Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәуелсіздік ұрпақтары": Жобасы үздіктер қатарынан көрініп, Тоқаевтың қолынан үш миллион теңге алған алматылықтар бағдарлама туралы тәжирибесімен бөлісті

“Ұлттық рухани жаңғыру” ұлттық жобасының аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шығармашыл жастардың идеясын жүзеге асыру үшін былтыр алғаш рет “Тәуелсіздік ұрпақтары” жобасы жарияланған. Жеңімпаздардың әрқайсысы 3 миллион теңгенің грантын ұтып алды. Оның негізгі мақсаты жастардың идеялары мен шығармашылық бастамаларын қолдау еді. Нәтижесінде 410 өтінімнің ішінен еліміздің 12 өңірінен үздік деген 30 жоба іріктелді. Жеңімпаздар арасында үш алматылық бар. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты иегерлерінің бірі – Кенжеғали Cмаилов. Ол Satbayev University КЕАҚ жанындағы Металлургия және кен байыту институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта гидрометаллургиялық жолмен тотыққан никель-кобальті бар кендерді кешенді өңдеу мәселелерімен айналысып жүр. 

“Тәуелсіздік ұрпақтары бағдарламасын әлеуметтік желілерден оқып көрдім және “неге қатысып бағымды сынап көрмеске” деген ой келді. Жобамды ғылым бағытында қорғадым. Осы арқылы еліміздегі тау-кен өндірісіндегі, соның ішінде никель-кобальті бар тотыққан кендерді өндеудегі мәселелерді тиімді шешуге, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табыстылықты артыруға арналған жаңа гидрометаллургиялық әдіс жасап шыққым келді”, – дейді ол. 

Кенжеғали Смаиловтың сөзінше, никель мен кобальтті болашақтың металдары десе де болады, себебі қазіргі таңда аккумуляторлық батареялары жасауда аталған металлдардың алатын орны ерекше.

Кенжеғали Смаилов

“Елімізде 45-ке жуық никель-кобальтті кен орындары бар десек, онын 20-сы ғана өнделуде. Кейбір кен орындарында никельді алу 70%-дан, ал кобальтті алу 30%-дан аспайды. Онымен қоса қолданыстағы технологиялардың көптеген кемшілігі бар.

Атап айтсақ, өндірісте жоғары температураны, уытты әрі қымбат реактивтерді қолдану, металлдарды алудың төменгі экстракциясы деген секілді жалғаса береді. Сол себепті жобаның мақсатын осы аталған күрделі мәселелерді шешуге, инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс көзін ашуға бағыттап отырмыз”, – дейді ғылыми қызметкер. 

Ол гранттан ұтып алған қаражатын қолға алған жобаларын жүзеге асыруға жұмсамақ. 

“Басында бұл грантты ұтамын деп ойлағам жоқ. Өте қуанышты болдым. Президентіміздің қолынан Ақордада салтанатты түрде грант сертификатын алу мен үшін үлкен жетістік болды. Жүлдені ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға жұмсадым. Жоба әлі аяқталған жоқ, желтоқсан айына дейін жалғасады. Бірақ әрі қарай логикалық жалғасын табады деген ойдамын”, – дейді Кенжеғали Смаилов. 

Бұнымен қоса ғалым ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған "Тәуелсіздік ұрпақтары" жобасы өте жоғары деңгейде өткенін, алдағы уақытта жоба жалғасын таба береді деп үміттенетінін жеткізді. 

“Ғылым” бағыты бойынша тағы бір грантты Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің постдоктаранты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Күнсұлу Пірманова ұтып алды. 

“Негізі ғылыммен айналысамын. Оның ішінде лингвистика, яғни қолданбалы тіл білімі саласында жұмыс атқарамын. Корпустық лингвистика, статистикалық лингвистика, сөзжасам, лексикография, математикалық жолдар арқылы тілдегі сандық көрсеткіштерді талдаймын. Сонымен қатар “мемлекеттік тілді кешенді оқыту” атты өзімнің авторлық әдістемем бойынша оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметкерлерге, жеке кәсіпкерлерге сабақ беремін. Бұнымен қоса Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде оқытушы болып істеймін”, – дейді ол. 

