Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте зорланған 9 жасар қыздың оқиғасының мән-жайы белгілі болды

Қала іргесіндегі Тоғыс ауылында 9 жастағы қыз баланы белгісіз біреу күштеп, жыныстық қатынасқа түскен. 4-сынып оқушысы сол уақытта үйірмеден үйіне қайтып келе жатқан екен. Алайда, жол-жөнекей торуылдаған азғын оны ұстап алып, құрылысы бітпеген нысанға апарып, арам ойын жүзеге асырған. Тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді.

Шымкентте зорланған 9 жасар қыздың оқиғасының мән-жайы белгілі болды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оқиға 5 қаңтар күні күндіз болған. Бет-жүзін көрсетпек түгілі, аты жөнін айтуды жөн көрмеген жергілікті тұрғын сұмдық жағдайды сол заматта естігенін айтады. Ал қолда бар деректерге сүйенсек, 9 жастағы қыз бала үйірмеден үйіне қайтып келе жатқан екен. Жол-жөнекей оны белгісіз ер адам күшпен алып кетіп, мектепке жақын тұрған құрылысы аяқталмаған нысанға апарып, арам ойын жүзеге асырыпты. Осындай фактінің болғанын қалалық білім басқармасы да растап отыр.

«Зорлау фактісі күндізгі сағат бала үйірмеден қайтқан кезде үйіне жетпей болған деп жатыр. Бітпей қалған ғимаратта болған дейді. Мұндай факті орын алған», – дейді қалалық білім басқармасының бас маманы Әшір Әдеев.

Басқармадағылар ата-аналарды каникул кезінде балалардың қауіпсіздігіне барынша қамтуға шақыруда. Үйірмеге жетектеп апарып, әкеліңіздер дейді. Зәбір көрген жеткіншек пен оның ата-анасына психологиялық көмек көрсетілуде екен. Алайда, осы оқиға қатысты қыздың туыстары мен ауылдастары тіс жарып ешкімге ештеме айтқылары келмеді. Ал оңтүстікте мұндай сұмдық оқиғаның жиілеп кеткені жұрттың жанына батып отыр.

«Жүрегім ауырмақ түгілі жылағым келеді, шығарым. Мен де немере өсіріп отырмын. Ұлым ұяға, қызым қияға қонды, Құдайға шүкір!. Қазір немере мені ойландырып жатқан нәрсе. Міне, немерелерім сондай бәлеге ұшырамаса екен, сондай пәлекет жасамаса екен, әдемі жақсы жүрсе екен деген ниет. Барлық қарияның ниеті осы. Ынтымақ, бірлік, татулық, достық», – дейді қала тұрғыны Байдулла Қонысбек.

«Қыз баланы зорлап кетіпті» деген әңгіме бір ғана Тоғыс ауылын емес, барша жұртты дүр сілкіндірді. Ал, тәртіп сақшылары болса, күдіктіні іздестіріп жатқанын айтады. Әзірге, нәтиже жоқ екен. Бірақ, жәбірленушінің кәмелеттік жасқа толмағанына байланысты, ол туралы ашып айтпай, бәрін құпия ұстап отыр. Бір анығы, қылмыстық іс Шымкент қаласы Полиция департаменті мен Прокуратурасының бақылауында екен.

«Аталған жәйт бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстың белгілері бойынша көрінеу жас баланы зорлау, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Қылмыспен ұстауға бағытталған жедел іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, болған мән-жайларды анықтау және кәмелетке толмағандарды заңмен қорғалатын құқықтарын сақтау үшін барлық қажетті шаралар қолданылды», – дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Гүлжазира Қасымова.

«Тоғыс» қала іргесінде жатқан елді мекен. Тұрғын үйлер үлкен жолдың екі тұсын жағалай қоныстанған. Мектеп те осы жерде тұр. Жұрт жиі жүретініне қарамастан, қаскөйдің қалайша осы тұста жеткіншекке зәбір көрсеткені әзірге белгісіз.

Соңғы уақыт кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық қарым-қатынастың құрбаны болу дерегі жиілемесе, азаяр емес. Мысалы, осыдан бірнеше күн бұрын 13 жастағы қыз баланың абыройын айрандай төккен азғын ұсталды. Қазір, тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер оның қылмысы толық дәлелденетін болса, ол қатаң жазаға тартылуы мүмкін. Ал, күні кеше азғынның құрбанына айналған мектеп оқушысы осы күні сабаққа қатысып жүр. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкентте 9 жасар бүлдіршін қызды зорлап кеткенін хабарлаған едік.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау