Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал азаматтар Баян Алагөзованың оразаға қатысты сынына жауап берді

Рамазан айында ораза ұстаған жұлдыздардың желіге жүктеген суреттері оқырмандарының сынына жиі ұшыраған болатын. Тіпті, әр қадамын инстаграмға салып, дастархан басындағы фотоларды көпшілікке көрсеткен әріптестерін Баян Алагөзова да құп көрмейтін айтып, жақында ғана арнайы пост жазған еді.

Танымал азаматтар Баян Алагөзованың сынына жауап берді

«Соңғы кездері адамдар ораза ұстағанын жұртқа жариялауға құмар болып барады. Қалай ауыз бекіткені мен ауыз ашқаны жайлы жиі көрсетуді әдетке айналдырған. Ал егер сен ораза ұстамасаң, онда кемшін тұстарың көп сияқты көрінетіндей түсінік қалыптасты. Ал менің ойымша, Алламен тілдесу үнсіз болуы керек. Амалдарың неғұрлым жұмбақ болса, күнәлар да соғұрлым кешіріледі», – деп пікір білдірген Мақсатқызы.

Осы орайда Stan.kz ақпараттық агентігінің тілшісі, айлардың сұлтанында ауызы берік жұлдыздарды сөзге тартқан еді. Мәселен, Абай Бегей өнер адамдарының сынға жиі ілігуіне танымалдылығы себеп дейді.

«Барлығы салып жатыр ғой. 18 миллион халық болсақ, соның 5 миллионы салады ғой. Бірақ басқа қарапайым адамдар көрінбей қалады да, әртістер көрініп қалады. Әртістер де адам ғой. Олар адам болғаннан кейін ауызашар береді, қонақ шақырады. Ол жария қылу үшін емес, өздерінің қуаныштарын бөлісу үшін инстаграмға салады. Егер әртістер салмай қалса, олай да дұрыс емес. Қазір ғаламтордың дамыған заманы. Сондықтан инстаграмға салғанның ешқандай айыбы жоқ. Қасиетті орындарға барғанда да барлығы салады, ал елге танымалдар сынға ілігеді. Соны мақтанып жатыр деп ойлайды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әркімнің өзінің жеке өмірі, жеке парақшасы. Не салғысы келсе, өзі біледі», – дейді Абай Бегей

Мұндай кереғар пікірлерді Асхат Тарғын да жиі оқиды екен. Әншінің айтуынша, жағымсыз жазба қалдырғандардың бұл әрекеті діни сауатының аздығы деп топшылайды.

«Рамазан айында ифтарға, ауызашарға қатысты кейде сурет саламыз. Өнердегі немесе өмірдегі достарымыз ауызашар жасап, шақырады. Сол кезде көптен бері көрмеген өнердегі бауырларымызды кездестіріп қаламыз. Сол осындай досымыздың, осындай бауырымыздың ауызашарында деп сурет салатынымыз рас. Бірақ оның ешқандай артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбіреулер дұрыс түсінбей жатады. Ораза ұстағаныңызды жария қылмай, соны салмауға болады ғой деп теріс пікір жазып жатады. Бұл жерде мен жаман зат салып жатқан жоқпын. Оның үстіне менің жеке парақшам. Бұл ауызашардан естелік. Әр түрлі адамдар бар. Пиғылы басқаша адамдар да кездеседі. Жаман пікір жазған барлығына басымды ауыртпаймын», – дейді Асхат Тарғынов.

Отыз күн ораза тұтқан танымалдар тізімінде Бейбіт Көшқалиев те бар. Желі де талқыға түскен тақырыпқа әншінің жауабы дайын.

«Жаман посттарды жазғанша, жақсы сурет салған дұрыс. Ал, мен ораза ұстадым деп мақтанған дұрыс емес. Бірақ кімнің мақтанып немесе рия жасап жатқанын біз білмейміз. Ол кісінің жүрегіне кіре алмаймыз. Ол күнә. Талқылау күнә. Адамды жек көрмеу керек. Қабыл ететін біз емес – Алла», – деп қысқа қайырды Бейбіт Көшқалиев.

Айта кетейік, жөнсіз пікір білдіріп, ораза ұстағандарды келеке қылғандардың қылығы Сәкен Майғазиевке де жақпай қалса керек. «Музарт» тобының әншісі соңғы посттарының бірінде қытығына тиген хэйтерлерге жауап жазғаны бар…

«Бүгінгі ауызашардан…», деген суретті көрсе өне бойы өре түрегеліп, шайтанға әскер болып, ғайбаттап, сөге жөнелетініміз нес(і)? Енді ауызашарда отырып, «Түнгі клубтан сәлем!», деп жазбайтын шығар. Рамазан мүбәрәк, жақсылар!» – деді Сәкен Майғазиев.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Талқылау