Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тасмағамбетов биыл сайлауға қатыса ала ма? ОСК жауап берді

Орталық сайлау комиссиясы "Соңғы 15 жылдың ішінде дипломатиялық қызметіне байланысты Қазақстан аумағында болмаған, елші не диломатиялық қызметпен айналысатындар сайлауға түсе ала ма?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Тасмағамбетов

"Президенттікке кандидаттарды ұсыну республикалық қоғамдық бірлестіктер құқығында. Қоғамдық бірлестіктер кімді ұсынады, оны өздері шешеді. Кандидаттарды 28 сәуір сағат 18.00-ге дейін ұсына алады. Барлық құжат келіп түскеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы 5 күн ішінде "Сайлау туралы" Конституциялық заңда көрсетілген талаптарға қаншалықты сай екенін тексереді", - деді Баймолдина. 

Журналистер президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар жөнінде ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдинаға сауалдарын қойды. 

- Елші, дипломаттардың сайлауға түсу құқығы бар ма? 

- Біріншіден, елші – саяси мемлекеттік қызметші. Егер ол кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, 40 жастан жас емес, мемлекеттік қызметте 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болса, сотталмаса, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапершілігі болмаса, осы критерий мен талаптар ескеріледі. 

- Соңғы 15 жылда Қазақстанда тұруы тиіс деген талап бар. Егер елші 4 жыл бұрын шетелге елші ретінде барып, қазір Қазақстанда тұрса…

- Өткен президент сайлауларында кандидаттардың бірі Ғани Қасымов бір жылдары дипломатиялық қызметкер болды. (Ғани Қасымов 1999 жылы сайлауға түсті, ал 1994 жылы Францияда дипломатиялық қызмет атқарды – авт.)

- Сіз нақты жауап бермедіңіз?

- Мен нақты жауап бердім, бірақ құжатты қарамай тура айта алмаймын. ОСК алқа құрамымен сот отырысында құжаттарды қарастыратын болады. Сол жерде кандидаттың заң талаптарына сәйкестігін қарап, нақты шешім шығарады. Нақты кандидаттың заң талаптарына сай не сай емесі жөніндегі ОСК алқалық шешімнен кейін сұрақтарыңызды қоя аласыздар.

- Дипломатиялық қызметіне байланысты Қазақстанда тұрмауы оның сайлауға түсуіне кедергі келтірмей ме?

- Мен бұған жауап беріп қойдым. Менің түсіндіргенімді сіздер тыңдап тұрған жоқсыздар. ОСК шешімді бір ғана мүшемен ғана отырып шығармайды. Бұл – алқа органы. Шешім сол кандидаттың нақты жағдайына қатысты қабылданатын болады. 

- Тасмағамбетов елге келіп, сайлауға қатыса ала ма? Ол 2 жылдан бері Ресей аумағында тұрады.

- Егер республикалық қоғамдық бірлестік оның кандидатурасын ұсынатын болса, онда біз құжатын қарай аламыз.

Талқылау