Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Шымкентте бір түн ішінде айып тұрағындағы 45 көлік өртеніп кетті
Бір түнде 45 көлік жанып кетіп, иелері жаяу-жалпы қалды. Төтенше жағдай Шымкент қаласында болды. Айып тұрағынан тұтанған тілсіз жау айналасындағы жиһаз цехында шарпыды. Көлігі күлге айналған тұрғындар қазір шыр-пыр болып жатыр. Ал айыппұл тұрағының басшысы барлық шығынды өзіміз өтейміз деп жұртты жұбатуда.
Сурет: Еуразия бірінші арнасы/ видеодан кадр
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ақылы айыптұрағындағы өрт түнгі сағат 1-лер шамасында басталған. Құзырлы орган өкілдерінің алдын ала болжамы бойынша, тілсіз жау шикі мұнай қалдықтары тиелген Камаздан шыққан сияқты.
Бірер сағаттың ішінде қызыл жалыннан 45 көлік күлге айналды. Оның 35-і тозығы жеткен машина болса, қалғаны 10-ы жол ережесін бұзған үшін айып тұрағына тоғытылған екен.
Айып тұрағы “ЛТД Тұрмыс” серістестігінің меншігінде екен. Қазір өрттің шығу себебі мен шығындары анықталуда. Әсіресе, көлігінен айырылып, қолына кілтін ұстаған тұрғындар шыр-пыр болып, өтемақыны кімнен сұрарын білмей жүр. Әзірге, айып тұрағының басшысы көлік иелерінің шығынын өз мойнына алып отыр.
«Өрттің жалпы аумағы 294 шаршы метрді құрады. Өрт 02:13-те оқшауланып, 03:05-те толық сөндірілді. Өртті сөндіруге 76 қызметкер 17 техника жұмылдырылды. Қосымша, медициналық апаттар орталығынан 4 қызметкер 1 техника шақырылды. Онымен қоса „ЛТД Тұрмыс„ ЖШС қызметкерлері көмекке келді» – Түркістан облыстық ТЖД бас маманы Рауан Ордабек.
Жалынның күшті болғаны соншалық, осы маңдағы жиһаз цехында шарпыған. Абырой болғанда ешкім жарақат алмаған, адам шығыны болған жоқ. Өрт екі сағаттың ішінде сөндірілді. Бір қызығы, оқиғадан кейін автотұрақтың айналасына темір қоршаулар қойып тастаған. Ешкімді кіргізбейді. Көлік иелерінің өзі түрлі құжатын көрсетіп, әзер өтуде.
Ал шығынды өзіміз өтейміз деген cеріктестік басшыларымен тілдесу мүмкін болмады.