Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Синий кит" ойыны арқылы балаларды өзіне қол жұмсауға итермелеген азамат мектепте патриотизм туралы дәріс беріп жүр - БАҚ

Ресейде "Синий кит" ойыны арқылы балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін түрмеге жабылған азамат мектептерде патриотизм туралы дәріс оқып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі УНИАН басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Униан

Украинаға қарсы соғысқа қатысқан Александр Глазов соғыс басталмай тұрып-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

"2019 жылы сот отырысында Глазов балаларға "Синий кит" ойыны аясында тапсырма бергенін айтты. Ол мектеп оқушыларынан үй төбесіне шығып секіріп, жүріп бара жатқан пойыздың астына түсіп, қолындағы тамырын кесуді тапсырған. Глазов бір қызды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген. Алайда оны жақындары аман алып қалған", – деп жазды басылым.

Глазов Украинадағы соғысқа қатысқаннан кейін мерзімінен бұрын босатылды. Қазір Мәскеудегі №1 Котельник мектебінде балаларға дәріс оқиды. Ол "патриотизм неден басталады" деген тақырыпта 8-сынып оқушыларына лекция оқып үлгерген. Атап айтқанда, мектеп оқушыларына "арнайы әскери операция" деп аталатын операцияға қатысқаны туралы айтып берген. Бірақ бұл оқиға туралы сайтта да, білім беру мекемесінің ресми парақшасында да ақпарат жоқ.

Ресей Федерациясының Люберцы аудандық сотының хаттамасына сәйкес, "соғыс қаһарманы" ВКонтакте желісіндегі жеке парақшасында өз-өзіне қол жұмсауды жоспарлағандарға арналған контент жариялаған. Ол көпқабатты үйдің төбесінде немесе кранның жоғарғы "нүктесінде" селфи жасауды тапсырған. 

Сот отырысында Глазов кінәсін мойындады. Ол "Синий кит" ойнап жүріп, жетекшісінің тапсырмасын орындағанын айтты.

"Содан кейін оған әр ойыншы үшін 800 мың рубль төлеуге уәде беріп, куратор болуды ұсынды", – деп хабарлайды ресурс.

Глазов қазір ВКонтакте желісіндегі парақшасында Вагнер ПМК-ға қатысты фотоларды жариялап, жалдамалылар қатарына қосылуға шақырып жүр. Қанша уақыт майданда болғаны белгісіз. Ер адам Украинаға қарсы соғыста жараланған болуы мүмкін. Себебі фотоға қарасақ, бір қолының саусақтары жоқ.

Талқылау