Күнсұлу Пірманова бағдарлама туралы алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қызметкерлерінен біліп, бағын сынап көруге шешім қабылдағанын айтады. 

“Тәуелсіздік ұрпақтарына” конкурс былтыр алғаш рет жарияланды. Сондықтан оны көпшілік біле бермеді деп ойлаймын. Бағдарлама туралы айта кетсем, әртүрлі крийтерийлер болды.

Біріншісі жобаңның сипаттамасын жазып, кейін оны 1 минуттық видеомен таныстырып жіберу керек. Солайша жолдасым екеуміз жоба туралы видео дайындап, конкурсқа жібердік. Демалыс күндерінің бірінде поштама хат келді. Қарасам “ғылым” бағыты бойынша өттіңіз деген хабарлама келіп тұр. Ғылыммен айналысып жүргенде түрлі жобаларға қатысып, жетекші болсам екен деп армандайтынмын. Ғылым жолында белгілі бір жоба ұсынып, жетекші болып, жеңіс тұғырынан көріну біздің саламызда жоғары көрсеткіш саналады”, – дейді Пірманова. 

Күнсұлу Пірманова

Сондай-ақ ғылыми қызметкер биыл конкурсқа қатысуға екінші рет өтінім беріп, екінші жобасын жіберіп үлгерген.

“Былтыр “ғылым” саласы бойынша жоба қорғадым. Жоба тақырыбы “Абай шығармаларының лингвостатистикасы” деп аталады. Мақсаты –  Абай шығармаларын толық қамтып, туындылары негізінде жиілік сөздіктер шығару. Ақырында осы тақырыппен төрт жанрда төрт түрлі жиілік сөздік шығарамыз деген тоқтамға келгенбіз. Өйткені кез келген дамыған мемлекеттерде, тілде мұндай сөздіктер болады. Бүгінде соларды дайындап жатқан жайымыз бар”, – дейді ол. 

Күнсұлу Пірманова ерік-жігері мен еңбегі міндетті түрде ақталатынына сеніп, соңына дейін жеңіске үмітті болғанын жеткізді. 

“Бағдарлама грантын ұтып алғандағы сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Басынан бастап, “қайтсем де ұтамын, жеңіске жетемін” деген ойым болған еді. Марапаттау рәсімі Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен өтті. Әрқайсысымызға ақшалай сыйақы ретінде 3 миллион теңгеден берілді. Әрине, біз бұл ақшаны оңды-солды жұмсай алмаймыз. Бағдарламаға қатыспай тұрып біз жобамызды жүзеге асыру үшін шығыстар сметасын ұсынған болатынбыз. Ұтқан жағдайда өзіміз ұсынған сол смета бойынша жұмыс атқару керек”, – деп бөлісті постдоктарант. 

Айтуынша, қазіргі таңда осы аталған қаражатқа жұмысқа қатысты қажетті құрылғылар мен техникалар алған.

“Көбісі үш миллионды алғаннан кейін жеке мүддесіне жаратады деп ойлайды. Бірақ біз әр алған дүниелеріміздің түбіртегін министрлікке жіберіп отырамыз. Қазіргі таңда жоба бойынша сайт жасау үстіндеміз. Келесі жылға дейін порталды іске қосатын боламыз. Ол тек жобамен шектеліп қалатын сайт емес, басқа қызықты, тың идеялар жарияланатын ғылыми-танымдық портал болады”, – дейді Күнсұлу Пірманова. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған президент бастамасы ғылым, IT, бизнес, медиа секілді салаларды қамтыды.

“Жоба жеңімпаздары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы кезінде марапатталды. Алғыс грамотасы мен сертификатты табыстаған кезде ерекше әсер мен мотивация алдым. Астанада “Тәуелсіздік ұрпақтары” жобасының алғашқы грант иегерлері деп бізге ерекше құрмет көрсетілді. Ақордаға кірмей тұрып бізге “сіздер тарихта қаласыздар” өйткені жоба бұдан кейін де жалғасын табады, “ал сіздер алғашқы грант иегерлерісіздер” деген сөздер бізге жігер берді. Тәуелсіздік ұрпақтары - армандаған жобаңызды іске асыруға жан-жақты көмек беретін шынайы, ең бастысы әділ конкурс!”, – дейді грант иегері. 

