Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сенімді абыроймен ақтарсың": Асылхан Төлепов басшылық қызметке тағайындалды

Асылхан Төлепов театрдың басшылық қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Белгілі актер «Алатау» дәстүрлі өнер және кино театрының директорының орынбасары болып бекітілген. 

Естеріңізге сала кетейік, Асылхан Төлепов 2012 жылы "Жау жүрек мың бала" фильмінен кейін танымал бола бастаған. Сонымен қатар, "Балалық шағымның аспаны", "Сұңқар" сериалдарында басты рөлдердің бірінде бой көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген.

Бұл жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып Асылханның анасы Салтанат Бисембаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. Ұлының қала әкімімен түскен суретін жариялаған ол, Асылханды жаңа қызметімен шын жүрегінен құттықтады. 

«Баланың жетістігін көру - әр ата-ана үшін үлкен бақыт. Осы күндерге жеткізген Аллаға шүкір! Асылxан балам "Алатау" дәстүрлі өнер және кино театры директорының орынбасары болып тағайындалды. Қуанышты көпшілікпен бөліссең еселене түседі. Құттықтап қойсаңыздар болады. Балам, артылған сенімді абыроймен ақтарсың, жұмысыңның жемісін көр», - дейді Салтанат Беисембаева.

Желідегі жұрт Асылханды жарыса құттықтады.

«Салта тате, құтты болсын! Балаларыңыздың қуанышы сіздердің еңбектеріңіз. Сіздер балаларыңыз үшін күн демей, түн демей еңбек еттіңіздер», «Құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін», «Асылхан еңбекқор жігіт қой, әбден лайық», - десті жұрт.

Талқылау