Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда жатқан Арыстанбаб кім: «Пайғамбар сахабасы» деген сөз рас па

Түркістан – қазақтың көне шаһарларының бірі. Мұнда тек қазақтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Олардың көпшілігінің мақсаты – Ахмет Ясауи кесенесін зиярат ету, ортағасырлық сәулет өнерінің осы бір тамаша ескерткішін көзбен көру.

Фото: Әйгерім Бегімбет

Алайда, Түркістанға алыстан келген адам үшін жазылмаған бір заң бар. Ол – Ахмет Ясауи кесенесінен бұрын Арыстанбаб қабіріне соғып, Құран оқыту. Бұл өсиетті ұстазына құрмет ретінде Ахмет Ясауи қалдырған деседі, деп жазады islam.kz.

 Бүгін біз ғалымдардың өзі әлі күнге дейін өмірде болған, болмағанына талас-тартыс жүргізетін, кейбіреулер 400 жыл өмір сүрген Пайғамбар (с.а.у.) сахабасына балайтын, Орта Азияда Ислам дінін таратушылардың бірі Арыстанбаб туралы аңыз бен ақиқаттың аражігін ажыратып көрмекпіз.

Арыстанбаб – Қожа Ахмет Ясауи ұстазы

Жалпы, Орта Азияға Ислам діні VIII ғасырдан ақырындап ене бастады. Алдымен Ислам түркілер орналасқан Сыр бойындағы қалаларға келді.

Бұл туралы Х ғасырдың тарихшысы Ибн Хаукәл: «Фараб, Кенжиде мен Шаш аралығында жақсы жайылымдар бар, онда Исламға кірген мыңға жуық түркі әулеттері тұрады», – деп жазған болатын. Десе де, жалпы халық әлі де бұрынғы нанымдарынан толықтай бас тартпаған еді. Бұл жөнінде белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа: «Отырарда жүргізілген қазба жұмыстары ХІ-ХІІІ ғасырлардың өзінде әр үйде отқа сыйынатын орындар болғанын көрсетті. Түркі тайпаларына дінді күштеп енгізу нәтиже бермеді, тек насихат жолы жемісті болды. Онда да жергілікті халық арасынан шыққан шайқылардың сөзі өтімді еді. Түркі шайқыларының көш басында Арыстанбаб пен оның шәкірті Қожа Ахмет Ясауи тұрды. Арыстанбаб – ғаламдық діндердің бірі Исламды түркі әлеміне танытушы, таратушы. Жаңа дін арқылы түркілер араб тілі мен әліппесін меңгерді, сол кездегі озық мұсылман мәдениетінен нәр алып, оның дамуына үлес қосты», – деген пікір айтады.

Ал Қожа Ахмет Ясауи – Арыстанбабтың шәкірті. Болашақ ақынның Арыстанбабқа шәкірт болуы хақында француз зерттеушісі Ирене Меликоффтың «Ахмет Ясауи және түркілердің халықтық исламы» атты еңбегінде: «Қожа Ахметтің әкесі Ибрагим Сайрамда белгілі шайқы болған. Ахмет жеті жасында жетім қалады. Сосын оны әпкесі Иасы қаласына алып барады. Ол жақта алғашқы ұстазы Арыстанбабпен кезігеді», – деген жолдар кездеседі. Әбубәкір Диваевтың пікірінше, Арыстанбаб – Қожа Ахметтің химия пәнін меңгеруіне ұстаздық еткен кісі. Ағылшын ғалымы Дж.Тримингэм болса, Ясауидің сопылық ілімін зерттей отырып, мынадай тұжырымға келеді: «Ахмет Ясауи – барлық түркі сопыларының бабасы. Ясауи дәстүрі таза түркілік бағытта болды. Ол түркі шайқы Арыстанбаб дүние салғанша соның қолында тәлім-тәрбие алды, кейін Бұхараға аттанды», – деп жазады. 27 жасында Бұхараға аттанған Ахмет Ясауи ол жақта атақты ғұлама Хамаданиден білім алып, кейін Ясыға қайтып келеді де, Арыстанбабтың ісін жалғастырады.

Қожа Ахмет туралы деректер там-тұмдап кездескенімен, Арыстанбаб жайындағы мәліметтер осындай ғана.

