Таразда жаттықтырушы намаз оқып жатқан балаларға жекіп, жайнамазды аяғымен тепкен (видео)
Таразда оқушыларға намаз оқуға тыйым салып, жайнамазды аяғымен тепкен ер адамның видеосы желіде тарап кетті. Сонымен қатар ол намаз оқып, сәждеде жатқан жеткіншектерге жекіп, балағаттап, бөлмеден желкесінен сүйреп алып шыққан, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Жиналыңдар, ей, мен кімге сөйлеп тұрмын?! Кімге сөйлеп тұрмын, жүр, таста!» – дейді ер адам видеода.
Аталған видео желіде тарап кеткеннен кейін бірден жұрттың қызу тақлысына түсті. Сондай-ақ, атқамінерлердің де дүрлігуіне себеп болды. Ал спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков болған жайтты түсіндірді.
Оның сөзінше, оқиға Тараз қаласындағы спорт кешендерінің бірінде орын алған. Бұл кезде дарынды балалар мектеп интернатына футболшыларды іріктеу жиын болған көрінеді.
Бөлмелерінде намаз оқып, құлшылықтарын атқарған оқушыларға жаттықтырушы Алмат Баетов дөрекі мінез көрсеткен.
Өз кезегінде жаттықтырушы болған оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Ал қазіргі уақытта аталған мәселеге қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде.
«Қазіргі уақытта жай-жапсарын анықтап жатырмыз. Алайда педагогикалық әдепті бұзған жаттықтырушы міндетті түрде жұмысынан босатылады. Мұнан әрі де жұмыс істеп, мұндай оқиғаның не себепті орын алғанын анықтаймыз», – дейді Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.