Шахановтың әзілдері: Қораздың жұбайы мен айғырдың әйелі болмаса, аштан өлетін едім

Жұма, 9 Маусым , 2017 8:58

Қазақ ақыны Мұхтар Шаханов жайлы қызықты деректерді біле жүріңіз.

a04165ba-ea20-4d42-9012-f3a5d5b176de

Бұл туралы Әдебиет порталы хабарлайды.

“ШЫҢҒЫСХАНҒА ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫҢ?”

Мені Мұхаңмен алғаш таныстырған, әрі «Жалын» журналына қызметке тұруыма себепкер болған – белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлі. Қалдыбек екеуміз Мұхаңның кабинетінде отырмыз. Қалдыбек мені Мұхаңа таныстыруда. Анау-мынау деп мені мақтай келе «Жалғыз ғана кемшілігі бар. Ол – сізге жерлес, отырарлық болғаны» деді. Ол кез Мұхаңның «шыңғысханшылармен» жағаласып жатқан кезі болытын. Соған орай Қалдыбек «Мұхаңа сіздің қожа екеніңізді білдірмейік. Ол кісі ру дегенді онша түсіне бермейді. Қожа екеніңізді білсе, төре екен деп ойлап қалады да… Тағы кім біледі…» деп сөзін жұта аяқтады. Руға бөліну дегенді онша түсіне бермейтін мен де Қалдыбектен «Мұхаңның өзі қай руға жататын еді» деп сұрадым. Ондайға жетік, кімнің-кім екендігін оның өзімен қоса әйелін де бақайшағына дейін талдап беретін Қалдыбегім «Қыпшақ, оның ішінде – көкмұрын. Ал жеңгемізге келсек, қазіргісі – шапырашты, бұрынғылары…» дей бергенде «Мақұл, осы да жетер» деп зорға тоқтатқанмын.

Байқаймын, Мұхаң маған көзін сығырайта, сынай қарап отыр. «Өзіңіздің ініңіз, өзіңіздің ініңіз…» дей берген Қалдыбекке «Мұндай ініні танымаймын», – деді. «Рас, былай білемін. Бірақ іні ретінде танымаймын. Іні болса, осы уақытқа дейін қайда жүр? Мына шыңғысханшылармен жағаласып жатырмын, сондай кезде қасымнан табылмай ма?» – деді де іле: «Сен өзің Шыңғысханға қалай қарайсың?» – деп маған Шыңғысханның сарбазын көргендей ежірейе қарады. – Біз енді Отырарда туған соң, Отырар төбені көріп өскен соң Шыңғысханға ішіміз жыли қоймайды ғой, – дей бергенімде, Мұхаң: – Сонда осылай үнсіз жата бересіңдер ме? – деді. – Біз енді кішкентай адамбыз. Оның үстіне жалғыз өзіңіз-ақ ешкімге дес бермей жатырсыз ғой, – дедім мен. – Кішкентай адамбыз деген не сөз. Қолында қаламы бар адам кішкентай болушы ма еді. Әлде… – деп біраз ойланып қалды да: – Бір адамды тану үшін екі килә тұз жеу керек. Қазір қайда істеп жатырсың? – деді.

Мен «Парасат» журналында орынбасар екенімді, бірақ Көпеннің өзіне шақырып жатқандығын айттым. Біраз таяқ жеп қалған басым өз бағамды шамалы көтерген болып жатырмын. – Көпеннің журналы әлі шығып жатыр ма? – деді Мұхаң. – Иә. «Ара» журналы… – дей берген менің сөзімді Мұхаң тағы да бөліп: – Қайдағы «Ара», шыбын десейші, – деді. – «Ара» болса, шақпай ма? Шыбын ғой, шыбын, – деді тағы да: – Онда не бар? – дегенді де қосып қойды. Байқаймын, іші жыли бастады. Не керек, жұмысқа қабылдандым. Әуелгіде бөлім редакторы етіп аламын деді де, іле жауапты хатшы етіп қабылдады. Жүре келе орынбасары болдым. Кейін депутат болып кетерде орнына редактор етіп қалдырды. Ағалы-інілі болдық. Кейде достық рәуіштегі әңгімелерге де ерік береміз. Ондай сыйластықта ізет пен құрмет қатар жүреді. Қарым-қатынастың да, әзілдің де мөлшері бар. Соны сақтай алсаң, бәрі жарасымды. Оның үстіне Мұхаң… Бәрін ретімен айтайық.

БАСЫ ШЫРЫЛДАП ІСТЕЙТІН АДАМ

Мұхаңды көпке дейін түсіне алмай жүрдім. Әуелгіде айналасының бәрі ашық-шашық, аңғал-саңғал сияқты көрінді. Біреу келіп, біреу кетіп жатады. Әр келген адам бір-бір проблеманы көтеріп келеді. Дереу жиналыс шақырамыз. Газеттер жоқтан өзгені жазып шу шығарады. Сол «шуды» талқылаймыз. Қарсы мақала ұйымдастырамыз. Өзімізге қарап тұрған, өзіміз көтеріп жүрген мәселер де шаш етектен. Шыңғысхан өз алдына бөлек тақырып. Мұхаңа қарап қоямын. Еш мойымайды. Бәріне үлгереді. Және де алдында бір адам отыр ма, жоқ әлде жүз адам отыр ма, оған бәрібір, көтеріп отырған мәселенің маңыздылығын, қажеттілігін, егер бұл мәселе шешілмесе құрдымға кететіндігімізді айтып таусыла, жанын жеп сөйлегенде бар ғой… Күнде солай. Мұхаңды тыңдағандардың барлығы кабинеттен көздері жасаурап шығып бара жатады. Қай-қайсысы да «Бұл кісі болмағанда қайтер едік…» деп Мұхаңның барына шүкіршілік етеді. Біреуін шығарып салып «Уһ» дей бергенде, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас сұға бастайды. Тағы да жиналыс. Мұхаңның жиналыс басқаруында қалыпты жүйе жоқ.

Бірінші көрген адам Мұхаң жиналысты өмірінде бірінші рет өткізіп отыр екен деп қалады. Соған орай әлгі адам білгішсініп «Әуелі күн тәртібін белгілеп алайық. Төралқа сайламаймыз ба…» деген сияқты жиналыс өткізудің қалыптасқан жүйесін айта бастайды. Ондай кезде Мұхаң «Мынаның басы шырылдап істеп тұр әй. Сөзді осыған берейік» дейді де «Ярқұди, мынаның телефонын жазып ал, бізге керек адам екен» дейді. Ярқұдиы – мен. Құдияр дегеннің соңғы буынын алға шығарып айтады. Менің өзіме, жұмысыма көңілі толған кезде ұдайы «Ярқұди» дейді. Егер «Құдияр» деп қалса, онда бір нәрсе бүлдіргенім. Жиналыс басталады. Өте маңызды жиналыс. Жиналысқа қатысып отырғандар да ел аузында жүрген сайдың тасындай жігіттер. Мұхаңның жиналыс басқаруы сол баяғыдағыдай. «Өздерің білесіңдер, менің бұл мәселеге басым жете бермейді» деп бастайды әңгімесін. Міндетті түрде «Жеті-ақ кластық білімім бар» дегенді қосып қояды. Сөйтеді де жиналыс басқарып отырғанын ұмытып кетіп «Маған кейбіреулер осы жеті класты да көп көреді. Өткенде Менғауин (Мағауинды осылай атайды) мені үш жарым класс бітірген депті» деп осы орайда біраз нәрсенің басын шалады.

Осындай құрғақ әңгіме созылып бара жатқан кезде жиналыстарға қатысып ысылған тағы біреу орнынан тұрып күн тәртібіндегі мәселе туралы айта бастайды. Ондайда Мұхаң шынымен-ақ қуанып кетіп «Ярқұди, мынаның басы шырылдап істей екен. Дереу телефонын жазып ал», – дейді. Әуелгі кезде Мұхаңның осылайша жиналыс басқаруына, «жеті-ақ класты бітіргенмін» дейтініне, институтты сырттай он жыл оқып жүріп бітіргендігіне, әңгімесіне трактор айдаған кезін мақтанышпен қосып отыратындығына кәдімгідей намыстанатынмын. Мұхаңа тиіскен кейбіреулер осындай «кемшіліктерін» тізіп мақала жазса, соны Мұхаңа көрсетпеуге тырысатынмын. Бірақ ондай мақаланы Мұхаң бәрібір тауып алады. Тауып алады да маған дауыстап оқып береді. Оқып отырып рахаттанып күледі. «Өзіңіз осындайларға ыңғай беріп жүресіз» деп мен кәдімгідей кейістік білдірсем, Мұхаң «Айта берсін, маған мұндай әңгімелер жұқпайды» дейді. Шынында да жұқпайды екен. Оған жүре келе көзім жетті. Өз кемшілігін дәрежесі төмен адамдар жасыратын көрінеді. Ал есімі аңызға айналған адамдарға әлгіндей «кемшіліктер» көрік беріп тұрады екен.

“АБАЙҒА ОБАЛ ҒОЙ”

Бірде Мұхаң телефон шалды. – Не жаңалық бар? – деді амандықтан соң. – Жаңалық болғанда, «жеті класты бітіргенмін» деп бізге өтірік мақтанып жүр екенсіз ғой, – дедім. – Немене, күдігің бар ма? Сенбесең, құжатын көрсетуге болады, – деді Мұхаң. – Мен сенемін ғой, бірақ аттасыңыз сенбейтін сияқты, – дедім. – Менғауин ба? Ол не депті? Тағы да бірдеңке жазып па? – Иә, жазыпты. Сізді «Үш жарым класс бітірген» депті. Айтпақшы, сіздің трактор айдағаныңыз да бекер сияқты ғой… – Немене, ол туралы да айтып па? – Иә. Сізді «трактордың соқа тіркеушісінің көмекшісі болған» депті. – Ол да қатырады. Трактор айдағаным рас. Оның да құжатын көрсетуге болады. Тағы не депті? – Әлгі сіз алған «Нобель атындағы Алтын медальды» да медаль емес, значок дей ме, оны да бір киоскіден сатып алғансыз ба… Әңгімесінің нобайы соған келеді. – Ой, ол да…

Оны Мәскеуде үлкен жиында табыс еткен. Оның да құжаты бар. Тағы не дейді? – Әзірге осыған риза болыңыз. – Әй, сол-ақ күйдіріп бітті-ау… Түсінігінің түрін қара. Оның ойынша жоғары білім алғанның бәрі ақылды. Мені қойшы, Абайға обал емес пе? Онда тіпті бастауыш кластық та білім жоқ қой… Жарайды, кейін әңгімелесерміз,– деді Мұхаң. Бірде Алматы қаласында үлкен бір шара өтті. Өңшең ығай мен сығай сол жерде бас қосты.Мұхаңа ілесіп мен де бардым. Мұхаң жүрегіне операция жасатып, Түркиядан жақында ғана келген болатын. Бір кезде байқасам, Мұхаңмен Мұхтар Мағауин құшақтасып амандасып жатыр екен. Екеуі кәдімгідей-ақ қауқылдасып қалды. Алыптарда біз түсіне бермейтін мінез көп-ау деген ойда қалдым.

“ҚОРАЗДЫҢ ЖҰБАЙЫ МЕН АЙҒЫРДЫҢ ӘЙЕЛІ БОЛМАСА АШТАН ӨЛЕТІН ЕДІМ”

Мұхаң екеуміздің жұбымыз ажырамайды. Қай жаққа барса да мені ертіп алады. Тойда да, өлім-жітімде де біргеміз. Мұхаңның орны қай кезде де – төр. Қасына қонжиып мен отырамын. Әуелгіде қысылатынмын. Кейін етім үйренді. Тіпті Мұхаңсыз барған жерлерде де төрге шығып кететін болдым. Мұхаңның орнына келіп отыр ғой деп, әйтеуір ешкім бетімнен қақпайды. Мұхаңның қасында жүргеннен жұққан тағы бір жаман әдет – қойдың басын өзімнің меншігім сияқты қабылдайтын болдым. Мұхаң денсаулығына байланысты қойдың етін жемейді. Оған кім мән берсін. Қайда барсақ та Мұхаңа қойдың басын ала жүгіреді. Ол кісі қашанғысындай қарапайымдылығымен бәйек болып, басты маған ұсынады. Үй иелері Мұхаңның өзі құрметтеп отырған бұл кім еді деп маған тосырқай қарайды. Мен де «Мұхаң қойдың етін жемейтін еді» демей-ақ, басты өзімнің тиесілі сыбағам сияқты алдыма тартамын. Содан кейін-ақ менің де бағам арта түседі.

