Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отыра кетіп жыладым": Елордалық әйел шашының жартысы түсіп қалған 7 жасар қыз үшін көмек сұрады

Елорда тұрғыны 7 жасар қыздың жағдайы туралы айтып, көмек сұрады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда белгісіз себептермен қыздың шашы түсіп қалып, ақсап жүретін болған. Осы орайда Нұр-Сұлтан тұрғыны тиісті мекемелерден көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Тақырбас қыз

Бұл туралы Зинара Салихова есімді желі қолданушысы Facebook желісіндегі «Астана, хочу похвалить/пожаловаться» тобында жазды. 

Оның айтуынша, 7 баланың анасы өзіне қызының суретін жіберіп, көмек сұраған. 

"Жеті баланың анасы жіберген суреттерді көргенде отыра қалып, жылап жібердім. Қазіргі уақытта шашының жартысына жуығы түсіп қалған және ақсап жүре бастаған 7 жасар қызды тексерту үшін көмек сұраймын. Дәл қазір қызды трихолог пен генетикке ақылы негізде жіберіп отыр. Сонымен қатар оның шашының түйіні бар-жоғын көру үшін, басын УДЗ-ға түсіру керек. Бала ұялады. Ол бірінші сыныпта оқиды", - деп жазды әйел.

Өз сөзінде тұрғын қызды ақылы мамандарға жібермей-ақ, неліктен шұғыл әрі тегін тексеруге болмайтынын сұрайды. 

Тақырбас қыз 2

"Мүмкін мұның артында ауыр дерт жатқан шығар. Құзырлы органдардан осы қыздың мәселесіне назар аударып, оның денсаулығы мен сенімділігін қалпына келтіруге көмек берулеріңізді сұраймын", - дейді ол. 

Ал елордалық денсаулық сақтау басқармасындағылар қазіргі уақытта қыздың қажетті медициналық тексерулерден өтіп жатқанын айтты. 

"Әлеуметтік желіде бұл қыздың жағдайының қызу талқыға түсіп жатқанынан Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы толықтай хабардар. Дәл қазір басшылық бұл қыздың өзімен де, отбасымен де жолығып, қажетті медициналық тексерулерден өткізіп жатыр. Алдағы уақытта дертінен толықтай айығады деген үміттеміз", - деді Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер Stan.kz тілшісіне.

Талқылау