Арыстанбабтың сахаба болуы мүмкін бе?

Арыстанбаб жайында халық ішіне тағы бір кең тараған аңыз – оның Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы екендігі. Бұл туралы ясауитанушы ғалым Жақып Алтаев: «Халық арасында таралған бір аңызда Арыстанбаб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болумен қатар, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың аманатын тапсырушы деп есептеледі. Ол туралы аңызда былай делінеді: «Бірде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Жебірейіл періште бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жебірейіл періште ол құрманы алып пайғамбарға: «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмметіңізге аманат етіп қалдырыңыз», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларын жиып, бұл аманат құрманы кім жеткізе алады? – деп, олардан сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы «мен жеткізер едім», – деп шыға қоймайды. Себебі ешқайсысы да өзінің 400 жыл өмір сүреріне сенімді емес еді және бір жағынан, сынап тұрған болар деп, күдіктеніп тұрғанда мұның Алла Тағаланың әмірімен болып тұрғанын жүрегімен сезген Арыстанбаб: «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен жеткізер едім, бірақ ғұмырым өлшеулі әрі оны қайдан табамын», – дейді. Пайғамбар (с.а.у.) разы болып: «Өміріңізді Алла Тағала жеткізеді. Үмметімді Ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі медреседен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және ол аманатын сізден өзі келіп сұрайды», – деп жауап қайтарады.

Мұхаммед (с.а.у.) айтқандай, Қожа Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып: «Баба! Аманатымды беріңіз», – деп кездескен жерде бірден ұстай алады. Арыстанбаб 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Қожа Ахмет кідірместен құрманы аузына салып жібереді. Сонда Арыстанбаб: «Балам, аманатыңды 400 жыл сақтағанда «дәм татыңыз» деп мезірет те қылмадың ғой», – дейді. Қожа Ахмет болса: «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» – деген екен.

Содан зерек баланы сопы Арыстанбаб өзіне шәкірттікке алады.
Жеті жаста Арыстанбабқа қылдым сәлем,
Осы халде мың зікірін қылдым тәмем…
Құрма беріп, басымды сипап, назар қылды
Мектеп барып, қайнап толып, тасыдым, міне, – деп жазады бұл туралы кейін Ахмет Ясауи», – деп жазады.

Аңыз бұл сахабаның ұзақ өмір сүріп, кейіннен Арыстанбаб атанған Салман Фарси болғандығын айтады. Арыстанбаб туралы жазылған кітаптардың барлығында осы дерек келтіріледі. Алайда, Ислам тарихынан хабардар қауымның бәрі атақты сахаба Салман Фарсидің қиссасын жақсы біледі. Оның ақиқат дін іздеп, сонау парсы елінен Араб жазирасына жетіп, Пайғамбарды (с.а.у) табуы, кейін Ислам жолында қызмет етуі, Омар иб Хаттабтың халифалығы тұсында мұсылман әскерімен бірге Парсы елінің астанасы Мадаин қаласына дейін келіп, сонда өмірден өтуі мұсылмандар жадынан ұмытылмас тарих. Бүгінде қазіргі Ирак топырағында Салман Фарси қабірінің басында мавзолей әрі оның атында мешіт бар. Осының өзі Арыстанбаб жайында бізге жеткен «сахаба» деген сөздің жалғандығын көрсетсе керек. Тарихшы Мұхтар Қожа халықтың бұл тұлғаларды шатастыру себебін екеуінің де сопылық іліміне қосқан үлесімен байланыстырады. Әйтпесе, Салман Фарси мен Арыстанбабтың арасында төрт ғасыр жатқаны белгілі. Әрі егер осындай аманат қалатын болса, бізге жеткен Пайғамбар хадисінде бұған қатысты анық сөздер болар еді.

Арыстанбабтың әулиелігіне сенген халық бұл оқиғаларды кейін Пайғамбармен тікелей байланыстырғысы келгеннен ойлап тапса керек.

Арыстанбаб кім?

