Журналист Руслан Бөлебай қайтыс болардан біраз күн бұрын “сендерге Алматының төбесінен қарап тұрам” деген

Ол – киелі мекен саналатын Шиелі топырағынан түлеп ұшып, жасындай жарқылдаған шоқжұлдыз еді. Ол – әріптестеріне берген сұхбатында: «жігітке жеті өнер де аз» деп әлі сан түрлі өнерімен танылатынын жеткізген еді.

Руслан Бөлебай
Ол – «Қайырлы таң – Қазақ елі» деп өзінің жылы шырайымен күллі Алаш елін оятатын жарқын бейне еді. Сол жарқын бейнесімен де әрбір көрерменнің жүрегінен орын таба білген аяулы жан еді, деп жазады аудандық “Өскен өңір” газеті.
Біздің кім жайында әңгіме өрбіткелі отырғанымызды сезген де шығарсыздар. Біліп отырған да шығарсыздар, көзі қарақты оқырман! Иә, дәл сол жарқылдаған Руслан жайлы. Дәл сол жадыраған жан жайлы. Дәл сол жасындай жарқ етіп, ағып түскен жарық жұлдыз жайлы болмақ бұл мақаламыз.
Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай. Өлімі өзінікі болғанмен, өмірі өзгенікі болған аяулы Русланның туған күні таяп қалыпты. Алланың нұры – көктемгі ақ жауындай көпке нұрын шашып, қуаныш таңдарын сыйлаған жан еді. О бастан өлмек айқын. Бұл пәниде темір өзекті пенде жоқ. Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген Руслан Бөлебайды өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны болды сол кездері.
Мамырдың 16-сы күні қазақ журналистикасында өзіндік із қалдырып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Руслан Бөлебайдың туған күні. Жас та болса, елдің сүйіктісіне айналып үлгерген марқұм журналист тірі болса, бүгінде туған күнін дүркіретіп жатар ма еді?…
Талантты журналист Руслан Бөлебай 2009 жылдың шілде айында жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндірді. Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған журналисттің қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады.
Осынау ақ маңдайлы қазақтың бірегей ұлы – Руслан Бөлебай журналистикаға 2002-де қадам басқан еді. Сол жылдары республикалық «Ұлан», «Қазақ университеті» газеттерімен қатар,
«Ара» журналында қызмет атқарды. Мұнан әрі сегіз қырлы, бір сырлы азамат телеарнада қарым-қабілетін көрсете білген еді. НТК телеарнасының жаңалықтар бөлімінің тілшісі бола жүріп, Ретро ҒМ радиосында жүргізушілік қызметтің қыр-сырын меңгерді. Сондай-ақ, «Азамат кз» газетінде өткір ойлы мақалаларымен танылды. Қанаты қатайған тұста КТК арнасындағы «Шарайна» сараптамалық-бағдарламасының тілшісі және «Күндерек» жаңалықтар шығарылымының жүргізушісі болды. Ал, 2007 жылдың қаңтар айынан Қазақстан ұлттық телеарнасында «Таңшолпан» бағдарламасының тележүргізушісі болып қызмет етті.
Сол қызметі барысында туған өлкесінің бірегей тұлғалары Қ.Түменбай, А.Айып, Н.Елтайды студияға шақырып, сұхбат жасағанында киелі өлкеден тебіренбеген жан болмаған шығар, сірә да. Әрдайым жайдары жүзімен, жалынды жігерімен айналасына шуақ шашып жүретін жігіттің өнерде де өз асуы болды. «Сағындырған әндер-ай» жобасының тұрақты жүргізушісі бола жүріп, ән әлемінде де өзінің қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізген Руслан Бөлебай бүгінде тірі болса 33 жасқа келер еді.
Телеэкранда өзінің жеке дара жүргізушілік талантымен танылған Руслан Әбдісаттарұлы елімізге белгілі асқақ тұлға Мұхтар Шахановтың, ҚР Халық әртістері Мақпал Жүнісованың, Майра Ілиясованың, Бақтияр Тайлақбаевтың, Маржан Арапбаеваның, жас қобызшы Акерке Тәжібаеваның және тағы да басқа ақын-жазушылардың, әншілердің, өнер жұлдыздарының жеке шығармашылық кештерін жүргізді.
Соңғы кездері тілшілік қызметтен бөлек, Руслан әншілікті де қатар алып жүрді. «Кең дала», «Сен болмасаң», «Жанарым», «Елес», «Мөлдір моншақтар», «Кешікпей келем деп ең», «Махаббатпен ойнама сен», «Іңкәрім-ай» әндерін нақышына келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленген еді.
Осы тұста әкесі Әбдісаттардың: «Балам Руслан Шиелінің 80 жылдығында еліміздің жарық жұлдыздарының өзім түлеп ұшқан өлкеге келіп, торқалы тойдың құрметті қонақтары болуына, мерейлі мерекенің дүбірлі өтуіне атсалысам деген арманы тек арман күйінде қалды ғой» деген көкейінде тұншығып жеткізген ойын естіп, жанарымызға жас үйірілді.
Ажал айтып келсін бе?! Небәрі 24 жасында жасындай жарқ етіп өте шыққан белгілі тележурналист, әнші Руслан Бөлебайдың арамыздан кеткеніне де 9 жыл толыпты. Соңында қалған ел-жұрты мен көзі қарақты көрерменнің қолынан келетіні рухына құран бағыштап, дұға жасау ғана. Ал, Шиелі кентіндегі көшелердің біріне Руслан Бөлебайдың есімі беріліп, ескерткіш тақта орнатылуы – жасын жастың рухына көрсетілген құрмет еді.
Русланның өте еңбекқор, жастайынан көптеген істі тындырып үлгерген, ұлтжанды журналист екендігін оның әріптестері де еске алып, жылы естеліктерін жазады. Русланмен бірге телевизияның қазанында біте қайнасқан құрбысы Татьяна Прилепина Руслан туралы естеліктерін жариялады.
– Ол менімен әдейі қазақша сөйлесетін. Рахмет. Русланның арқасында мен қазақша түсініп, сөйлей алатын болдым. Ешнәрсеге мұңаймай, күліп жүруді үйретті. «Таня, қойши!», – дейтін ол. Мұны қалай айтатыны да есімде», – деп еске алады ол. Оның досы болған қобызшы Ақерке Тәжібаева оның өмірінің соңғы кезеңдерін былай еске алады.
– Руслан өмірден озарынан 2-3 күн бұрын Көктөбеге шығайық деген. Көктөбеге шығып, Руслан: «Кейін мен сендерге Алматының төбесінен қарап тұрамын, – дегені бар.
Түрлі тақырыптарды қозғап, көрерменнің ойындағысын дөп басатын Русланның қай хабары да сәтті шығып, көрермендерінен қолдау тауып отырды. Біздің бір білгеніміз, Русланның жасаған соңғы хабары көлік апаты және одан сақтану жолдары туралы болған екен. Өзі де сол жағдайдың құрбаны болып кете барды. Қандай өкінішті…
Тағы да оқыңыз:

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
21.05.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар