Шымкентте 2 айлық сәби құрамында сынап бар жасанды сүттен уланған
Дәрігерлер уақытша ана сүтін емізуге тыйым салғандықтан екі айлық баласына жасанды сүт берген соң, сәбидің іші өтіп, қан құса бастаған. Дер кезінде ауруханаға жатқызылған баланың үлкен дәретінен сынаптың қалдықтары шыққан. Осылайша баланың ата-анасы сынапты жасанды сүттің қорабынан шыққан болар деп болжауда, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп.
Екі айлық Шәкәрімнің анасының сүтінен инфекция табылған екен. Салдарынан сәби үш аптадан бері жасанды сүтпен қоректеніп келеді. Содан мазасы қашып, әлсіреген бала қан құсып, денесі бөртіп, сүт ішуден қалған.
Анасының айтуынша, баласы әлсізденіп жыбырлай берген. «Сүт ішпей қойды. Сусызданып кеткен екен», – дейді анасы, Маржан Сманова.
Ал сынапты ауруханада байқаған. Ол баланың үлкен дәретінен шыққан. Бастапқыда ата-анасы сынапты термометрден шыққан шығар деп ойлаған, алайда улы химиялық элемент жасанды сүттің құрамында болып шыққан.
Бұған таңғалған сәбидің анасы басқаларға өте мұқият болуларын сұрайды.
Ата-анасының бақытына орай, бала аман-есен. «Ішектің функцианалды бұзылысы» диагнозы қойылған бала жақын арада ауруханадан шығады. Ал дәрігерлерге болса сынаптың емізіктің тесігінен өтіп кеткеніне таңқалуда.
«Баланың іш қуысын жалпы рентгенге түсірдік. Сол кезде баланың ішек жолдарында бөгде заттар анықталды. Ол улы заттар сәбидің денсаулығына зиян келтірмейді. Өміріне зиян тигізбейді. Себебі, ол бөгде зат ретінде ішек қуысына түсіп, сол баланың үлкен дәретімен ішек жолдары арқылы шығып кетеді», – дейді Гүлжанат Наурызова, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының бөлімше меңгерушісі.
Баланың денсаулығына зиян келтірмесе де, ата-анасы тиісті органдарға арыз жазып, сүт сапасын тиісті мамандардың тексеруін талап етпекші.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.