Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда әріптестерін пышақтаған “Бамбук” лақап атымен белгілі полицей мәлімдеме жасады

Таразда өңірге «Бамбук» лақап атымен бегілі Мұрат Үмбеталиевтің атышулы ісіне қатысты алғашқы сот тыңдалымы өтті, деп хабарлайды КТК.

Облыстық экстремизмге қарсы күрес басқармасының бұрынғы бастығы лауазымды әріптесі мен аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысын пышақтады деп айыпталуда. Бірақ Үмбеталиевтің өзі де, адвокаты да мұнымен келіспей отыр. Айта кетейік, адам пышақтауға дейін ұласқан дау кілең шенділердің думанды отырысында басталған болатын.

Тергеу абақтысынан сот залына жеткізілген Мұрат Үмбетәлиев камерадан бет-жүзін жасырып әуреге түспеді. Бойында қобалжудың белгілері байқалмаған бұрынғы лауазымды полицей тым сабырлы. Өзіне тағылған айыпты да негізсіз деп отыр.

Адвокат та қорғауындағы азаматқа қатысты «екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу» бабы бойынша іс жүргізілгеніне қарсы. Айтуынша, экс-полицей бұл қылмысқа қасақана бармаған. Сондықтан Үмбетәлиевті қылмыстық кодекстің жеңілірек бабымен жауапқа тартса дейді. Сондай-ақ, қорғаушының ойынша, тергеу ісі әділ жүргізілмеген. Сол себепті тергеуді қайта жүргізуді сұрап отыр.

“Тергеу әділ жүргізілген жоқ. Біздің көптеген өтініш хаттарды қанағаттандырусыз қалдырды. Облыс прокурорына да, бас прокуратураға да шағымдандық. Бірақ бәрін қанағаттандырусыз қалдырды”, – дейді  Үмбетәлиевтің адвокаты Талғат Бейісбеков.

Ал жәбірленушінің екеуі де бүгін төбе көрсеткен жоқ. Адвокаттың айтуынша, Бектұрғанов пен Жетпісбаев ем алуларына байланысты процеске келе алмаған. Сондай-ақ бұл екі азаматтың қорғаушысы да судьяға өтініш хат жолдады. Оған Мұрат Үмбетәлиевті ақтау мақсатындағы бейнекөріністің әлеуметтік желіде тарауы себеп болған. Яғни видеодағы мәліметтер сот процесіне кедергі келтіруі мүмкін.

“Меніңше, бұл дұрыс жасалмаған қадам. Бұл бейнероликті таратқандары өте орынсыз. Сондықтан ютубқа және әлеуметтік желіге тараған қылмыстық іске қатысы бар видеоны өшіруді сұраймын”, – дейді  жәбірленушінің адвокаты Ерлан Шамұрзаев.

Оқиға тамызда болған. Түн жарымда облыстың экстремизмге қарсы күрес пен криминалдық полиция басқармаларының бастықтары және Байзақ аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы төбелеседі. Сол кезде Мұрат Үмбетәлиев екі азаматты жаралаған. Біреуінің кеуде тұсына, екіншісінің аяғына пышақ сұғып алады. Сөйтіп, із суытып, тек бір аптадан соң әріптестеріне өзі келген еді.

Ал өзара даудың кафеде туындағаны белгілі болды. Яғни, өңірдегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы баласының диплом алуына орай әріптестеріне мол дастархан жайған. Сол отырыста Бектұрғановқа Мұрат Үмбеталиевтің Жетпісбаевты қалжыңмен қағытуы ұнамай қалыпты. Сөйтіп екі басқарманың бастықтары ерегісіп қалған. Бірақ жағаласқандар тарап кеткенімен, соңғы екеуі Үмбеталиевті үй жағына іздеп барыпты. Бір қызығы, үш азамат та ішімдік ішпеген дейді адвокаттар.

Тағы да оқыңыз:

ОҚО-да досының сөзін жерге тастай алмаған жігіт оның тапсырысымен адам өлтірген

Оқушы қызға азғындық жасады деп сотталған қызылордалық мұғалім түрмеден хат жазып жіберді

ОҚО-да дәрет сындырып қойғаны үшін ұлына ине сұғып, ыстық су шашқан қатігез ана сотталды

Талқылау