Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте балалар үйінің қос түлегі отбасын құрды (фото)

Шымкентте балалар үйінің түлектері шаңырақ көтерді. 22 сәуір күні «Жасөспірімдер үйі» жас жұбайлардың үйлену тойын ұйымдастырды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

vlcsnap-2017-04-22-14h24m07s163

Тойға екі жастың мұғалімдері, достары және өздері өскен балалар үйінің тәрбиешілері келген.

21 жастағы Қуаныш ОҚО-ның Арыс ауданында дүниеге келген. Ал оның 19 жастағы қалыңдығы Анастасия Төле би ауданының тумасы. Қуаныштың жасөспірімдер үйінде тұрып жатқанына үш жыл болса, Настяның келгеніне бір жылдан енді ғана асыпты. Бозбала оны бір көргеннен ұнатып қалғанын айтады. Екі жастың көңіл қосқандарына бір жылдың жүзі болған. Алғашында достық қарым-қатынаста болған. Тәрбиешілер бұдан хабарсыз болса керек-ті.

vlcsnap-2017-04-22-14h22m43s79

Ешкімге сыр ашпаған ғашықтар алты ай өтіп, сезімдері күшейіп, аралары жақындай түскен соң ғана көпшілікті құлағдар еткендерін айтады. Қуаныш сол кездің өзінде байсалды қадамға іштей бел буған екен. Ал Настяға бұл ниетін бір ай бұрын білдіріпті.

«Настяны бір көргеннен ұнаттым. Бірақ бірден сөз салмай, алғашында сырттай бақылап жүрдім. Сөз салдым. Үш-төрт күн ойланып, келісімін берді. Ал үйлену жайлы ұсыныс жасағанда, бірден келісті», – дейді Жолбарыс Қуаныш.

Анастасия сезімдері жайлы тарқатып айтуға қысылады. Оңтүстік өңірде өскендіктен бе, бойында қазақтың қыздарына тән ұяңдық, инабаттылық бар. Ол тәрбиешілеріне шексіз риза.

vlcsnap-2017-04-22-14h28m37s34

«Біздің осы күнге жетуімізге, табысуымызға себепкер болған апайларымызға алғысымды жеткізгім келеді. Қай жағынан болса да, осы уақытқа дейін қолдап, қолпаштап келді», – дейді Настя.

Қуаныш М.Әуезов атындағы университетінде, ал Настя политекхникалық колледжде оқиды. Қуанышқа жақында ғана Арыс қаласынан үй берілді. Алайда, оқуды тәмамдағанша, екі жас Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрмақ.

Шымкенттегі «Жасөспірімдер үйінде» 76 бала тұрады. Олардың жас аралықтары – 16-23. Көбі студенттер, біразы түрлі салада жұмыс істейді. Оңтүстік облыстың түрлі аудандарындағы балалар үйінде өскен олар бүгінде бір отбасыдай болып кеткен. Тіпті, өзара отбасын құрып жатқандар да бар. Бұл ретте Қуаныш пен Настяның соңғы екі жылда шаңырақ көтеріп отырған үшінші жұп екенін айта кетейік.

Жіберіп алмаңыз:

8 жасар қызды педофилден құтқарған оқушы тегін оқудан бас тартты

Өскеменде 85 жастағы қария жоғалып кетті

Қызылордалық “магнит адам”:Күші маған тең келетін адам жоқ

Орал тұрғыны балаларға қарап, мастурбация жасап тұрған адамды түсіріп алды (видео)

Талқылау