер», - дейді ол.
Хаттың авторы өзінің қиындықтары туралы айтқысы келмейтінін жазған. Алайда басқа амалым жоқ, әйтпесе, ешкім көмектеспейді, дейді қыз.
Желіде тараған хат қолданушылардың көңілін босатты. Желі қолданушылары хатты оқығаннан кейін жүрегі ауырып, қарапайым адамдардың қиындықтарын ешкім елемейтінін жазған.
«Үкімет өздерін құтқару үшін миллиардтаған ақша жұмсауда. Ал ол ақша кімге тиесілі болса, сол адамдарға берілуі тиіс», - дейді лондондық тұрғын.
Қызға жаны ашыған қолданушылар үкімет мүшелері оның отбасына көмектеседі деп үміттенді. Ал өзгелері қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасыға көмек қолын созуды ұсынды.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.