Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Түркістан облысында орамалын шешпеген екі жүзден астам қыз сабаққа келмей отыр
Жаңа оқу жылының басталғанына бес күн болса да оңтүстіктегі Фердауси ауылында хиджаб дауына нүкте қойылар емес. Осы елді мекендегі орта мектептің жоғарғы сыныбында оқитын 200-ден астам қыздың көбісі орамалын шешпей, сабаққа келмей отыр. Бұл елді мекенде былтыр да осындай оқиға болған еді. Білім ошағының басшылығы оқушылардың ата-аналарымен талай мәрте түсіндірме жұмыстарын жүргізсек те, райларынан қайтара алмаудамыз дейді. Ал ережеге бағынбағандарын мектеп әкімшілігі мен полицейлер ішке кіргізбеуде.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Фердауси атындағы мектепте әлі күнге хиджаб дауы басылар емес. Аймақтағы барлық білім ошағында алғашқы қоңырау соғылып, сабақ басталып кетсе, бұл мектепте әлі күнге орамал мәселесі жыр болып жатыр. Ұстаздар бір жақ, ата аналар бір жақ. Мәселен, күні кеше мектепке орамалмен келген жоғары сыныптың бірнеше оқушы қызы сабаққа кіре алмай қалған. Олармен бірге 20 шақты ата-анасы да қыздарын мектепке кіргізуді талап еткен. Екі жақты айқай шудан кейін бұл іске полиция араласқан. Сөйтіп, ата- аналар бірер сағаттан соң ғана тарқады.
«Ол жерде біз баланың құқығын таптағанымыз жоқ. Ата аналарға 17 рет түсіндірілді. 2 рет ескертпе хат қолдарына берілді. 1 рет поштамен берілді. Тамыз айынан бері 12 рет жинадық. Ата аналарын түсіндіріп жатырмыз», – дейді Фердауси атындағы мектептің директоры Жанар Мамырова.
Осылайша, мектеп директоры оқушы қыздардың орамалын шештіре алмай жүр. Былтыр осы мәселе бойынша ата-аналармен талай мәрте жиналыс өткізіліпті. Білім министрінің мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынғаны жайлы ережесі дүркін-дүркін түсіндірілген. Бірақ, баяғы жартас сол жартас. Биыл 372 оқушының тек, 80-ні ғана орамалдарын шешіпті. Қалғаны қасарысып, үйлерінде отыр екен. Сабаққа да келмепті. Бұл жағдайды мектеп әкімшілігі хаттама түзіп, облыстық білім саласын бақылау департаментіне тапсырдық дейді.
«Діни мектепте тұрмаймыз, зайырлы қоғамдамыз. Балалардың балалығын ұрламаңыз деп те айтып жатырмын. Қазіргі басына орамалды тартып, өзінің ой өрісінің барлығын діни бағытта тәрбиелеудің қажеті жоқ» – дейді Фердауси атындағы мектептің директоры Жанар Мамырова.
Дегенмен кейбір ата-ана мұғалімнің талабын дұрыс түсініп, қызының орамалын шештіріпті. Сөйтіп, мектепке кіруге рұқсат алған. Ал, заңға бағынбағандарға білім ұясының есігі тарс жабық. Мұны ауыл тұрғыны Тіллә ақсақал да дұрыс түсініп отыр.
«Бүгін мысалы 30-40 бала келді, кірді сабаққа. Азанда оқыды. Иә, бәрін шешіп, кіріп кетті. Түс қайта проблема жоқ. Орамалын тастап, сабағын оқып кетіп жатыр» – дейді Фердауси ауылының тұрғыны Тіллә Файзиев.
Жалпы Фердауси мектебінде 372 оқушы қыз бар. Олардың 203-і жоғары, қалғаны бастауыш сыныптарында білім алады екен. Мектеп басшысының сөзінше, бастауыш сыныбындағы қыздардың барлығы орамалдарын шешкен. Енді жоғары сыныптың оқушы қыздарымен жұмыс істеп жатыр. Ал осы мәселеге қатысты пікір білдірген білім және ғылым министрі жақын күндері ол ауылға арнайы жұмыс тобы барып, ата-аналармен жүздесетінін айтты.
«Әкімшілікпен бірлесіп, оның ішінде жергілікті атқару органы бар, арнайы органдар бар, бәріміз бір комиссия құрып, сол мәселемен айналысатын боламыз» – дейді ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Тәжік ұлтының өкілдері тұратын бұл ауылда хиджаб дауы былтыр да болған еді. Ол кезде ата-аналары қыздарымыздың тағып жүргені хиджаб емес, ұлттық орамалымыз деген болатын. Осы тұста айта кетерлігі,мектеп директоры былтыр ауылда діни бағытта дәріс беретін жасырын ошақты анықтағандарын айтады. Барлығы 50 шақты бала білім алып келіпті. Енді онымен құқық қорғау органы айналысатын болады, дейді.