Шығыс Қазақстанда аш қасқырлар адамдарға шаба бастаған

ШҚО-да қасқырлар саны күрт көбейген. Азық іздеген олар малын жайып отырған шаруалардың  ғана емес, ауыл тұрғындарының да мазасын ала бастаған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Алайда мамандар қасқырдың алдында қауқарсызбыз деп отыр. Аңды тікұшақпен жүріп атуға заңмен тыйым салған үкімет әр өңірдің географиялық жағдайын ескермеген екен. Енді жермен қуса  тау арасымен қашатын қасқырлар инспекторлар қалай күресерін білмей дал болуда.

Мал бағып, шаруасын дөңгелетіп отырған өскемендік Талғат Қалиев соңғы күндері миллиондаған шығынға баттым деп зар жылап отыр.  Күні кеше ғана қасқырлар оның үш асыл тұқымды жылқысын тартып кетіпті. Оның жайылымы Ұлан ауданында тау бөктерінде екен, сондықтан өз күшіммен қасқырдан қорғануға қауқарым жоқ дейді шаруа.

Бұрындары  бірді-екілі ғана мал тартатын жыртқыштар соңғы кездері шабуылын үдетіпті. Айырмен ғана қарулаған малшыларға бөрілер бой бермейді екен.

«Жағдай қиын болып тұр. Малды шығаруға қорқамыз. Енді осыдан басқа айтарымыз жоқ енді»,дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Қалиев.

Жуырда ғана мына  жерде 12 жыртқыш ойран салып кеткен екен. Содан зәресі ұшқан жұрт  балаларын мектепке жібермей қалған.

Мамандардың айтуынша,  соңғы кездері облыста қасқырлар саны мыңнан асыпты. Әсіресе, Ұлан, Аягөз, Тарбағатай,  Зайсан аудандарының малшылары зар жылап отыр. Былтыр тек Зайсан ауданында ғана  бөрілер алпысқа жуық ірі қара, жүзден астам жылқы мен бір отар қойды қырып кеткен.

Миллиондаған шығынға батқан шаруаларға инспекторлар да еш көмек көрсете  алмаймыз деп отыр. Жыртқышты көктен көздеуге заң, ал жермен қууға табиғат кедергі көрінеді.

«Батыс Қазақстанды алып қараңызшы. Оларда жазық жер. Қарда жүретін техникамен қасқырды қырып салуға болады. Ал бізде таулы аймақ. Жыртқышты қуып жете алмайсың. Ал тікұшақпен атуға заңмен тыйым салынған. Сондықтан қолымыз  байлаулы», – дейді ШҚО орман және аң шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Василий Ткаченко.

Жергілікті инспекторлар мәселе тек қасқырды  әуеден атуға рұқсат берілгенде ғана шешіледі деп отыр. 3 жыл бұрын Батыс Қазақстанда қасқырлардың саны күрт кеміп кеткенде,  үкімет қаулы шығарып, түз тағысын тікұшақтан атуға тыйым салған екен. Ал өзге өңірлердің  географиялық  жағдайы ескерілмеген дейді құзырлы орындағылар.

«Үкіметтен осы қасқырды тікұшақпен атуды, снегоходпен қуалап атуды аңшыларға қайтадан қайтарып берсе. Бізде өзімізде қару-жарақ жоқ. Біз қару-жарақ ұстамаймыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Қалиев.

Инспекторлар әзірге қасқыр санына мониторинг жасаудан әрі аса алмаймыз дейді. Айтуларынша, осы жыртқыштың күрт көбеюінен өңірде қоян мен еліктер де азайып кеткен. Азығы бітсе, ашбөрі адамға да шабудан таймайды дейді олар.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
15.12.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар