Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктер Қазақстанда жемқорлық тым төменгі деңгейде деп мәлімдеді

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер арасында парақорлық сынды экономикалық қылмыстар жыл санап азайып жатыр екен. Тіпті, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша көпке үлгі болатын Грузиямен теңесіп қалыппыз.

нп

Сурет exclusive.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Еліміздің мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік өкілдері осылай деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақстандық шенеуніктер бұл пікірін бүгін Астанада өздері ұйымдастырған конференция барысында халықаралық сарапшылар алдында мәлімдеді.

Жемқорлықтың алдын алу тақырыбында өткен конференцияға әрісі Сингапур, берісі Ресейден сарапшылар шақыртылыпты. Әртүрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері де бар. Мұндай ауқымды шараны ұйымдастыруға елдегі экономикалық қылмыстардың көбеюі себеп болды ма деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Алайда, шенеуніктер керісінше пікірде екен.

“Нақты статистика айта алмаймын. Бірақ менің ойымша қылмыстық істер әр жыл сайын төмендей бастады. Негізінен біз көбіне превенциялық тетіктерді қолдана бастадық”, – деді ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі министрінің орынбасары Айгүл Шаимова.

Алдын ала ескерту арқылы жемқорлықпен күресіп жатырмыз деген министрлік өкілдері бұл бағытта Грузиямен теңесіп қалдық деді. Біз үлгі еткен кавказдық елде пара беру, командамен жұмыс істеу сынды заң бұзушылықтар соңғы уақытта ұмытыла бастаған. Онда министр тұрмақ, орта деңгейлі шенеуніктің жемқорлық үшін сотталу фактісі 3 жыл бұрын тіркеліпті. Әртүрлі экономикалық қылмыстар бойынша істі болған шенеуніктерінен бір министрлер кабинетін жасақтауға болатын Қазақстан үшін Грузияның құпиясын білу керек-ақ.

“Басты құпия – халықтың қалауы. Тек қана үкімет емес, азаматтық қоғамның ұстанымы да маңызды. Бізде мемлекеттік қызметке өз ұлын немесе досын әкелді ме, бюджет қаржысын ұрлады ма айырмасы жоқ. Бұл әрекетімен мемлекетке зиян келтіргенін түсінуі керек”, – дейді Грузия мемлекеттік қызмет жөніндегі бюро директорының орынбасары Темур Чехарадзе.

Тәуелсіздігін бізбен бірге алған грузиндерге осындай жағдайға жету үшін 10 жылдай уақыт қажет болыпты. “Қатардағы азамат ең алдымен өзі пара беруден бас тартсын” деп кеңес берген Темур Чихарадзе үкімет те қатаң шаралар қолдануы керек деді.

Қазақстанда былтыр күшіне енген жаңа қылмыстық кодекске сәйкес жемқорлық әрекеті дәлелденген мемлекеттік қызметкердің айыппұл төлеп абақтыдан құтылып кетуіне мүмкіндігі бар. Осы заңның аясында “пара алды” деп ұсталған табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов сот залынан босап шыққан еді. Экс-шенеунік өзіне салынған 1 миллиард 100 миллион теңге айыппұлды былтыр күзде толықтай өтеген болатын.

Талқылау