"Тауық пен жұмыртқа кіріске есептелмейді": Сапарбаев әлеуметтік көмек төңірегіндегі дауға нүкте қойды
ҚР Еңбек министрі Бердібек Сапарбаев бау-бақшада өсіп тұрған жеміс-жидектің және жиһаздың кіріс ретінде саналмайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
"Атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде табысты есептеуде түсінбеушілік орнап отыр. Әсіресе, отбасылардың мал-мүлік, егін мен жиһазына қатысты. Жиһазды есептемеу керек. Біз үй-үйді араламаңдар деп тапсырма бердік. Өйткені ауыл мен қалаларда отбасының кірісі мен шығысына қатысты мәліметтер бар. Тек қандай да бір сұрақ туындаған кезде комиссия сол отбасының үйіне барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтуына болады", - деді Сапарбаев үкіметте өткен баспасөз кезінде.
Сондай-ақ, министр тауық пен жұмыртқаның кіріс ретінде есептелмейтініне тоқталды.
"Үйіне барып, ешкім тоңазытқышын ашып қарай алмайды. Алмасы, шиесі, құлпынайы, басқасы бар, жеміс-жидек, көкөніс – мұның барлығы есептелмейді. Кейбір адам табыстың ешқайсысын есептемеу керек деген ұсыныс жасап жатыр. Мұндай масылдық жарамайды. Табысты біз есептеуге тиіспіз. Кішкене баладан үлкен кісіге дейін еңбектенуге үйретуіміз керек. Әйтпесе, жарамайды", - дейді Сапарбаев.