Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте зейнетақысын ала алмаған Назарбаев ақсақал қайыр сұрап күнелтіп жүр

Бүгінде үлкен қалалардың көшелерінен қайыршыларды жиі көретін болдық. Оларды көрген сайын мұндайлар неге көбейіп кетті деп көңіліміз түсіп қалатыны рас.

nazarbaiev1

Кешегі аптада біз Шымкенттегі Қазыбек би көшесінің бойында өткен-кеткенге қол жайып жүрген қарияны байқадық, деп жазады Замана газеті.

Қорқып қалса керек, біздің өзіне қарай жүргенімізді байқаған ол кісі қолындағы ыдысын артына жасырды. Қасына барғанымызда бізді әкімшіліктен келді деп ойласа керек, нанға ақша сұрап жүргенін айтып жыларман күйге түсті.

«Жасым 66-да, әйелім де 60-тан асып барады, – деді өзін Бекет Нұрдинұлы Назарбаевпын деп таныстырған қария (суретте). – Сарыағаштың тумаларымыз. Екеумізде де ешқандай құжат жоқ болғандықтан зейнетақы ала алмай жүрміз. Екі ұл, екі қызым бар. Бір ұлым қой бағады, екіншісі арақты көп ішіп, бауырдан айырылды. Әр жерде жұмыс істеп жүреді. Қызымның біреуі Бадамда, екіншісі екі баласымен қолымда. Олардың бәріне нан керек.

Бұрын Қырғы базарда арба айдап едім, кейін оған жарамай қалғандықтан осылай көшеге шығып қайыршылық жасауға тура келді. Күніге 1000 – 2000 теңге табамын. Кейде соны да жаны ашымайтын полиция қызметкерлері тартып алып кетеді. Олар маған бұлай көшеге шықпа дейді, сонда не істеймін, үйде жата берсек, аштан өлеміз ғой. Өзіміз айына 10 мың теңгеден пәтер жалдап тұрамыз. Ақшаны уақтылы бермесек  пәтерден де қуып шығады. Әкімшіліктің қыздары да келіп қайыршылық жасама, кет дейді. Бірақ көмектесемін дегенді айтқан біреуі жоқ. Тым құрыса құжатымды қалпына келтіріп берсе зейнетақы алып отырар едім. Пенсияға шыққым келеді».

Бекет қарияның әңгімесін тыңдап болып, қоштасып тұрғанымызда ол кісі бізге таңертеңнен бері ештеңе татпағанын айтып нанға ақша тастап кетуімізді өтінді. Қалтамыздағы темір теңгелерді алғаннан кейін ол сол жердегі дүкенге қарай кетіп бара жатты.

…Жалпы, Қазақстанда көшеде қол жайғандар болмасын десек, қайыршыларға емес, қайыршылыққа қарсы күрес туралы заң қабылдау керек-ау. Әйтпесе онсыз да нан таппай жүргендерді айыппұл салып көшеге шығармай қоямыз деген ақылға сыймайтын секілді.

Жіберіп алмаңыз:

Ақтөбеде ер адам автобус жолаушыларының көзінше мерт болды

Көшеден ақшасы бар әмиян тауып алған азамат иесін іздеп жүріп қайтарып берген

Мұхамедиұлы: Мен не үшін отставкаға кетуім керек, шындық үшін күрескенім үшін бе?

Алматыда жезөкшелерге көмектескен полицейді түрмеге жапты

Талқылау