Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал отандық психолог қазақ әйелдерінің басты проблемасын айтты

Адам баласының өмірдегі түпкі мақсаттарының бірі шаңырақ көтеріп, артынан ұрпақ қалдыру екендігі белгілі. Бүгінгі күні ерте үйленіп, бір ай, жыл ішінде “сыйыспадық” деген сөзді сылтауратып, ажырасып кететін қазақстандықтар бар. “Жанұям” атты отбасылық даму орталығының директоры Жанат Біржанова Stan.kz ақпараттық агенттігіне ерте үйленудің пайдасын, қазақстандық әйелдердің басты проблемасын, жұбайлар бір-біріне опасыздық жасағанда не істеу керектігін айтып берді

Жанат, XXI ғасырда біздің қоғамымызда отбасылық құндылықтар өзгерді ме?

Отбасылық құндылықтар қатты өзгерді деп айта алмаймын. Мүмкін, керісінше Қазақстанда олар күшейе түскен болар. Бәрібір ерте ме, кеш пе, отбасы адамдар үшін ең маңызды дүниеге айналады. Әсіресе, ақша табу адамнан көп энергияны талап ететін кезде жанұя маңызды рөлді ойнайды. Отбасы адам қайтадан жанданып, қалпына келе алатын мекен. Әрине, ажырасулардың саны артты, бірақ бұл отбасылық құндылықтардың жойылып кеткенін білдірмейді.

Шығыс қыздары жанұясында бір мәселе туса, көбінесе өздерінен көріп жатады. Себебі үйлерінде солай тәрбиеленеді. Күйеуі көзіне шөп салса да, әйелі кінәлі дегендей. Егер әйел күйеуінің көңілдесі бар екенін білсе, не істеуі керек? Қандай қадамдар жасауы тиіс?

Дәстүрлі қоғамда иә, солай. Әйел — мойын, күйеу — бас. Бір жағынан алғанда, дәстүрлі қоғамда әйелге көп көңіл бөлінген еді. Оның қауіпсіздігіне, денсаулығына кепілдік бар болған. Өкінішке орай, қазіргі заманның ер адамдары осы дүниелермен, оның үстіне қаржылық жағынан да қамтамасыздандыра алмайды. Әйелі үшін жауапкершілікті де алмайды. Сондықтан дәстүрлі қоғамда қаржылық жағынан алғанда күйеуі әйеліне толығымен жауап беретін жанұялар сирек кездеседі.

Әйелдің, балаларының денсаулығына, біліміне, жақсы өмір сүруіне ер адам жауап беруі тиіс. Егер дәстүрлі отбасында еркек жалғыз өзі ғана жұмыс істесе, онда әйелді “мойын” деп атай аламыз. Үй ішіндегі атмосфера, өмір сүруге деген мүмкіндік осы кезде әйелге байланысты. Ал басқа жағдайларда, нақтырақ айтқанда, егер нәзік жанды адам жұмыс істесе немесе оны істеуге мәжбүр болса, “мойынның” қызметін атқара алмайды. Белсенді болуы үшін психологиялық ресурстар жетіспейді. Оның энергиясының бір бөлігі ақша табуға жұмсалады.

Егер күйеуінің көңілдесі бар екенін білсе, біріншіден онымен сөйлесу маңызды. Екіншіден, өзіне сондай ер адам керек пе, жоқ па, қатты көңіл бөліп, ара-қатынасты бұзуы қажет пе, соны шешуі тиіс. Әр әйел оны жеке шешеді. Әрине, кейбір нәзік жандылар өзін-өзі бағалап, өзіне күтім жасайды. Осындай жағдайда көңілдес жағдайды дұрыстайды дей аламыз. Көңілдестің пайда болуы бәрібір де әйелді зақымдайды.

Кейбір жігіттер мен қыздар 18-20 жастарында үйленіп жатып, сосын қателестім деуменен бір ай немесе бір жылдан соң ажырасып жатады. Кейбіреулері бір-бірін жақсы көрмесе де, балалары үшін бәріне көніп жүре береді. Жалпы, баласы үшін соққыға да төзетін адамдарға не айтасыз?

Балалар үшін көну деген жақсы сылтау. Соққыға ешнәрсе үшін де төзудің керегі жоқ. Ұрып-соғу балалардың да психологиясын зақымдайды. Ажырасулар жоқ емес, бар. Кейде олар біреуге бостандық сыйлайды, кейде біреуді қатты зақымдайды. Бірақ бұл ерте үйленудің керегі жоқ дегенді білдірмейді. Қазір жастар ерте үйленгенді емес, отызға тақаған кезде шаңырақ көтеруді жөн көреді. Алайда, ерте, яғни 17,18, 20 жаста құрылған некелердің өз құндылықтары болады. 20 жаста үйленгендердің үлкен артықшылықтары бар. Мысалы, олар қырыққа келгенде балалары жиырмаға толады. Денсаулықтары да тамаша болмаса да, қатты нашарланбайды. Денсаулық бар кезде балаларды өсіріп үлгерген дұрыс.

Неке құруға арналған арнайы жас бар ма?

Арнайы жас жоқ. Әрине, арнайы әлеуметтік параметрлерді өлшеуге болады. Табыс осыған тәуелді. Дегенмен, некедегі бақыт оған байланысты емес. Адамдар соғыста да, одан кейін де, ашаршылықта да үйленген. Сол жылдарда өмір сүру адамдарға қиынға соқса да, бақытты адамдар болған.

Статистика бойынша, клиенттеріңіздің арасында басқа ұлттармен салыстырғанда қазақтар көп пе?

Статистика жоқ. Бірақ 2000 жылдармен салыстырғанда қазір қазақтардың саны көп. Кәрістер, орыстар, шетелдіктер бар.

Қазақтар санының өсуі неге байланысты? Оларға көбінесе қандай көмек керек?

Біз отбасылық орталық болған соң, бізден жанұядағы проблемаларға байланысты көмек сұрайды. Сосын клиенттердің суицидке бейімділігі бар. Үшінші орында балаларға қатысты кеңес, төртінші де өзін-өзі бағалауға байланысты кеңес, ал шамамен бесінші орында әйелдер өзін-өзі бағалау қасиетін көтеру туралы өтініштер тұр.

Күйеулерінен қысым көріп, соған байланысты көмек сұрап келетін жағдайлар болады ма?

Күйзелісте жүрмеген, бірақ күйеулерімен бірге тұруға қиналатын әйелдер де бар. Олар көбінесе ерлеріне қаржылық жағынан, эмоционалды тұрғыдан тәуелді. Күйеулері ұрып жатса да, олар кетпейді. Ол жұбайын жақсы көремін деп ойлады. Негізінде, бұл эмоционалды тәуелділік деп аталады.

Сіздің пікіріңізше, заманауи қазақ әйелдерінің басты проблемасы қандай?
Дәстүрлі, сосын заманауи қоғамда өз бейнесін қалыптастыруда. Бір жағынан ол қазақ әйелі ретінде “мойынның” қызметін атқаруы тиіс. Басқа қырынан алып қарағанда ол жұмыс істейді, сәйкесінше “мойын” бола алмайды. Таңдау туғанда әйел өзі ойланып, шешім қабылдай бастайды. Осы қасиет оны дәстүрлі қазақ әйелінен ерекшелейді. Шешім қабылдау бостандыққа жетелейді.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау