Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сылақ құлап, қоқыс шашылған: Жамбыл облысында 111 миллион теңгеге салынған спорт залы қаңырап тұр

Жамбыл облысы Жуалы ауданында жөндеуіне 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған спорт зал жұмыс істемей тұр. Арнайы комиссия жұмыстың сапасыз жүргізілгенін, қажет техниканың алынбағанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Жаңа жыл қарсаңында Кәріқорған ауылындағы спорт залы салтанатты түрде таныстырылды. Дене шынықтыру мекемесі бірнеше ондаған жыл қараусыз қалған ғимаратта ашылды. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуге 111 миллион теңгеден сәл астам қаржы жұмсалды. Алайда тексеріс кезінде жөндеу сапасыз жүргізілгені анықталды.  

“Бұл спорт кешенін қалпына келтіру жұмыстары нашар жүргізілді. Жобалық-сметалық құжаттаманы тексеріп, спорттық құрал-жабдық қамтамасыз етілмегенін анықтадық. Тапсырыс берушінің айтуынша, олар спорт құрал-жабдықтарын Жамбыл облысының дене шынықтыру басқармасы уәде еткенін айтады”, – деді Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Қуатбеков.

“Басында сметаны қате құрастырдық деді. Кәріз жүйесі тартылмаған, жарты жолда тастап кеткен. Тараздан комиссия келіп, осы кемшіліктердің барлығын анықтады. Ғимарат күзетілмейді. Ол бұдан былай бос тұра берсе, жойылады.”, – деді Кәріқорған ауылының тұрғыны Дәурен Үсіпбеков.

Сылақ құлап, қоқыс шашылып, жарықсыз, жабдықталмаған бос бөлмелер жатыр. Аудандық спорт бөлімі басшысының айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары кейінге қалдырылған. Бұл нысанды спорт бөлімі бақылауға алуы керек еді, бірақ бұл әлі орындалған жоқ.

“Жұмыстың барлығы дерлік аяқталды. Кішкене қалды. Тастөсеуіштерді жаю керек. Бұл күн жылынғаннан кейін жасалады. Олар жаттығу залын облыстық спорт басқармасына беруді жоспарлаған, бірақ олар бас тартқан. Енді ауданның балансына аламыз”, – деп мәлімдеді Жуалы аудандық спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов.

Барлық кемшіліктерді кепілдікпен мердігер жояды. Жергілікті билік штат жасақтап, бюджеттік өтінім беруді жоспарлап отыр. Аудандық мәслихат мақұлдаса, бір айдан кейін спорт залы ашылады. Ал Жуалы ауданына қарасты аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында 3 жыл бұрын басталған спорт кешенінің құрылысын қайта қолға алды. Құрылыстың кешігуіне байланысты мердігерді сотқа берді.

“Мердігер компанияны сот адал емес деп таныды. Бұл спорт кешенінің құрылысына бөлінген 64 миллион теңгені қайтару туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін тағы бір мердігер анықталды. Ауыл тұрғындары спорт кешені биыл салынып бітсе, жастардың көңілін аулайтын орталыққа айналады деген сенімде”, – деді Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Талғат Қуатбеков.

Талқылау