Мұхаң дастарханның орта шеніндегі тағамдарға итініп қол сала бермейді. Алдындағысын қанағат тұтады. Бірақ дәнек-пәнекке жаудай тиеді. Соны білгендіктен мен дастархан мәзірін реттеп, Мұхаңның денсаулығына келетін тағамдарды ұсынып отырамын. Мұнымды кейбіреулер жағымпаздық деп те қабылдайды. Бірақ маған олардың әңгімесінен гөрі Мұхаңның денсаулығы қымбат. Мұхаңның негізгі тағамы – тауық пен жылқының еті. Өзі де «Қораздың жұбайы мен айғырдың әйелі болмаса аштан өлетін едім» деп қояды. Сусыннан қымыз бен, өз сөзімен айтсақ «өгіздің әйелінің сүті қосылған шай» ішеді. Бірде Түркияда өткен үлкен жиыннан кейінгі дастарханда даяшы Мұхаңа келіп «Қандай тағам жейсіз?» деп сұрайды. Мұхаң қашанғысындай қалжыңдап «Ұрғашы балық жеймін» дейді. Даяшы сол кеткеннен мол кетеді. Бір кезде ресторан қожайыны келіп «Мұхтар бей, өзіңіз таңдап бермесеңіз, біз сіз айтқан ұрғашы балықты ажырата алмай жатырмыз» депті.

КЕСЕ ЛАҚТЫРУ

Мұхаң жалғыз өзі отырып тамақ жей алмайтын адам. Жұмыс орнында да дастарханымыз жиылмайды. Кім келсе де Мұхаңмен бірге отырып бір кесе шай ішпей кетпейді. Шай үстінде Мұхаң босаған кесесін шай құйып отырған қызға қарата әуелете лақтырып жібереді. Ол қыз кесені лып еткізіп қағып алады. Бұл бізде күнде қайталанатын үйреншікті жайт. Ал алғаш көрген адамның тіпті есі шығып кетеді. Оларға Мұхаң «Егер қойшы баққан қойын қасқыр шапқандай етіп аракідік үркітіп отырса, қойы күйлі болады екен. Мен де өз қызметкерлерімді осылай ширатып отырамын. Оған бәрі үйренген» дейді. Шынында да әлі күнге дейін Мұхаң лақтырған бірде бір кесе жерге түсіп сынған емес. Шай үстінде әңгіме қыза түседі. Тақырып ауқымы кең. Бірде Мұхаң желпініп отырып шымкенттік бір жап-жас қыздың өзіне ғашық болып «Егер Шахановтан бала сүйсем арманым болмас еді» деп газетке мақала жазғанын тілге тиек етті. Тыңдап отырғандар әлгі қыздың кім екендігін, Мұхаңның оған жолыққан, жолықпағандығын сұрап, біраз әңгіме өрбітті. – Ярқұди, сен бұған не дейсің? – деді Мұхаң маған қарап. – Сірә сіз ол қыздың сәл кейіндеу жазған екінші мақаласын оқымаған сияқтысыз ғой, – дедім мен. – А, тағы да жазып па? Не депті? – деді Мұхаң. – Не дегенде сол, «Арманым орындалды» депті. Мұхаң көзінен жас аққанша күлді.

