Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Стамбұлдағы қоғамдық асхана 224 жылдан бері қызмет етіп келеді

Күн сайын 2 мыңнан астам босқын мен аз қамтылған, кедей-кепшіктер Осман дәуірінен келе жатқан Стамбұлдағы қоғамдық асханадан тегін тамақтанып келе жатыр.

123

Сурет islam.kz

Бұл туралы bnews.kz сайты хабарлайды.

Михрихшах Валида Сұлтан атындағы Эюп ауданында орналасқан асхананың негізі 1792 жылы қаланған. Содан бергі уақытта асхананың есігі босқындар мен кедейлер үшін әрдайым ашық. Стамбұлдағы қайырымдылық қоры басқармасының жетекшісі Мюрсел Сарының айтуынша бұл асхана – Стамбұлдағы ресми мойындалған тарихи ескерткіш. Асхана Мұстафа III әйелі Михрихшах Валида Сұлтанның қолдауымен салынған.

“Біз оны әркез қолдауға тырысамыз. Тамақтар әр күн таңғы 10-нан түскі 4-ке дейін беріледі. Тапсырыс бойынша тамақтар үйге де жеткізіледі. Бұл асхана күн сайын 300 сириялық босқынды тамақтандырады. Күшіміз жеткенше барлығын жасауға тырысып келеміз. Жергілікті тұрғындар бізге мал сойып әкеліп береді”, – дейді Мюрсел Сары.

Тегін асхананың қызметін пайдаланғысы келген адамдар жазбаша өтініш берулері керек. Тексерістен соң ол қайырымдылық көмек алатын адамдар тізіміне қосылады. Олар асханаға өз ыдыстарымен келіп тамақты алып кете алады. Асхананың өзінде де отырып тамақтануға рұқсат.

Осман дәуірінде елде көптеген қайырымдылық мекемелері болды. Олардың барлығы мемлекеттік әлеуметтік саясатын жүргізуге атсалысты. Тегін асханаларды әдетте мемлекеттік қайраткерлер, уәзірлер мен сұлтандар ашты. Осман және Сельджук кезеңінде мұндай асханаларда кедейлерге, саяхатшыларға, оқитындарға арнап тамақ берілетін. Олардың кейбіреулерінде түнеуге де болатын.

Талқылау