Мүгедектер мен зейнеткерлерді алдаған танымал қазақ әншісі тергеуге алынды
Атырау өңіріне белгілі әнші Амангүл Өтегенова қаржы пирамидасын құрып, мыңдаған адамды сан соқтырып кеткен. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер де бар. Енді алданып қалған жұрт Амангүл Өтегенованы “жер-көктен” іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Еуразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: “Ақ жайық” газеті
Өнер жұлдызына алданып қалғандардың бірі жақында бұл өмірмен қоштасып кете барған. Өзегін өкініш өртеген жұрт күні кеше әншінің өзін таба алмағандықтан, туыстарына тап берді.
“Бір емес, екі емес адамдар өліп жатыр! Не оған ақшаны қайтармайсыздар? Бір адам өлді, біреуі инвалид болып жатыр. Олар ақшамен милицияларды жауып жатыр” , – дейді алданып қалған әйелдердің бірі.
Астаналық Айгүл Андабаева аталған пирамидаға бақандай 900 мың теңге құйған. Аузынан “Алласын” тастамайтын Амангүлдің айтқанына сеніп қалған әйел ақшасын бірнеше еселеп қайтарып алатынына сенімді болыпты. Бірақ керісінше болып шыққан.
“Аманкүл басқа жаққа көшіп кетті. Енді адамдарды жібере бастадық. Мен 900 мыңдай ақша салдым. Неге, заң жоқ?! Екі ай уақыт өтті. Жамбылдағы апамыз қайтыс болып кетті. Топырағы кепсін дейді. Ертең оны қызы келеді. Тағы сындай болады” – дейді зардап шегуші.
Желідегі ақпаратқа сүйенсек, өнер иесі 7 мыңға жуық адамды алдаған. Тақырға отырғандардың ішінде өнер жұлдыздары да бар. Күні кеше шу көтергендердің сөзіне сенсек, Амангүл сырт көзге иманды жан болып көрінген. Сондықтан да жұрт оның әр сөзіне сенген.
“40 мың тенге ақша салып отырасыз! Үш күн сайын 12-22 пайыз түсіп отырады. 7000 адамнан 7 миллион жинады. Сол күйі жоқ! Біз бұл ақшаны жетім мен жесірге көмек берейін деп жатыр едік” , – дейді шағымданушылардың бірі Гүлден Бақытжанова.
Әбден ашынған “салымшылар” Амангүлдің өзін таппағандықтан, оның сыбайластарына тап берді. Алайда бет-жүзін жасыруға тырысқан олар камерадан да, алданып қалғандардар да қашуға тырысқан. Болған дауға полицейлердің араласуына тура келді.
Ал Атырау қалалық ІІД-нің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда әншіге қатысты тергеу жүруде. Әншіден алданып қалған 15 жәбірленуші оның үстінен арыз түсірген.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.