Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей министрі Польша территориясына ядролық қару орналастырса, шабуыл жасауға дайын екенін айтты

Егер НАТО Польшада ядролық қару орналастырса, бұл жер Ресейдің әскери нысанасына айналады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ТАСС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: news.myseldon.com

Ресейдің Сыртқы істер вице-министрі Сергей Рябков Польшаның бұл әрекеті тұрақсыздыққа әкелетінін жеткізді. 

"НАТО-ның бірлескен ядролық миссияларының тәжірибесін кеңейту тұрақсыздандыру сипатына ие. Сондықтан қазір Польшада мұндай схеманы талқылап жатқан саясаткерлер: бұл бағыттағы өзгерістер Польшаға қауіп төндіретінін түсінуі керек. Ядролық қару орналастырылған аймақтар міндетті түрде нысанаға айналады. Ал біздің әскери жоспарлауымызда олар алдыңғы қатарда болады", - деді Рябков.

Оның айтуынша, НАТО елдерінің бірлескен ядролық миссияларының Ресей шекарасына жақындауы Ресей Федерациясына қауіп төндіреді.

Ел президенті Анджей Дуда АҚШ-қа сапарынан кейін "Факт" газетіне берген сұхбатында, Польшаның ядролық қаруды орналастыруға дайын екенін айтты. Ол бұл тақырыпты Вашингтонда талқылағанын растады.

"Менен бұл туралы сұрағанда, дайын екенімізді айттым. Егер одақтастар НАТО-ның шығыс флангының қауіпсіздігін нығайту үшін Польша аумағында ядролық қаруды орналастыруды шешсе, біз дайынбыз", - деді Дуда.

Наурызда Ресей президенті Владимир Путин Ресей әскери-техникалық тұрғыдан ядролық соғысқа дайын екенін айтқан еді. Содан кейін ол Украинамен қақтығыстарда осы уақытқа дейін ядролық қаруды қолданудың қажеттілігі болмағанын атап өтті.

Бұған қоса, Путин АҚШ Ресей территориясына немесе Украинаға америкалық әскерді орналастырса, бұл интервенция болатынын түсінетінін айтты.

Әлемде ресми түрде тоғыз ядролық держава бар: АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль.

Талқылау