Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төреғали қазақтың мінезсіз ұлтқа айналғанын айтып күйінді

«Ұлы дала комедиясы» Төреғали Төреәлі дәл осындай атаумен жарыққа шыққан фильмінің тұсауын кесті. Атышулы әншінің жаңа жобасының жабық көрсетіліміне Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі де қатысып қайтқан еді. Тың туындының таспалануына тыңдарманға тентек қылықтарымен тез танылған Төрештің басынан өткен оқиғалары себеп болған.

Төреғали Төреәлі

Ашушаң мінезімен талай сынға ұшыраған әнші, өзі басты рөлді сомдаған кинода да бұрынғы болмысынан алшақтамаған.

«Мінезсіз адам бола ма? Біздің зиялы қауым зардап шегіп жатқан жеріміз, ақсап тұрған тұсымыз деп, мінезсіздігімізді айтып жатқан жоқ па?! Біз қазір мінезінен айырылып бара жатқан ұлтқа айналып бара жатырмыз ғой. Мінезді әрдайым өзімен бірге алып жүру керек, ағайын. Біз қазақ қайсар мінезді, қайтпайтын халық болғаннан кейін, осындай егемендікке қол жеткізіп отырмыз», – дейді Төреғали.

Бірақ Төрештің тұзы жеңіл. Әр қадамы жұрттың жіті назарындағы әншіні жанжалдың ортасынан жиі көреді көпшілік. Фильмнің алғашқы минуттарында «жұлдыз» сырқатына шалдыққан ол, соңында қой аузынан шөп алмас пендеге айналады. Бұл өнер иесінің кинодағы образы! Өнерпаз өмірде де әрдайым жақсы адам болуға тырысады, бірақ дегені бола қоймайды екен.

«Тырысып жүрміз жақсы адам болуға. Жақсы адамның рөлін ойнау оңай, жақсы адам болып қалу қиын. Әркімге де оңай емес қой. Тырысамын. Сіздер менімен бірге болсаңыздар, әрқашанда мен сіздермен біргемін. Осы өмірде соңына дейін бірге сүріп тастайықшы», – дейді атышулы әнші.

Төреғали Төреәлі

Алты Алашқа алғашқыда ақындығымен танылған Төреғали соңғы жылдары әнші ретінде ауқымды аудитория жинап үлгерді. Биыл «Ұлы дала» баласы» атты толқыметрлі картинада басты кейіпкерді сомдап, көзіқарақты көрерменге актерлық шеберлігін көрсетті. Алдағы уақытта әмбебап әртіс қай қырына көп көңіл бөлмек? Бұл тұсаукесерде хитменге жолданған кезекті сауалдардың бірі.

«Жігітке жеті өнер де аз дейтін қазақ, бірде жетпіс өнер де аз» – деп айтады,. Қарасаңыздар Елбасымыздың өзі сегіз қырлы, бір сырлы ғой. Қолдан келсе сол кісінің жолымен жүргенге жетсін. Жақында Асанәлі Әшімов атамыз театр ашты. Өзінің студенттерінен жиналған ұжымда «Ұлы дала комедиясында» басты рөлді сомдаған Мәдина Оспан есімді актриса сонда жұмыс жасайды. Менің де сол театрға кіргім келіп жүр», – дейді Төреғали Төреәлі.

Өткен жылы Алматыдағы зәулім сарайда «Айхай 25» атты бес күн қатарынан концерт өткізіп, үш жыл жасырған жұбайын жұртқа таныстырған Төреғали, биыл әкесі демеушілік еткен кинокартинаның тұсауын кесуді жөн көрген. Әр туған күнінде тың жаңалықтарымен бөлісетін хитмен, келесі жылдың қазанында халықты қандай тосын-сыймен қуантатын да астарлап жеткізді.

«Келесі жылы мультфильм түсіретін шығармыз. (күледі) Оны да бір көрейік. Болмаса (ужас) қорқынышты кино түсірейік. Осы киномыз қатты сынға ұшырап кетпей, кішкене-кішкене ескертуге ие болсақ жетеді», – деп әзілдеді Ұлы дала баласы.

Айта кетейік, «Ұлы дала комедиясы» Төреғалидың өткен өміріндегі жайсыз жайттарды суреттейтін картина. Атышулы әншінің шынайы бет-бейнесін, отбасылық өмірін және сахна сыртындағы сырын сипаттайтын кинотуынды 18-ші қазаннан бастап үлкен экранға жол тартпақ!

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау