"Толық сенемін": Назарбаев президенттікке Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды
23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында басталған Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезіне Қазақстанның тұңғыш президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: Азаттық радиосы
"Дағдарыс заманында елімізді тұрғыздық. Елде, әлемде лайық өмір сүруге болатынын дәлелдедік. (...) 30-ға жуық жыл бойы халық маған сенді. Қандай қиын кезең болмасын, халқым менің соңымнан ерді. Сол үшін еліме ризамын, алғысым шексіз. Елдің бұрынғы басшысы ретінде мені елімнің болашағы уайымдатады", - деп бастады сөзін президент.
Сондай-ақ, Назарабев өз сөзінде Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіргенін және елдегі кедейлік деңгейі 10% төмендегенін айта кетті. Қазақстанның тұңғыш президенті Қазақстан Халқы Ассамблеясының жұмысын одан әрі жалғастыратынын, қызметін белсенді түрде жүргізетінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының атынана қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып, оған сенетінін жеткізді. Ол съезд қатысушыларын Тоқаевты қолдауға шақырды.
"Мен оны қаншама жылдан бері білемін. Еліміздегі жоғарғы лауазымға кандидат атануға ең лайықты адам деп есептеймін. Мен оған толық сенемін", - деді Назарбаев.