“ГЛАЗАҢА ҚАРА”

Мұхаң орыс тілділерді тәрбиелеймін деп жүріп, өзі де кейде орысша сөзді сөз арасына киліктіріп отыруды дағдыға айналдырып алған. Онысы – «Көзіңе қара» дегенді, «Глазаңа қара», немесе «Жолың болсын» дегенді «Дарогаң болсын» деген сияҚты болып келеді. Орыс тілділермен көбіне «Кал калай? Джагдайың джаксы ма?» деп сөйлеседі. Мұхаңның сөзіне үйреніп кеткендіктен мен де кейде өзіне «Демалмайсыз ба, глазаңыз красный болып кетіпті», – деймін. «Онда жүр, айғырдың әйелінің сүтін ішіп қайтайық», – дейді Мұхаң. Редакциямызға Шәмші Қалдаяқовтың жары Жәмила апай аракідік бас сұғып тұрады. Ол кісі де орыс тілді. Мұхаң ол жеңгесіне де «Кал калай?» – деп амандасады. «Өзіңнің қалың қалай?» – дейді жеңгесі «Сен сұрағалы жаман емес» – деп жауап қайтарады Мұхаң. Сосын бізге қарап, жеңгесін әзілмен қағыта бастайды. – Құдай әу баста Жәмиланы еркек етіп жарата бастаған, – деп бастайды әңгімесін.

– Сосын басқа шаруамен айналысып кеткен де кеудесіне дейін жасалынып қойылған Жәмиланың еркек, не әйел екендігін «ұмытып» қалып, қалған жағын әйел ете салған, – дейді. Оған жеңгесі ренжімейді. Әлде түсінбейді. Сірә түсінбесе керек. Бірақ Мұхаң Шәмші ағасы туралы айтқанда әңгімесін ылғи «Жәмиланың күйеуі екеуміз…», – деп бастайды. Сол сияқты Шыңғыс Айтматовты да «Мәриямның күйеуі», – дейді. Шықаң туралы әңгімені де солай бастайды. Тыңдаушылар әңгіменің кім туралы екендігін көпке дейін түсінбей отырады. Оған «кб», «жк», «мғқ» сияқты қысқарған сөздерді қосып отырады. Ал түсініп көр. Кб – келін бала, жк – жанама келін, мғқ – мордиясы ғана қазақ. Мұндай қысқарған сөздер Мұхаңда жетіп артылады. Ол сөздердің ішінен көпшілік тек «ТЖ»-ны ғана біледі.

“МЫНА ҚЫТАЙДЫҢ МҰХАҢНАН АЙНЫМАЙ ҚАЛҒАНЫН ҚАРАШЫ”

Мұхаң өзі айтатындай, спорттың барлық түрінен чемпион. Ән салса да бірінші орын алады. Төменнен санағанда бірінші орын. Өмірінде бір рет болса да қолын көтеріп, түсіріп дене шынықтыру қимылдарын жасамаған. Спортқа деген көзқарасында да кәкір бар. Жә, ол бөлек әңгіме. Дәрігерлер Мұхаңа “жаяу көбірек жүріңіз” дегенді ұдайы айтумен келеді. Ондайда Мұхаң өзінің жаяу жүрушілердің чемпионы екендігін айтып мақтанады. «Сонда қанша жүресіз?» – дейді дәрігерлер. «Жүз метр», – дейді Мұхаң. «Кейде мына Ярқұди екеуміз жүз бір метрге дейін де жүріп қоятынымыз бар», – деп те қосып қояды. Сосын әңгімені одан әрі өрбітіп: «Баяғыда Горбачев «Мен күніне он километр жаяу жүремін», – деп айтушы еді. Соған таң қалатынмын», – дейді де: «Шынында да қалай жүреді екен ей…» – деп сол әңгімені айтып отырып та таң қалатын. Рас, Мұхаң екеуміздің кейде жаяу жүретініміз бар. Көліктен түсіп қаламыз да жұмысқа жаяулатып келеміз. Ондайда жұмысқа жету тіпті қиындап кетеді. Мұхаңды көріп қалған көпшілік маңайына шүпірлеп, тіпті жүргізбей қояды. Мұхаңмен қол беріп амандасқандарына қуанып, естері шығып кетеді. Мұхаң да олармен ескі таныстарындай амандасып, жағдайларын сұрап жатады.