«Егер сахаба болмаса, Арыстанбаб кім? Оның тегі қандай?» деген заңды сұрақтың туары анық. Оны мифологиялық кейіпкер, жиынтық образ көретін жандар да жоқ емес. Алайда, оның өмірде болған адамдығын Ясауи жырлары мен артында қалған қабірі дәлелдесе керек. Бірақ мұнан шығатын тағы бір мәселе, Орта Азияда Арыстанбаб әулиенің мазары делінетін үш зират кездеседі. Оның бірі  – Сырдарияның аяғында, екіншісі – Отырар маңында, үшіншісі – Сырдарияның басында, Қырғызстанның Базарқорған ауданында. Үшеуінде де «Арыстанбаб осында жерленген» делінеді.

Бірнеше Арыстанбабтың пайда болуы заңды дүние. Адамдар қай кезде де өздері құрмет тұтатын жанның есімін балаларына қойып отырған. Орта Азияға Ислам дінін таратып, Ясауиға рухани ұстаз болған Арыстанбабтың есімі сол кездері жиі қойылуы осымен байланысты болса керек. В.А.Гордлевский өз еңбегінде: «Отырарда Қожа Ахметтің «рухани өлкесі», Арыстанбабтың қабірі жатыр», – деп жазған болатын. Яғни, сопылық ілімінің бастауында тұрған Арыстанбабтың біздің Түркістан өңірінде жатқаны анық. Ал Қырғызстандағы Арыстанбабты жергілікті халық бертінде өмір сүрген, қалмақтарға қарсы соғысқан батыр ретінде таниды екен.

Енді Арыстанбабтың тегіне келейік. 1879 жылы қажылыққа барған сапарында Меккеде Құнанбай би қазақтарға қатысты: «Тіріміздің билігі – төреде, өліміздің билігі – қожада», – деген екен. Расымен, атам заманнан қазақты Шыңғыстың төре тұқымы басқарса, дінінің иелігі қожада болды. Орта ғасырлардағы негізгі дін қайраткерлерінің барлығы да осы қожадан шықты. Сол секілді Арыстанбабтың да тегі Әзірет Әліден тарайтын шежіремен байланыстырылады. Молда Мұса Сайрамидің «Тарих-и аминийа» атты еңбегіндегі Әбілғазы хан куәландырған Арыстанбаб шежіресі бойынша Мұхаммед Ханафийа – Абд әл-Фаттах Баб – Абд әл-Жаббар Баб – Абд әр-Рахман баб – Абд әр-Рахим Баб – Абд әл-Жалил Баб – Абд әл-Карим Баб – Ысқақ Баб – Исмайил Баб – Омар Баб – Осман Баб – Ифтихар Баб – Махмуд Баб – Илйас Баб – Арыстан Баб делінген. Міне, біз бұл деректерден Арыстанбаб тегінің арабтарға, арғы аталарында тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ата тегіне тірелетінін көреміз.

Ал «баб» ұғымын мен алғашында «Баба» деген қазқа сөзімен байланыстырған едім. Алайда, ол «баб» яғни, «есік, қақпа» дегенді білдіретін араб сөзінен алынған екен. Орта ғасырларда түркі елдерінде Ислам дінін таратушылардың есіміне осы «баб» тіркесі жалғанып отырған.

Арыстанбаб мазары қашан салынған?

Арыстанбаб қабірінің үстіне салынған ғимарат туралы алғаш 1898 жылы И.Т.Пославскийдің мақаласында қысқаша суреттелген екен. Міне, содан бері ежелгі Отырар маңын зерттеушілердің қаламынан тыс қалған емес. Ғалымдардың бірі оны мешіт десе, енді біті мазар, тағы бірі мешіт-мазар деп атаған. Себебі, әрине, оның күрделі құрылысымен байланысты. Өйткені, бұл ғимарат – мавзолей, төбесі иіліп өрілген дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара бір жерге тоғысқан архитектуралық кешен.

