Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төлешовтың тоқалдары тұрған үйлер кімнің меншігіне өтті? (фото)

«Мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды, салық төлемеді және салықтан жалтару әрекеттерін істеді, есепке алынбаған сыра шығарып, сатты, пара берді» деген айыптармен 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовтің мал-мүлкі де кәмпескеленгені мәлім. Сол тәркіленген мүліктері саудаға шығарылғаны да белгілі. Мысалы, зауыттан 2005 жылы шыққан Rolls-Royce Phantom 40 миллион 150 мың теңгеге бағаланған.

Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлайды.

Алайда көліктер сатылмай тұр. Аукционға бағасын екі есеге түсіріп қойған, тағы өтпеген. Солай жалғаса берсе, төртінші аукционда 1 теңгеге түсіреді. Жалпы Төлешовтің 22 автомобилі тәркіленген. Жартысын мемлекеттік, оның ішінде арнайы органдардың балансына берген.

Бұл – Тоқтар Төлешовтың бір отбасына тиесілі болған зәулім үйдің бірі. Бір аулада қос ғимарат. Біреуінің аумағының өзі 408 шаршы метр. Алайда қазіргі күйіне қарап бақуатты жандар тұрған баспана деуге келмейді. Өйткені көріп тұрғанымыздай, барлығын бұзып, шешіп әкеткен. Тіпті баспалдақтың таянышын да. Бұл үй бүгінде біршама жөндеуді қажет етеді. Өйткені терезе мен қабырғадан өзге ештеңе жоқ. Есік, еден жабыны, жылу жүйелері секілді жабдықтар орнату қажет.

“Көп нәрселерді алып кеткен енді, көріп тұрсыздар, төбесіндегіні алып кеткен. Мына жерлерде есіктері болған. Есіктерінің бәрін алып кеткен. Енді бұл жерге біраз қаржы жұмсалып, жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Терезелері де былай құлаған, қайтып орнына орнатты. Батареялары жоқ”, – дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Пазылхан Асауов.

Элиталы аудан санатына жататын «Шапағат» шағын ауданындағы 2 үйге тиесілі жер көлемі 16 сотық. Құны 125 млн теңгеге бағаланған. Ауладағы мәрмәр тастан жасалған хауыз, үлкен бассейн отбасы мүшелерінің жайлы өмір сүргенінің белгісі. Бүгінде қараусыз қалған дүниеге енді білім бөлімі иелік етеді. Тамыздың соңында берілген нысандар балалар көркемсурет мектебіне бұйырды. Тек 745 шаршы метрлік қос баспананы қолданысқа беру үшін алдымен ақша керек.

“Қазіргі таңда сметалық құжаттары дайындалып, мәслихаттың сессиясына қойылады. Сол мәслихаттың сессиясында ақша берілсе, біз конкурсқа қойып, мердігерді анықтап, жұмыс жүргізетін боламыз”, – деді Асауов.

Үйдің сән-салтанатты болғаны көрініп тұр. Әр бөлмеде жеке жуыну бөлмесі. Сенімді дерек көздерінің ақпарына сүйенсек, мұндағы кафельдерді шетелден арнайы тапсырыспен алдыртқан көрінеді. Енді оның түкке де қажеті жоқ. Өнерлі балғындарды тәрбиелейтін мекеме мұнда өз жоспарын құрып та қойыпты. Сәтін салса, жаңа жылға дейін мұнда балалар бейнелеу өнерімен шұғылданатын болады. Көркемсурет мектебінің ұжымы тездетіп қоныс аударғысы бар. Қазір 13,5 млн теңгеге смета жасалғанын айтты.

“Біз екі ғимартты да қолданбақпыз. Мектебімізде 450 бала бар. 34 топ жұмыс істейді. Одан бөлек дәріс берушілер бар. Баня, сауна, бассейн дегендерді түгел алып тастаймыз. Қазір бір мектептің ғимаратында отырмыз. Онда көп мүмкіндік жоқ. Ал мұнда кітапханамызға да арнайы бөлме табылып тұрғаны қуантады”, – дейді Балалар көркемсурет мектебінің шаруашылық меңгерушісі Лидия Вишенина.

Бізге мәлім болғандай бұл үйлерде Тоқтар Төлешовтың үшінші отбасы тұрып келіпті. Сол үшінші үйдегі келіншек мұнда жөндеу жұмыстарын бастаған беті екен. Бірақ жоспары аяқсыз қалған. Аяқталмаған ауқымды жұмыстың бірі жер асты өткелі. Қазір ортада ойық боп қазылған шұқыр жатыр. Ол екі үйді қосатын жер асты жолы болуы тиіс екен, яғни бір үйдің жертөлесіндегі бассейн, саунаға екінші үйден сыртқа шықпай-ақ кіріп-шығу үшін. Төлешовтен тәркіленіп, сот шешімімен қалалық әкімдіктің меншігіне өткен тағы екі үй бар. Оның бірі сүріледі. Апатты деп танылған. Әкімдікке өткен тұрғын жайдың және бірі Бекет батыр көшесіндегі еңселі баспана. Онда Төлешовтың үлкен отбасы тұрған деседі.

“Қазіргі таңда сот өтті. Енді сол постонавление алдық, енді қазір уже шешім болады, қай қажеттілігіне оны пайдалануға. Қала акиматы шешеді оны. Қазіргі таңда олар тұрды, тұрып жатыр. Енді сот бітті, аяқталды,енді шешімі шығып жатыр о выселение. Босатады. Енді сот бар, соттың шешімі бізге бәрімізге заң”, – дейді Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров.

Айта кетейік, Төлешовтен төрт үйден бөлек, тоғыз жер телімі тәркіленген. Тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансына ұзын саны 13 нысан өтіпті.

“Жер учаскелері бойынша барлығы 4 мың шаршы метрді құрайды. Оларды қазіргі таңда қала қажеттілігі бойынша құрылыс жоспарланып отыр, сол жақта жатақхана немесе қызметтік пәтер соғылуына”, – деді Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров.

Ал атағы жер жарған «Шымкент сыра» зауытының бүгінгі қожайыны басқа. Қарызын уақытылы өтей алмағандықтан банктің қарауына өткен. Қазір зауыт бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. Кәсіпорынды жүргізіп отырған «АТФ Банкіне» қарасты еншілес компания.

“АТФ Банк” тікелей иелік етпейді. Зауытты банктің еншілес компаниясы басқарады, яғни «Шымкент сыра қайнату зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл жерде қарыз мәселесі 2014-15 жылдардан басталды. Зауыт өз қарызын өтемей қойғаннан соң біз сотқа жүгіндік. Сот шешімімен зауыттың банк алдындағы берешегі 28 млрд теңге болды”, – дейді “Шымкент сыра қайнату” ЖШС директоры Елдос Жұмабаев.

Зауыт осы жылдың сәуір айынан бастап аталған серіктестіктің еншісінде. Басшылық ауысқалы кәсіпорында көптеген ілгерілеушілік бар деседі. Мәселен, жаңадан жүздеген жұмысшы қабылданып, бірқатарының жалақысы өскен. Өзбек және қырғыз ағайындарға жіберілетін өнім қалпына келтіріліпті. Жылына 200 млн. литр сыра шығаруға қуатты зауыттың Ресей мен Қытайға да өнім экспорттау жоспары бар. Тоқтар Төлешов дәл осы «Шымкенттің салқын сырасымен» дүйім жұртқа танымал-тын. Бизнесмен “талай істің” басы–қасында жүргені белгілі. Алайда қазір Төлешовтың отбасы мүшелері, олардың қарекеті жайлы ешкім тіс жармайды. Өздері де. Біз сенімді дерек көздерден білген ақпаратымыз бойынша Тоқтар Төлешовтың кәмелет жасына толмаған 11 баласы бар. Олардың кенжесі 1 жасқа да толмаған. Бірақ сот оларға дүние-мүлік қалдырды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі – Төлешовтен тәркіленген темір тұлпарлар саудаланып жатыр. «Сыра короліне» тиесілі 22 автокөлік кәмпескеленген. Ең қымбат көлігі Rolls-Royce небәрі 1 теңгеге сатылуы мүмкін. Оның бастапқы бағасы 40 млн теңге болған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті электронды түрде өткен сатылымда екі рет өтпей қалған көлікті үшінші рет саудаға қойғалы отыр. Екінші аукционда оның құны екі есе төмендетіліп шығарылды. Бірақ сатып алуға ешкім ниет білдірмеген.

“Ал егер де үшінші сауда-саттықта, аукционда өтпеген жағдайда оның бағасы 1 теңгеге дейін төмендетіліп, сауда-саттыққа қойылатын болады. Яғни бізбен тәркіленген мүліктер сауда-саттықтан кейін өтпеген жағдайда қатысушыларға автокөліктерді 1 теңгеге дейін төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкіншіліктері бар”, – дейді ОҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ғалым Қасымбеков.

Айтпақшы, Төлешовке тиесілі болған фосфоршылар сарайы бойынша басталған сот әлі жүріп жатыр. Аталған мәдениет үйі де қалалық әкімдіктің балансына өтуі мүмкін екен.

Оқи отырыңыз:

Ақтауда ресейлік турист шұбат ішуден жарысып таңғалдырды

Оралда кондуктор 10 теңге үшін оқушыны аялдамадан түсірмей қойған

Қостанайлық полицейлер 10 жасар баланы анасының рұқсатынсыз көлікке отырғызып әкеткен

Алматыда күйеуімен ажырасқан әйел екі айдан бері балаларымен далада түнеп жүр

Талқылау