Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшылар доллар бағасы 370-ке көтеріледі деп болжады

Қазақстан қор биржасы төл валютамыздың әлсіреуін тұрғындардың эмоцияға қатты берілуімен түсіндірді. Яғни, азаматтар антиресейлік санкциядан қорқып, жаппай долларды сатып алуға кіріскен,-деп жазды КТК арнасы.

доллар

Сурет:forbes.kz

Ал, бұл АҚШ ақшасының қымбаттауына әкеліпті. Биржадағылар қазір жағдайдың тұрақталғанын айтады. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ дейді. Бірақ, әлемдік нарықты қырағы бақылап отырған шетелдік экономистер теңгеге тықырдың таянғанын ашық айтып отыр.

Шілде – Қазақстан қор биржасы үшін сәтсіз айлардың бірі болды. Өйткені,  сауда-саттықтың жалпы көлемі 48 пайызға төмендеген. Ал, биржада үстемдік етуші – сол баяғы АҚШ ақшасы. Бірақ, бұл жолы доллармен жасалған сауда-саттық өткен аймен салыстырмалы түрде біраз азайған.

Соған қарамастан, АҚШ ақшасы теңгені әлсіретіп жіберді. Төл валютамыз тек доллар емес, KASE-дегі сауда-саттықта барлық шетелдік валютаға қатысты құнын жоғалтқан.

Яғни, бір айдың ішінде теңге еуроға қатысты 4,4, юань 2,5, ал долларға қатысты 1,8 пайызға арзандаған. Биржадағылар мұның себебін эмоцияға берілгіш тұрғындардан көреді.

«Бірінші кезекте сыртқы факторлар әсер етті. Ресейге салынып жатқан санкцияларды халық қорқынышпен қабылдады.

Кейбір ақпарат құралдары жұртты одан сайын дүрліктіріп қойды. Салдарынан, бізде ішкі фактор қалыптасты. Долларға сұраныс дереу артты»,-дейді  «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Андрей Цалюк.

Қазір жағдай тұрақталған. Дүрліккен халық та сабасына түскендей. Тіпті, қор биржасындағылар алаңдайтын негіз жоқ дейді. Айтуларынша, ештеңеге қарамастан, теңге жақын арада арзандай қоймайды.

«Иә, бағам бірден төмен түсіп кетті. Яғни, нарықта спекуляциялық жағдай болды. Ал, оны қалпына келтіруге қымбаттап жатқан мұнай бағасы көмектесті»,-дейді  «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Андрей Цалюк.

Десе де, әлемдік нарықты қырағы бақылап отырған сарапшылардың пікірі мүлдем басқаша. Олар KASE-дегілердің бұлайша сабырлы болуына негіз жоқ дейді. Себебі, теңгеге кері әсер ететін жағдайлар жетерлік.

Төл валютамызға АҚШ пен Солтүстік Кореяның кикілжіңі де, Америка мен Еуропа нарығындағы қор индекстерінің төмендеуі де, инвесторлардың сенімсіз активтерден бас тартуы да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, шетелдік экономистер қазақстандықтардың кез-келген жағдайға дайын болғаны абзал деп отыр.

«Рубль арзандайды. Ол қазіргі бағамынан 10 пайызға құнсызданады. Яғни, долларға шаққанда 64-65 рубльге дейін түседі. Сәйкесінше, Қазақстанның Ұлттық валютасы да арзандайды. Теңгенің жағдайы қарашада қиындай түсуі мүмкін»,-дейді Ресейлік сарапшы  Олег Богданов.

Өйткені, күздің ең соңғы айы нарықтағы ең ауыр ай болып есептеледі екен. Сарапшылар дәл сол кезде теңге долларға шаққанда 370-ке дейін арзандайды деп болжап отыр.

Ал, бүгін қор биржасындағы теңгенің бағамы қатты құбыла қойған жоқ. Ол кеше де, бүгін де 332-ден сатылып жатыр. Ақша айырбастау орындарында 1 доллар – 333 теңге. Мұнай да барреліне 51-52 доллардың аралығында саудалануда.

Оқи отырыңыз:

Талқылау