Талдықорғанда жоғарыдан құлаған сәби: Тәрбиешілер қоршауы жоқ екенін біле тұра баланы терезеге шығарған

Талдықорғанда 2 жастағы бүлдіршін балабақша терезесінен құлап кетті. №19 мектеп-гимназиясына қарасты шағын орталықта болған оқиғадан зардап шеккен бала қазір комада жатыр.

Талдықорғандық балабақшада екі жасар қыз екінші қабаттан құлап кетті: Оқиғаның видеосы жарияланды (видео)

Жағдайы тұрақты болғанмен, өте ауыр дейді дәрігерлер. Орталықтың терезелеріне қауіпсіздік үшін арнайы қоршау қойылмаған болып шықты. Ал, сорақысы, қоршау жоқ екенін біле тұра тәрбиеші бүлдіршінді терезенің алдына шығарған. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

2 жастағы Аруна Қуанышқызының бала-бақшаның 2-қабатынан құлаған сәтін мына видеодан анық көруге болады. Мектепке дейінгі шағын орталықта 10 жыл бойы жұмыс істеп келген тәжірибелі тәрбиешінің екі бірдей бүлдіршінді қоршауы жоқ, әрі ашық тұрған терезеге не үшін тұрғызып қойғаны түсініксіз. Онымен қоймай, олардың бірін соғып жатқаны да байқалады. Маманның салғырттығынан қазір өмір үшін арпалысып жатқан баланың бұл орталыққа қатынағанына небәрі 2-ақ күн болған. Ал, оның ата-анасы аталған мектепте мұғалім екен.

"Ішкі істер бөлімінен келіп тексеру бастады. Кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін сол кісілер анықтайтын болады. Әкесі де шешесі де осы мектепте мұғалім болып жұмыс жасайды", - дедйі мектеп-гимназия директоры Қайрат Сарқытов. 

Директордің айтуынша, қазір қызылша ауруының алдын алу мақсатында бала-бақшада карантин жарияланған. Сол себепті, бөгде адамдарға кіруге болмайды. Сөзіне сенсек, орталық әдеттегідей жұмыс істеп тұр, бүлдіршіндер ішінде екен. Ата-аналар тарапынан әзірге ешқандай шағым болған жоқ дейді. Ал, облыстық білім бөліміндегілер кеш болса да қауіпсіздік шарасын енді қолға аламыз деп отыр. 

"Талдықорған қаласы білім бөлімімен бірлесе отырып, осы мақсатта барлық мекеме басшыларымен жиналыстар өткіздік, алдын-алу шарасы жөнінде. Бұл - ең бірінші кезекте оқушылардың өмір қауіпсіздігі", - деді облыстық білім басқармасының орынбасары Майгүл Омарова. 

Білім басқармасының өкілі қазір тергеудің аяқталуын күтіп отырғанын айтады. Тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе жауапкершілікке міндетті түрде тартылады деп отыр. Ал, миы зақымдалған бүлдіршін қазір өмір мен өлімнің ортасында арпалысып жатыр.

Әзірге сәбидің алдағы тағдыры белгісіз. Ал, облыстық полиция департаменті істі жіті бақылауға алғанын хабарлады. Қазір тіркелген фактіге байланысты сот алды тергеу амалдары жүріп жатыр.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр