Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Спорттық жаттығулар өлімге душар етеді

Спорт тәніңізді сауықтырып қана қоймай, денсаулығыңызға нұқсан келтіре алады. Сондықтан қай спорт түрінің қандай дертпен үйлеспейтінін білгеніңіз жөн.

92516833_mr8

Спортпен шұғылдану барысында денсаулығына зақым келтіріп, не өлім кұшатын жағдайлар өмірде сирек кездеспейді. Оның түбінде спорт түрінің дұрыс таңдалмауы жатыр. Денеге түскен ауырлықтың дұрыс есептелмеуі себепті, жай ғана аяқ күре тамырларының кеңеюінің өзі қауіпті болуы мүмкін. Сырқат түріне байланысты жаттығуды қалай таңдау керек?

Әлсіз жүрек

Жүрек-қан тамырлар аурулары спорттық жаттығуларды таңдағанда жіті мән беруді талап етеді. Себебі қандай да бір жаттығу түрін жасағанда, ең алдымен жүрек және қан тамырларға салмақ түседі. Әрине, жүрек-қан тамырлар жүйесінде кінәрат болса, денеңізге артық күш түсіруден аулақ болғайсыз.

Бас тартқаныңыз жөн

Мысалы, бас тартуға кеңес берілетін жаттығулар қатарына спорттық жүгіру, секіру, үлкен теннис және күш түсіретін жаттықтыру құралдарында жаттығу. Ол аталған нұсқалардың қан айналымының жылдамдауына сеп болады. Нәтижесінде денсаулығыңызға нұқсан келтіріп, тіпті өлімге алып келуі мүмкін.

Байқап көріңіз

Жүрек-қан тамырлар жүйесінде ақау бар адамдарға суда жүзу, жаяу жүру сынды тыныштықты талап ететін жаттығулар тиімді. Оларға күш-қуат аз жұмсалатындықтан, қан айналымын жақсартуға себін тигізеді. Десе де бұл жаттығу түрлерімен тек шаршағаныңызды сезіп, жүрек соғысыңыз жылдамдап, ентіге бастағанша ғана айналысу қажет екенін естен шығармаңыз. Бұл нышандар пайда болған сәтте-ақ жаттығуды тоқтату керек.

Күре тамыр торы

Күре тамырлардың кеңеюі тек аяқта ғана пайда болмайды. Кіші жамбас ішкі ағзаларын тексерген кезде «варикоз» диагнозы қойылатын жайлар аз емес. Мұндай патология – қан ұюының дамуына ұшыратуымен кесірлі. Өз кезегінде ол денсаулығыңызға байланысты қиындықтар туғызады. Аяқ-қол күре тамырлары бітеліп қалған жағдайда мүгедектік қаупі төнеді. Ал ұйыған қан жүрек бұлшықетіне немесе миға түссе, адамның өліп кетуі де ғажап емес.

Бас тартқаныңыз жөн

Көбіне варикоз кезінде күш түсіретін және соққы беретін спорт түрлерінен аулақ болғаныңыз абзал. Сондықтан қарсы көрсетілетін жаттығулар тізіміне тізерлей отыру, тұрған қалыпта гір немесе зілтемір көтеру, жылдам жүгіру, секіру, степ-аэробика кіреді. Оған қоса варикоз кезінде кәсіби спорт түрлеріне тыйым салынады.

Олардың бәрі күре тамырларға салмақ түсіреді. Сонымен қатар ауыр көтеру күре  тамырлардың одан бетер кеңюіне, қан қоюлануына ықпал етеді. Өз кезегінде олар аяқ-қол, ішкі ағзалар қан тамырларының зақымдалуына алып келеді.

Байқап көріңіз

Варикоз кезінде буындарға түсер салмақты азайтатын, зат алмасу процесін тездететін, қанды оттегімен байытатын, қан құрамының өзгеруіне ықпал ететін спорт түрлері пайдалы саналады. Олардың қатарында суда жүзу, су аэробикасы, спорттық жүріс, велоспорт, гольф, күш түсірмейтін жаттығу құралдары мен би билеу бар.

Көздің нашар көруі

Статистика бойынша, Жер шары тұрғындарының үштен бірі көз ауруынан зардап шегеді. Олардың көбі физикалық белсенді өмір сүреді. Дәрігерлер офтальмологиялық патологиясы бар адамдарға спорттық жаттығуларды таңдауда аса мұқият болуға кеңес береді. Өйткені дұрыс таңдалмаған жаттығу түрлері көз көруін нашарлатады. Ал оны қалпына келтіру мүмкін емес деуге болады.

Бас тартқаныңыз жөн

Тау шаңғысы, желкенді қайық спорты сынды спорт түрлерінен бас тартқаныңыз жөн. Оған қоса көзі нашар көретін жандарға хоккей, футбол ойындарына әуес болмауға кеңес беріледі. Аталғандардан бөлек, бокс, суға секіру, күрес, регби, ауыр атлетика, спорттық гимнастика акробатикаға да тыйым салынады.

Байқап көріңіз

Егер көзіңіз оншалықты нашар көрмесе, дәрігерлер суда жүзу, сауықтыратын жүгіру, есумен шұғылдануға рұқсат етеді. Ал көзіңіз мүлдем нашар көрсе, организмнің жалпы тонусын қолдау үшін тек гигиеналық гимнастикамен айналысуға болады. Ал оған дәрігердің рұқсаты қажет.

Өкпе патологиясы

Демікпесі бар адам спорт түрін таңдаған кезде өзіне бірнеше сұрақ қоюы тиіс: мұндай белсенділік барысында тыныс алудың тереңдігі мен жиілігін бақылауға бола ма, жаттығу жасау кезінде мұрынмен тыныстауға бола ма, қажет болған жағдайда демалуға бола ма, физикалық белсенділік жөтелге ықпал ете ме. Демікпенден зардап шегетін адам өмірін сақтау үшін бұл сұрақтардың барлығы да маңызды.

Бас тартқаныңыз жөн

Демікпе кезінде ұзақ уақыт белсенділікті талап ететін және өкпеге күш түсіретін спорт түрлеріне тыйым салынады. Сонымен қатар өкпе ұстамасына сеп болатын футбол, баскетбол, хоккей, ұзақ қашықтыққа жүгіруден де бас тартқаныңыз абзал.

Байқап көріңіз

Демкіпесі бар адамдар үшін жүзу – пайдалы. Оған қоса дәрігерлер велосипед тебуге, байдаркада есу, балық аулау, желкенді қайық спорты, қысқа қашықтыққа жүгіруге рұқсат етеді. Мұнан бөлек, мамандар күш-қуаттың жылдам шығарылуына ықпал ететін топтық спорт түрлерінің пайдалы екенін аңғарды. Олардың қатарында регби, күрес, бейсбол, гольф, гимнастика бар.

Талқылау