Ал о баста қандай болғаны бізге беймәлім. Бұл туралы археолог ғалым Мұхтар Қожа: «Ғасырлар бойы талай өзгеріп, түрлі жөндеу-өңдеу жұмыстарын басынан кешірген құрылыстың ең әуелгі үлгісі қандай болғанын дәл айту қиын. Бұл кешеннің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелердікімен салыстырғанда едәуір биік. Тігінен көтерілген қабырғалары бір биіктікте, сәулет өнерінде «желкен» деп аталатын өріммен иіліп барып күмбезге ұласады. Күмбез ауқымы кең һәм биік етіп тұрғызылған. Қабірхананың есігі күнбатысқа, дәлірек айтсақ, мешітке бағытталған. Қабір үстіндегі алғашқы белгі ХІІ ғасырда салынса керек. Себебі бұл Отырар қаласының гүлденіп өскен кезі. Қазіргі қабірхана мен оның алдындағы күмбезді бөлме жобасы ХІV ғасырдың мавзолейлеріне ұқсас. Осыған орай халық арасында кең тараған мына бір аңызды айтпай кетпей болмас. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғалары қаланып болған түні жасыл алып өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы қайталанады да, бәрі үйілген төбеге айналады. Бұл жай Әмір Темірді көп ойландырады. Түсіне бір шал еніп аян береді, ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы Арыстанбаб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Бұл талап орындалған соң ғана Әмір Темір Түркістандағы құрылысын ойдағыдай аяқтайды. Әмір Темір кезінде жүргізілген құрылыс жұмыстарының куәсі ретінде мешіт бөлігіндегі екі ағаш ұстындарды айтуға болады. Қарағаштан шабылған тіреулердің табаны сегіз қырлы, орта белінен бастап кеңейе түседі. Олардың бас жағы, мойны жұлдызша, торкөз тәрізді өрнектермен безендірілген. Ұстындарды зерттеп, арнайы мақала жазған мәскеулік ғалым В.Воронинаның пікірінше, дәл мұндай пішінді тіреулер Қазақстанның, не Орта Азияның басқа бірде-бір ескерткішінде жоқ. Аты белгісіз отырарлық шебердің қолынан сомдалған ұстындар ХІV ғасырдың аяғында, не ХV ғасырдың басында жасалыпты. Олардың бетіндегі оюлар К.Ақышев, Е.Агееваның зерттеуінше, қазақтың дәстүрлі нақыштарына сай келеді. М.Сембин ұстын өрнектері Орталық Қазақстандағы Аяққамыр мавзолейіндегі оюлы қыштарда қайталанатындығын көрсетті. Қазір бұл ұстындар Алматыдағы археология мұражайының төрінде тұр. Мешіттің ішінде олардың көшірмелері қойылған. Арыстанбаб ғимараты ХХ ғасырдың басында күрделі өзгерістерге ұшырайды. Отырар өлкесін мекендейтін халық тозған ғимаратты қайта жаңғырту үшін қаржы жинаған. Бұрынғы ғимараттың бас есігі Меккеге қараса, енді еңсесі бой көтерген құрылыстың қас беті Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталды. Оның екі шетіне мұнаралар қойылып, дәліз-қақпаның үсті үш бұрышты болып соғылуы – Түркістандағы алып кесененің қас бетіне ұқсату ниетінен туған. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне арабша санат 1327 деп жазылған. Бұл соңғы құрылыс жұмыстарының уақыты – біздің қазіргі жыл санауымызға көшіргенде 1909 жыл. Мұның астындағы ойықта да жазу болған сияқты.

Зерттеулер арқылы көз жеткізгеніміздей, Арыстанбаб – сахаба да емес, шайқы да емес, түркі халықтарына Ислам дінін жайған, Ахмет Ясауиға ұстаз болған, Әзірет Әлі кіндігінен тарайтын белгілі ғұламалардың бірі. Ал оның Түркістандағы мазары Орта ғасырда қазақ топырағына Ислам дінінің кең қанат жайғанын, бір кездері осы бір гүлденген өлкеде ғылым-білімнің ордасы болғанын бүгінгі әр мұсылманның есіне салып тұратын шағын ескерткіш іспеттес. Өйткені Арыстанбаб қабірін зиярат еткен жанның көз алдына 10 ғасырлық тарих дөңгеленіп өтері анық… Мазар сонысымен құнды, сонысымен бағалы.

Тағы да оқыңыз:

Арыстан бабтың мазары еврей елінде де бар

Қоңыр Әулие үңгіріне бала сұрап, арақ, нашаны қою үшін баратындар көбейген

Ақтөбеде мыңдаған адам әулие Матронаға сыйынып тілек тілеуде

Талқылау