Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда тісін емдетпек болған әйел дәрігерлердің салғырттығынан өзге дертке шалдыққан

Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Қаратау қаласының тұрғыны Шолпан Байтикова тісі ауырған соң, Тараз қаласындағы «Дента-Сервис» тіс емханасына қаралуға барғанын, алайда дәрігерлердің салғырттығынан өзге дертке ұшырағанын айтады.

^A66EB3D47900A7A2FD96662554693CF74F8C3FE18DFD72739B^pimgpsh_fullsize_distrллл

Бұл туралы Stan.kz сайтының Тараздағы тілшісі хабарлайды.

Қаратау қаласының тұрғыны Шолпан Байтикова тісі ауырып маза бермеген соң, Тараз қаласындағы «Дента-Сервис» тіс емханасына қаралуға барған.

Тіс дәрігері Бауыржан  Салыбаев оның төрт тісін бірден емдемек болады. Алайда, Шолпан Байтикова тек екі тісін емдетуге келіседі.

Бағдат Тұрымқұлов есімді дәрігер алдын ала сынақ жасамастан бірден екпе салған. Сол сәтте алдын ала тексерілмеген екпенің салдары мен дәрігерлердің салғырттығынан Шолпанға дем жетпей, қатты қысылады да, дәрігерлер әйелді сыртқа алып шығып, қайта ішке кіргізеді. Алғашқы жәрдем көрсетуге де жарамаған дәрігерлер жаны қиналған әйелге «әне-қояды, міне-қояды» деумен бетіне қарап отыра берген.

Жарты сағатқа жуық уақыттан кейін әйелдің беті бері қарамасына көздері жеткен соң, қоңырау шалып, жедел жәрдем қызметін шақырады. Жедел жәрдем Шолпанды №2 қалалық аурухананың жан сақтау бөліме жатқызады. Аурухана дәрігерлері аянбай ат салысып, әйелді бір апта сол ауруханада емдейді.

№2 аурухана дәрігерлерінің қорытындысы бойынша әйелге «Убистезин» екпесінен аллергиялық реакция берген екен. Сондықтан І дәрежедегі анафилаксиялық шок диагнозы қойылған. Тіс емдетемін деп, өзге дертке шалдыққан әйел ауруханадан шыға сала Тараз қалалық ішкі істер басқармасына «Дента-сервис» тіс емханасының салғырттығын айтып арыз жазған.

^7E35307888AF3BAEF079941E66F54493B2CB2518B97593614F^pimgpsh_fullsize_distr

“Арызымды тергеуші Назгүл Жампозова қабылдады. Менің бір білерім денім сау еді. Міне, күні бүгінге дейін бірнеше рет ұстама ұстап, аяқ қолым тырысып, дірілдеп, ауа жетпей құладым. Алайда, Жампозова арызымды аяқсыз қалдырған соң, Денсаулық сақтау министрлігіне, Ішкі Істер министрлігіне болған жайды айтып арыздандым. Кейін «Жампозова ісіне салғырт қарағаны үшін жазаланды» деген хат алдым”, – дейді Шолпан Байтикова.

Алайда, бұған сенбеген Шолпан Тараз қалалық ішкі істер басқармасына қайта арызданған. Бұл жолы оның ісін Жәнібек Сыдықов қолға алған. Ол әр кез қоңырау шалған сайын күте тұру керектігін өтініп, түрлі сылтаулар айтқан.

Ал, қыркүйектің 17 күні Тараз қалалық Ішкі істер басқармасының шешімі Шолпанның қолына тиеді.

Шешімде Шолпан Байтикованың денсаулығына ешқандай залал келтірілмегені жазылған.

Қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Назгүл Жампозова Шолпан алғаш рет арыз жазғанда оған қанша қаражат керектігін сұраған екен. Шолпан ақшадан бас тартқан. Тіпті, тіс дәрігерлері Бауыржан  Салыбаев пен Бағдат Тұрымқұлов Шолпанның күйеуіне жолығып, 50 мың теңге ұсынған көрінеді. Алайда, жолдасы да ол ақшадан бас тартып, оған ақша емес әйелінің денсаулығы маңызды екенін, оны емдету керектігін айтқан. Бірақ, оған көнбеген дәрігерлер сотқа арыздана беріңдер деп кетіп қалған.

“Мен жұмыссызбын. Аурухана жағалап, ауру болып отырғаным мынау. Үш балам бар. Маған ақша емес, денсаулық қажет. Сап-сау едім, сол оқиғадан кейін жиі құлап қалатын талма ауруына шалдықтым. Өз қаражатыммен Алматы қаласындағы «Иммуно-диагностика» лабораториялық орталығына барып аллерго-тест тапсырдым. Тест нәтижесі «Теріс» деп шықты. Мені медициналық тексерістен өткізбестен сыртымнан шешім шығара салғандарына таңмын”, – дейді арызданушы әйел.

«Стоматологиялық орталықтан денсауығына ешқандай зиян келмеген» деген деген құзырлы органдарының жауаптарына таңмын. Маған ешқандай да сынақ жасалған жоқ. Екпені бірден салды. Менің денсаулығыма жауапты адамдар әлі де медицина саласында жүр. Бүгін мені дертті қылса, ертең сізге де зияны тиюі мүмкін емес пе? Мені емдетіңдер дегенім үшін жазықтымын ба? Әділдік қайда?”- дейді 34 жастағы Шолпан.

Шолпан өз ақшасына Алматы қаласындағы лабораториялық орталыққа да тексеріліп көрген екен. Онда да денсаулығында кінәрат бары анықталған. Сондықтан Шолпан қызметіне жауапсыз қараған дәрігерлердің әлі де медицина саласында жұмыс істеп жүргеніне, құзырлы органдардың оның денін сау деп шешім шығарғанын түсіне алмай дал.

 

Талқылау