Рамзан Қадыров еміне көмектескен қазақстандық 9 жасар қыз қайтыс болды
Рамзан Қадыров еміне көмектескен қазақстандық қыз қайтыс болды. Қайғылы хабармен 9 жасар Элиф Нұржанованың анасы Айнұр Нұржанова бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz.
Ауыр дертке шалдыққан қазақстандық қыздың отбасы емге кететін ақшаны үнемдеу үшін, соңғы уақыттарда Түркияда тұрып жатқан еді. Оған ми-жұлын жарығы, гидроцефалия, скалиоз диагнозы қойылған.
Сауығып келе жатқан қыздың жағдайы 13 маусымда күрт нашарлап кетіпті. Анасының сөзінше, сол кезде қызының басы ауырып, құса бастаған.
«Элифім соңғы бір аптада басы аурып жүрген болатын. Тәбеті болмай, ішкенін арасында құсып тастайтын. Басындағы шунттан болар деп, біз дәрігерге қаралу үшін, 19 маусымға жазылдық.
Қызымның жағдайы жақсы еді. Менің Алматыдан бітіретін жұмыстарым шығып, ауылға жол тарттым. Түнгі сағат 3:30-да Элиф құсқысы келіп, құса алмай, бұрыла алмай, шалқасынан өз құсығына өзі тұншығып қалыпты. Әкесі қасына келгенде көзі айналып, еш жауап бермеген.Суық су сепсе де еш әсер етпепті. Әкесі жедел-жәрдемді күтпестен, таксиге салып алып, ауруханаға апарғанда қызым дем алмай жатқан. Дәрігерлер жабылып, жүрегіне массаж жасап құтқарып қалды. Бірақ қызым жарты сағатқа есін жиып, әрі қарай комаға кетіп қалды», – деп жазды анасы Facebook желісіндегі парақшасында.
Алайда 9 жасар Элиф маусымның 14-інен 15-іне ауған түні ес жимастан қайтыс болыпты.
Естеріңізге сала кетсек, Ресей Батыры Ахмат-Қажы Қадыров атындағы өңірлік қоғамдық қор Қазақстан Республикасы Байқоңыр қаласындағы 9 жасар Элиф Нұржанованы емдеуге қаржылай көмек берген еді.