Сүлейман Демирель атындағы университеттің аға оқытушысы Фарух Машуров та “Тәуелсіздік ұрпақтары” бойынша жеңімпаздардың бірі. “Ғылым” бағыты бойынша алгебралық құрылымдық мәселелерге қатысты жобаның авторы. 

“Мен өз жолымды көптеген адамдар секілді мегаполисті бағындыруға келген қарапайым студент болып бастадым. Тәлімгерлеріммен алғаш танысқаннан бастап, мектептен бері келе жатқан сүйікті пәнім математиканы одан сайын тереңірек оқыдым. Ақыр соңында ғылымға деген қызығушылығым ашылды. Қазіргі уақытта PhD дәрежесін алып, диссертация қорғауға белсенді дайындалудамын. Сонымен қатар ғылыми жобаларды басқарып, зерттеумен айналысамын”, – дейді ол.

Фарух Машуров

Айтуынша оған ғылым жолына түсу оңай болмаған.

“Көптеген оқиға болды, тіпті бәрін тастағым келетін сәттер де болды. Бірақ математикаға, ғылымға деген сүйіспеншілік әрқашан жеңді деп айтамын. Ең бастысы, не істеп жатқаныңызды жақсы көруіңіз керек. Сондай-ақ ең маңыздысы ғылым көбірек зейін қоюды және көп уақытты қажет ететіндіктен адам өзін табандылыққа баулуы керек.

Өз басым күн сайын мақсаттарыма жақындау жолында жұмыс істеймін, оларды үнемі назарымда ұстаймын. Өмір сүрудегі принциптерім бойынша кез келген салада адал болуға тырысамын. Ең алдымен, әрине, өзіңе адал болу керек. Өйткені, білімімнің амплитудасын өзім ғана білемін және ол әрқашан оқуға, көбірек білуге ынталандырады”, – дейді Фарух Машуров. 

Оқытушы “Тәуелсіздік ұрпақтары” бағдарламасы ойға алған ісін жүзеге асыруға үлкен жол ашып отыр. Жоба арқылы білімін одан сайын шыңдаған азамат мемлекеттің осындай мүмкіндік сыйлағанына алғысын білдірді. 

Айта кетсек, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылдың 8 шілдесінде № 469 Үкіметтің қаулысымен "Тәуелсіздік ұрпақтары" атты грант тағайындау бойынша ережелер мен тұжырымдама қабылдады. Үздік отыз жобаға құны үш миллион теңгеден грант тағайындалатын болады. Былтырғы қорытынды бойынша 410 өтінімнің ішінен еліміздің 12 өңірінен үздік 30-ы іріктелді. Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түсетінін, олардың туған ел үшін қызмет етуге құлшынысы қуантатынын айтып, оларды өз қолымен марапаттаған болатын. 

Гранттың негізгі мақсаты – 14-29 жас аралығындағы белсенді, шығармашыл жастарға идеяларын жүзеге асыруға, қолда бар жобаларын дамытуға, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізуге көмектесу. 

Грант бойынша 5 негізгі бағыт белгіленді:

  1. Ғылым саласы. Ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды, зерттеулерді іске асыру;
  2. Мәдениет саласы. Мәдени мұраларды елге таныту. Халықтың ұлттық дәстүрлері мен төл өнерін ілгерілетуге бағытталған жобаларды дамыту;
  3. Ақпараттық технологиялар. Жаңа "IT шешімдер" мен осы саладағы тың жобаларды, оның ішінде стартаптар әзірлеу;
  4. Бизнес саласы. Бұл бағытта экономиканың басым секторларында жаңа бизнес идеяларды іске асыру;
  5. Медиа саласы. Жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент қалыптастыру.
Талқылау