Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде әйелдер бала көтеру үшін емшіге 10 млн теңге беріп алданып қалған

Елімізде медицина саласы қарыштап дамып жатыр дегенді күнде естиміз. Бірақ, көпшілік емшілерге барып бақсы-балгерлерді жағалауды әлі де қояр емес. Жанына амандық, тәніне саулық іздеген азаматтар ақшасын аямайды.

Ал осыны өз пайдасына қолданып жүрген алаяқтардың да саны көбейген. Жалпы бұл саланы бір ретке келтіріп, заңды жүзінде бақылауға алу керек пе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Түсірді. Узиде көрсетпеді. Алдында 4 жарым ай бар деп уәде берген емші», – дейді емделуші.

Осыған дейін Семей қаласындағы алаяқ емші жайлы айтқан едік.«Бала көтересің, бақытты боласың» деп уәдені үйіп-төккен ол 40 шақты келіншекті алдап, олардан жалпы сомасы 10 миллион теңгедей қаражат алған екен. Содан бері жарты жыл уақыт өтті. Әйелдерді сан соқтырған бақсы жауапқа тартылып, жазасын алмаған. Тіпті, сол оқиғадан кейін, қаланың басқа жерінен жаңа кеңсе ашып қайта ескі әдетіне басқан көрінеді.

Өмірге нәресте әкеліп, ана бақытына бөленемін деп оңбай алданған келіншектердің бірі  Балнұр. Алғаш емшіге барғанда ол түрлі сертификаттарын көрсетіп, мықты маманмын деп сендірген. Балгердің берген шөптері мен жасаған емі денсаулығын нашарлатып жіберіпті. Енді міне, соның кесірінен уыстап дәрі ішуге мәжбүр.

«Ешқашан мұндай емшілерге бармаңыздар. Алданып қаласыздар босқа. Сертификаттары бар. Біздің елде бәрін сатып алуға болады екен. Соған көзіміз кетті. Бұл сертификаттар жалған екен. Мөрлері бәрі тұрды. Біз оны көрдік. Әлі бала көтере алмай жүр. Енді одан сайын бала көтере алмайды. Неше түрлі аурулар пайда болды сол апаның жасаған емінен кейін. Біз білмейміз экспертиза результаттары қандай болғанын» – дейді зардап шегуші Балнұр.

Емшілікпен айналысу үшін арнайы сертификат талап етіледі Ол құжатты “Қазақстан халық емшілері қауымдастығы” деген ұйым береді екен. Аталған орталыққа хабарласып бақсы-балгерлерге қандай талап қойылады деп сұрадық.  Қауымдастықтың Солтүстік филиалы директоры Асқар Түсіпбаевтың айтуынша,ем-дом жасауға рұқсат алу үшін алдымен сертификатқа үміткер ешбір емдеу мекемесінің нақтырақ айтсақ наркологиялық және психологиялық диспансерлерде тіркеуіде тұрмауы тиіс. Одан кейін  туа біткен немесе жүре пайда болған емдеу қабілеті болуы керек. Бұл талаптар орындалған соң емшінің қабілеті тексеріледі. Барлық талап орындалса құжат беріледі.

Емшінің бәрі бірдей алаяқ деп айыптау әсте дұрыс емес. Мырзабек Қабыловтың сынықшы болып, жұртқа жәрдем беріп жүргеніне 25 жылдан асыпты. Бұл емдеудің әдісін жүре үйрену мүмкін емес екенін айтады. Өзіне бұл қасиет қанмен берілген. Кейде жаңа технологиялар мен білікті дәрігерлердің өзі қателесетін сәттер болады екен. Сол кезде қолдың рентгені көмектеседі, дейді.

«Кейбір буыны шыққанды дәрігерлер снимок шыққанда айыра алмай қалады. Көзбен қарағанда бәрі орнында тұрған сияқты. Оның размері болады буындардың. Соғылды, ауырсынды дей салады» – дейді емші Мырзабек Кабылов.

Бұл тақырыпқа орай әлеуметтанушы Салтанат Оразбекованың да пікірін тыңдап көрдік. Маманның айтуынша, халықтың әлі де бақсы-балгер жағалауының өзіндік себебі бар екен.

«Медициналық қызметтердің қымбаттауы. Оның сапасыз болуы. Өзіңіз білетіндей қазір адам өліміне алып келетін жайттардың көп болуы деген сияқты бұл адамдардың сенімсіздіге әкеліп жатыр. Бұл ең негізгі фактор. Екіншісі ол өзіңіз айтқандаф менталитет» – дейді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.

Жақында парламент қабырғасында да емшілерге қатысты мәселе көтерілді.  Депутат Ахмед Мұрадов еліміздегі бақсы-балгердің жұмысына тоқталып, бұл саланы бақылауға алу қажеттілігін атап өтті.

Аталған саланы реттеуде ала шапанды ағайыннан үлгі алуға болатындай. Қазан айында Өзбекстан билігі халық емін ресми түрде мойындау жайлы қаулыны қабылдады. Енді емшілер дәрігерлер сияқты әрбір алдына келген науқастың денсаулығы үшін заң алдында толыққанды жауап беретін болған.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау