Сотталған жігіттің әйелі: Күйеуіме массың деп тиіскен полицейдің бірі көлік капотына мініп, терезені сындырды

Ақтөбе облысының тұрғыны күйеуінің жазықсыз сотталып жатқанын айтып жылады.

Ақтөбе облысының тұрғыны көлігімен көрші ауылдағы туыстарынан шығып, өз ауылына келе жатады. Кенет жол шетінде тұрған адамдарды көріп, не де болса көліктері тұрып қалды деген оймен қастарына барып тоқтайды.

Алайда, жағдайдың қалай өршігенін сезбесе керек. Бүгінде ол сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Тілші».

Күйеуі үшін шыр-пыр болған келіншегімен Ақтөбедегі «бесінші» түрме маңында кездестік. Пакетінде отағасына деп әкелген ас-суы бар екен. Ішке өткізу үшін де кезек күту керектігін айтқан ол бізге бір бума қағазын, сотта айтылған сөздері жазылған флешкасын алып шықты.
«Мен ауылдан келдім. Балаларымды тастап, әділдік іздеп бармаған жерім жоқ. Сот үкімі шықты. Күйеуім сотталып кетті. Бірақ, апелляциялық шағым түсірдік. Не боларын бір құдайдың өзі көрсетер», — деп терең күрсінген Айжан Аймағанбетова бар жайтты қысқаша баяндап берді.

Өткен жылдың қазан айында жолдасы Ержан Асан түс қайта Ырғыз ауданы аумағында Құмтоғай — Қарақұдық ауылдары арасында көлігімен келе жатады.

«Жол шетінде көлік тоқтап тұрады. Қасына жақындап барып, тоқтайды да, олардың неге тұрғандарын, қажет болса көмек көрсетуге әзір екенін жеткізген. Сөйтсе, жол бойында тұрғандар тәртіп сақшылары. Ұрттап алыпсың деп жолдасыма тиісе кетеді. Елсіз жерде жеке автокөліктерімен жүрген екеудің полиция қызметкері екеніне күдіктенген Ержан қызметтік куәліктерін сұрайды», — дейді Айжан.

Алайда, екеуі де құжаттарын көрсетуге асықпаған сыңайлы. Күдіктенген Ержан Асан көлігіне отырып, орнынан қозғала бергенде, жол шетінде тұрған жігіттердің бірі капотқа мініп алса керек.

«Ержанды ол көліктен күштеп шығармақ болады. Терезені сындырады. Салонда екі жастағы баламыз бар еді. Айқай шуды көріп, зәресі ұшып жылайды. Сонда күйеуім дереу баланы құшақтап алады. Көлік өздігімен қозғалып кете береді. Осылайша авто орнынан қозғалып барып, жолдан түсіп барып тоқтаған», — дейді келіншек.

Сотталушы тараптың айтуынша, екі тәртіп сақшысы да оқиға орнында куәліктерін көрсеткендері туралы дәлелдей алмапты. «Егер құжаттарын көрсете қойғанда мұндай келеңсіз жағдай болмас па еді» дейді еңсесі түскен келіншек.

Сот материалдарына сүйенсек, Сарин мен Төлебаев есімді тәртіп сақшылары жұмыс бабымен бір ауылға барған. Алайда ұялы байланыс болмаған соң, жол жаққа келіп, полиция бөлімімен хабарласқан. Бір кезде қастарына Опель Омега көлігі келіп тоқтайды. Жүргізушісі ұрттап алғанға ұқсайды.

«Полиция қызметкерлері Ержан Асанның спирттік ішімдік ішкен мас күйінде автокөлік басқарып келе жатқанын байқап, құжаттарын сұраған. Ержан құжаттарының автокөлік ішінде екенін айтып, көлігіне отырып, оталдыра бастайды. Полиция қызметкерлерінің «көліктен түс» дегеніне қарамастан, жүріп кетеді. Тәртіп сақшысы Төлебаев машинаның алдыңғы капотына жармасып тоқтатуға тырысқанына қарамастан, жүргізуші көлікті тоқтатпаған», — делінген сот материалында.

Іс құжаттарына сүйенсек, көлік жолдың жиегіне жылжи берген. Полицей жігіт жүргішуші жағындағы терезені шынтағымен сындырып, көлікті тоқтатып алған, осылайша, Ержан Асан билік өкіліне қатысты күш қолданды деген айыпталады.

Ержан Асанның өзі сотта айыбын ішінара мойындайды. Туыстарының үйін жағалап жүріп, қайтарда тентек судан кішкене ұрттағанын да айтқан. Қасында екі жастағы қызы болған.
«Көлігіммен кетіп бара жатып, жол жиегінде тұрған адамдардың қасына тоқтағаным рас. Бар ойым, көмек керек болса, қол ұшын созып жіберейін дегем. Көліктері бұзылып тұр деп ойладым», — деген сотта Ержан Асан.

Бүгінде оның қорғаушылары сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсірді. Ержан Асан Моңғолиядан көшіп келген, бүгінде бес баласы бар.

Тағы д оқыңыз:

Қарағанды облысының тұрғыны ақшадан тарыққандықтан діни ағымға кіруге бел байлаған

ШҚО-да орталықта тәрбиеленіп жатқан мүгедек жандар шаңырақ көтерді (фото)

Не себепті сәбиді өзге ананың емізуіне болмайды?

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
19.06.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар