Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланы зорлықтан қалай қорғауға болады

Баланы ересектердің зорлығынан қорғау үшін, прокурорлар ата-аналарға бірнеше кеңес берді.

12725252

Соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмаған балаларды зорлау дерегі жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар еліміздің әр түкпірінде орын алып жатыр. Соңғы елді дүрліктірген жағдай 20 тамыз күні Ақтауда болды. Бұл жолы алты жасар қыз педофилдің құрбаны болған.

Бас Прокуратура болса ата-аналар күн сайын балаларын мұқият болуға тәрбиелеп, әрбір кішкентай нәрсенің өзін ескертіп, көшеде, үйде, мектепте, қоғамдық орындарда кездесіп қалуы мүмкін қиын жағдайдан қалай шығудың жолдарын да тәппіштеп үйретуі тиіс дейді.

“Мәселен, ересектер тарапынан қандай да бір қауіпті байқаса, баланы әрдайым “жоқ” деп жауап беруге үйрету керек. Баланы қатты айқайлауға да үйретудің еш әбестігі жоқ. Егер біреу оны алып кетуге әрекеттенсе, “бұл менің әкем емес” деп қатты айқайлап өзгелерді көмекке шақырсын. Бала ата-анасына қайда бара жатқанын, қашан оралатынын, жоспары ауысса да әркез хабарлап айтып отыруы қажет”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, бала үшін арнайы код сөз немесе пароль ойлап тауып қою керек дейді. Яғни, олар “сені алып кетуге ата-анаң жіберді, менімен бірге жүр” десе, бала бейтаныс адамнан әлгі кодтық сөзді талап ете алады. Осылайша, оның шын мәнінде өз жақыны немесе бөтен ойлы адам екенін анықтай алады.

“Оны ешқашан бөтеннің көлігіне отырмауды және танымайтын адаммен ешқашан ешқайда бірге кетпеуді үйретіп қойыңыз. Сосын, көшеде қыдырған кезде де жалғыз емес, үнемі достарымен бірге жүруін қадағалау керек. Балаларға ересектер тарапынан болуы мүмкін қауіпті жағдайлар туралы ескертіп қойыңыз, олар біліп жүруі керек”, – дейді Бас Прокуратура қызметкерлері.

Ата-ана баласының проблемалары мен алаңдаушылықтары туралы біліп, оларды тыңдап, қызығушылықтарына мән беріп, оған жақсы кеңестер беруі керек. Тек осылайша ғана баласын қылмыстық жағдайлардан сақтандыра алады.

Соңғы екі жылда балаларды зорлықтан қорғауға байланысты заң жобалары мен түрлі шаралар қабылданды. 2014 жылдың 3 шілдесіндегі жарлық бойынша Қылмыстық кодексте кәмелеткен толмаған балаларға қылмыс көрсеткендерге қандай жаза қолданылатыны нақты жазылған. Балаларға жыныстық қысым көрсеткен адамдар өмір бойына балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылады. Бұл тыйым “Білім” және “Еңбек” туралы кодекске де қосылған.

Сонымен қатар, ҚР Заңына енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыныстық қысым жасаған адамдарға химиялық кастрация жасау жазасы енгізіледі. Мұндай қатаң шара кәмелетке толмағандарға қысым жасаған, жасы 18-ден асқан адамдарға қолданылады. Сондай-ақ, ондай адамдарға бас бостандығынан айыру жазасы да қатар қолданылады.

Талқылау