Түркістан облысында сұлулық салонында қасына татуаж жасатқан әйел өліп қала жаздады
Түркістан облысының Жетісай қаласында сұлулық салонына барған әйел өліп қала жаздады. Ол қасына татуаж жасатқаннан кейін жағдайы нашарлап кетіп, ауруханаға түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ басылымына сілтеме жасап Stan.kz.
Сурет: ERNUR.KZ
Оқиға 25 наурызда орын алған. Жетісай қаласының тұрғыны жергілікті сұлулық салондарының біріне барып, қасына татуаж жасатады. Алайда артынша Құралай Өтегенованың жағдайы нашарлап кеткен. Ол үйіне келгеннен кейін қызуы көтеріліп, бет-аузы ісе бастапты.
«Қасымды Айдана есімді шеберге істеттім. Басында бәрі жақсы болды. Үйге келген соң қызуым көтеріліп, бет-ауызым ісіне бастады. Болмаған соң қасымды боятқан келіншекке қоңырау шалып, мән-жайды айттым. «Ондай-ондай болады, әпше», - деген Айдана нақты ештеңе айтпады», - дейді ол.
Өтегенованың сөзінше, бастапқыда ол басылатын шығар деп үміттені, ешқандай әрекет жасамаған. Алайда біраз уақыттан кейін қасы қышып, жағдайы нашарлай бастапты. Осыдан соң ол жәдел жәрдем шақыртуға мәжбүр болған.
Сұлулық салонының маманы оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал Құралай Өтегенова бүгінде аудандық ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлер оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын айтады.
«Науқастың жедел жәрдеммен ауруханаға келгені рас. Қасынан аллергия беріп, бет-ауызы іскен. Біз тексере келе «контактілі дерматит» деген диагноз қойдық. Науқастың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, өміріне ешқандай қауіп жоқ. Дексометизон, аллергофест екпелері жасалып, гидрокартизон жақпа майы белгіленген. Енді азаматшаға иіс сабындар мен иіс суларды, цитрусты өнімдерді пайдалануға болмайды. Бізден ем қабылдап шыққан соң аллергоорталыққа барып толық тексеруден өтуі, есепке тұруы керек» - дейді терапия бөлімінің меңгерушісі Халима Айдарбекова.