Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Түркістан облысында дәрігерлер жүкті әйелге кесір тілігін жасағаннан кейін жатырын алып тастаған
Түркістан облысының 22 жастағы тұрғыны тұңғыш ұлын өмірге әкелгеннен кейін болашақта бала сүю мүмкіндігінен айырылған. Айтуынша, босанғаннан кейін жағдай нашарлап, артынша дәрігерлер оның жатырын алып тастауға мәжбүр болған. Ендігі Гүлчехра Тұрсынқұлованың туыстары бұл жағдайға перзентхана меңгерушісін кінәлап отыр.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Гүлчехра Тұрсынқұлова 26 желтоқсанда перзентханаға жеткізілген. Оған бір тәуліктен кейін кесір тілігін жасап, ұлын босандырып алған. Алайда отадан кейін жас босанған ананың жағдайы аяқ астынан нашарлап кетіпті.
«27 желтоқсанда кесір тілігін жасады. Ертесі күні қызуым көтеріле бастады», – дейді жас ана.
Содан бері 1 айға жуық уақыт өтсе де, келіншек әлі перзентханада жатыр. Ал туыстары дәрігерлер салғырттық танытты дейді. Соның салдарынан Гүлчехраны аман алып қалу үшін тағы бір ота жасап, туыстары оның жатырын алдыруға еріксіз рұқсат берген.
«Ең бірінші жатырын дұрыс тазаламаған деді. Шымкенттегі дәрігерлер солай айтты», – дейді келіншектің туысы Сахиба Тәжіханова.
Дәрігерлердің сөзінше, бүгінгі таңда Гүлчехраның сәбиінің жағдайы жақсы. Ал келіншектің денсаулығы кенеттен неліктен нашарлағанын арнайы комиссия анықтап жатыр екен.
«Ішінің ауырғаны күшейіп, дене қызуы көтерілгеннен кейін облыстан мамандар шақырылып, тексерді. Жағдайы жақсарып, қалпына келгеннен кейін бізге өткізіп, қазір жарасын емдеп жатырмыз», – дейді Сайрам аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Шүкіролла Убайдуллаев.
Осы оқиғадан кейін Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Ал ота жасаған перзентхана меңгерушісі қызметінен шеттетіліпті.