Жыға танымаған кейбіреулер: «Сіз Мұхтар аға емессіз бе?» – десе, «Жоқ, оның ағасымын», – дейді міз бақпай. Сұрағандар аңтарылып қалады. Аркідік болса да: «Сізді біреуге ұқсатып тұрмын», – дейтіндер де кездеседі. Ондайларға Мұхаң «Адамға адам, итке ит ұқсай береді», – деп өте шығады. Баяғыда Ташкентке барған бір сапарымда, – деп бастайды Мұхаң осы ыңғайдағы әңгімесін. – Шет жақтағы бір жұпынылау қонақ үйге түстік. Әлгі қонақ үйдің жуынатын жері де ортақ екен. Қолымда ыдысым бар. Су алайын деп тұрсам, екі қазақ жігіт бір-біріне «Анау Мұхаң емес пе…» деп өзара сыбырласып тұр екен. «Жоқ, Мұхаң мұндай жерде жүрмейді ғой», – дейді екіншісі. Біріншісі маған жақындап келіп «Мұхтар аға…» дей бергенде мен «Немә дейсіз» деп оқшырая қарадым.

«Кешіріңіз, кешіріңіз. Біреуге ұқсатып…» – деді әлгі жігіт. Сосын әңгімесін әрі сабақтап – осы таяуда Астанаға бардым, – деді. – Сонда бір өңшең қытайлар тоқтайтын қонақ үй бар екен. Мені жігіттер сонда жайғастырды. Бөлмемнен шығып бара жатқанда екі-үш қазақ жігіті «Оу, Мұха…» деп амандасқалы ұмсына бергенде оларға да оқшырая қарап «Шаң-шоң-шу…» деп бастап «қытайша» біраз сөз айтып тастадым. «Ойбай, извините, извините…», – деді әлгілер. «Мына қытайдың Мұхаңнан айнымай қалғанын қарашы», – деді сосын бір-біріне. Айта берсек мұндай оқиғалар тіптен көп. Мұхаңның редакцияға бас сұққан оралмандармен де кейде осылайша «қытайша» сөйлесетіні бар. Ондай кезде «Қашан келдіңіз. Ол жақтағы ағайындар аман ба?» – дейді деп менің де «аудармашы» болып кететінім бар. Әрине, соңы күлкіге ұласады.

МҰХАҢНЫҢ МОРДИЯСЫ

Мұхаңа жүргізуші болу өте қиын. Ол кісі жай жүргенді ұнатпайды. Жүргізушісіне «бол!», «жылдам», «өтіп кет», «саб» дейді де отырады. «Бас!» дегенді – «саб» дейді. Содан да жүргізушіге жол ережесін жиі-жиі бұзуына тура келеді. Ондай кездерде МАИ қызметкерлерінің ала таяғы шошаң ете қалады. Мұхаң жүргізушісіне «Терезеңді аш. Мен мордиямды көрсетейін» дейді. Мұхаңды көрген МАИ қызметкері «Мұхтар аға, бұл сіз бе… Ассалаумағалейкум! Аман болыңыз, аға!» деп шығарып салады. Ылғи осылай. Мұндай кездерде Мұхаң «Менің мордиямды МАИ қызметкерлері қатты құрметтейді» деп қояды. Бірде көлігі бұзылып қалғандықтан, әуежайға таксимен кетеді. Жүргізуші орыс екен. Мұхаң қашанғысындай жүргізушіні асықтырады. Қырсыққанда әлгіні МАИ қызметкерлері қайта-қайта тоқтатады. Мұхаң жүргізушіні жерге түсірмей, оларға мордиясын көрсетумен болады. МАИ қызметкерлерінің бәрі қалбалақтап, қолдарын шекісіне қойып шығарып салады. Бұл жайға таң қалған жүргізуші «Сіз МАИ-дың бастығысыз ба?» дейтін көрінеді. МАИ-ға қатысты осындай оқиғалар Мұхаңда жетіп артылады. Ондай әңгімелердің денін Мұхаң «Бірде Мәриямның күйеуі екеуміз келе жатып…» деп бастайды. Ол енді бөлек әңгіме.

Құдияр Біләл

Тағы да оқыңыз:

Мұхтар Шаханов шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан шығаруды ұсынды

Назарбаев пен Шаханов бір ауылда тұрады

Орыс қызы Мұхтар Шахановтың “Желтоқсан тағлымы” өлеңін жатқа оқыды (видео)

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
20.11.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар