Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Саяхатшы әжей Францияда қазысыз қиналған (Фото)

 81 жастағы Лена Тоқсанбаева бірінші рет шетелге 79 жасында шығыпты. Содан бері  Англия, Франция, Испания, Тайланд, АҚШ сынды  танымал елдерге саяхат жасап үлгерген. Биыл бақытты әжейдің қамқоршы балалары мен немерелері біргелікте Мекке қаласына қыдырып қайтуды жоспарлап отыр екен.

әже2

 

Қазақстанға саяхатшылығымен танымал әжесі жайлы оның немересі Айдын Тоқсанбаева  Қазақпарат агентігіне толығрақ баяндап берген екен.

 

-Сіздер соңғы рет АҚШ-қа яғни Нью-Йорк қаласында болып қайттыңыздар. Неліктен тура осы қаланы таңдадыңыз, әлде әжейдің қалауы ма?

-Біз Америкада бұған дейін де бірнеше рет болдық. Онда негізгі себепші болған менің әпкем білім алады. Саяхаттар алдында міндетті түрде әжеммен ақылдасамыз. Ол қаламаса біз де ешқайда шықпаймыз.

 

-Өз сөзіңізде  транзиттік ұшу кезінде әжеңіз еш шаршамайтыны жайлы айтып қалған едіңіз, сіздермен қатарласып жүребереді ме?

– Иә,  Құдайға шүкір, әжемнің денсаулығы жақсы. Тіпті дәрігерлердің өздері таң қалып жатады. Оның жүрек соғысы 18 жасар қыздыкіндей дейді.
-Сіз жүктеген желідегі суреттер мен бейне жазбаларға қарап отырсақ Лена апа өте көңілді, жаңашылдыққа құмар көрінеді. Ол кісінің мінезі жайлы айтып беріңізші.

-Иә, әжем өте көңілді кісі. Оның мінезі керемет. Бірақ, әжелікке сайы тыйымдары да жоқ емес. Ешқашан шектен шығуға жол бермейді. Ол аштықтан басқасының барлығына шыдамды. Бейтаныс адаммен бірден тіл табысып кетеді деп айта алмаймын. Алдымен адамның қылығын, сөзін бақылап алып кейіннен әңгімеге кірісетіні бар.

 

-Лена апа  бұған дейін Англия, Испания, Тайланд, Франция, Америка сынды елдерде болды. Ол кісіге жергілікті тағамдар  ұнады ма?

-Әр елге барған кезде, әрдайым тамаққа қатысты мәселеге жолығамыз. Мысалы, Англияға барғанда өзімізбен бірге қазы алып алған едік. Испания мен Францияға  барған кезде әжемнің қазы алуына қарсы болған едім. Онда барғаннан кейін ол кісіге ешқандай тамақ ұнамады. Осыдан кейін қазы алдырмағаным үшін мың рет өкіндім десем жалған айтқандық емес. Әжем онда тек нан мен макарон жеумен болды.  Ол кісіге Тайландтың балығы ұнады. Америкада әпкем тұрып жатқандықтан ол жерде өзіміз тамақ дайындадық. Фасфудқа келер болсақ ол KFC-ді жақсы көреді. Алматының өзінде кейде арнайы барып тұрамыз.

 

– Саяхаттарға қанша адам болып шығасыздар. Мысалы әжейдің алты баласы, 17 немере, 12 шөбересі бар. Қалай келісезіздер бұл мәселеде?

-Әжем бізбен тұрады. Яғни менің әкемнің қолында. Сондықтан саяхаттауға бізбен шығады. Онсыз ешқайда қыдыру жоқ отбасымызда. Көп жағдайда әкеме жұмысына байланысты үйде болуға тура келеді, сондықтан қыздар өзіміз саяхаттап кетеміз.

 

-Меккеге қарай қашан шығасыздар?

– Бұйыртса осы жылы шығамыз деп отырмыз. Құдай қаласа, амандық болса.

 

-Жасырын емес біздің елде үлкен кісілермен өзге елге саяхатқа шығатындар аз. Сіздердің негізгі мақсаттарыңыз қандай?

– Біз әжеме әлемді көруге мүмкіндік берген жоқпыз, қайта ол бізге осындай жағдай жасады. Сол кісінің арқасында біз қазіргідей жағдайға жеттік. Біз ол кісіге «сіз бармасаңыз, біз де ешқайда шықпаймыз» деп айтамыз.

 

– Сіздің «Қайырымды жандар» бірлестігін құрғаныңызды көпшілік біледі. Бәрінен бұрын қарттарға аса назар қоясыздар. Жалпы осы бастаманы қолға алуыңызға не түрткі болды?

– Ол бірлестік менің әжемнің арқасында құрылды. Бірде үйге келсем әжем жылап отыр екен. Бірден біреу өмірден қайтты деген ой келді. Сөйтсем ол кісі  қарттардың өмірі  жайлы бағдарлама көріпті. Көңіліне алып көп уақыт бойы егіліп жылады. Мен оны жұбатқан кезде : “Осындай қарттар үшін бір жақсылық жасайықшы, ет асайық, өзім қамырын дайындаймын” деді. Кешкі ас кезінде осы мәселені көтерген болатынбыз. Әкем бірден осы бастаманы қолға алуым керектігін ұқтырды.

 

Мен осы әңгімеден кейін қарттар үйіне бардым. Нені қалай жасау керектігін анам айтып отырды. Бірнеше рет сол жерге барғаннан кейін өзім өзгере бастадым. Ол кісілердің ешқандай талабы жоқ. Оларда барлық жағдай жасалған, тек мейірімге зәру. Бұған дейін мен «Жүз апа-ата кешін» ұйымдастырған болатынмын. Біз қарияларды театрға апардық, оннан шығып мейрамханада тамақтандық. Неге мейрамхана дейсіз гой? Ол кісілердің өмірге қызығушылығын арттыру мақсатында. Өз әжемнен байқасам қарапайым тойларға кәдімгідей дайындалады. Жаңа көйлек, жаңа орамалын әзірлейді. Қарттар үйінің тұрғындары ондайға аса қызықпайтындай көрінді. Бұл дегеніңіз қуанышқа адамның жаны жақын емес. Мұңмен өмір сүруде. Олар бөлмелеріне балалары мен немерелерінің суреттерін қойып қойған. Олар келген күннің өзінде қариялардың зейнетақысынан дәметіп келеді. Ол дегеніңіз үлкен кісі үшін ең ауыр дүние.

Бұдан бөлек балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап  «Ертегі әлемі» шарасын ұйымдастырдым. Мақсат сол 100 балаға көңіл бөлу. Осындай жайттардан кейін мені қолдаушылар саны арта түсті. Қазір осындай қайырымдылықты қолдаушылар саны 500-ге жетті. Әр шара барысында тағы да азаматтар ерікті түрде қатарымызға қосылып жатады.

Айта кеткім келетіні біз қор емеспіз, ешкімге қаржылай қолдау көрсетпейміз. Кей компаниялар бізге хабарласып ақша аударғысы келетіндерін айтып жатады. Біз мұндайды қабылдамаймыз. Оларға қаржыны қайда аударуға болатыны жайлы кеңес бере аламыз. Біра, ортаға түсіп, ақшаны мұқтаж кісіге аударатындай қор емеспіз.

Бұған дейін саяхаттшы әжейдің қарттар үйі тұрғындарын мейрамханаға жинағаны жайлы материал ұсынған болатынбыз. Көңіліне қаяу түскен аналар мен әкелер салтанатты кеште бас қосып, көңілдері көтеріліп қалған еді.

әже7

әже

әже1

әже3

әже4

әже5

әже6

 

Талқылау