Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Премьер-министр Ұлттық экономика министріне: Ақыл айтпас бұрын өз жұмысыңызды реттеп алыңыз

“Ақыл айтпас бұрын өз жұмысыңызды реттеп алыңыз”. Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке осылай ескерту жасады. Үкімет басшысы министрдің баяндамасының мазмұны мен қорытындысы сәйкес келмейді деді. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі де үкімет отырысына қатысып қайтқан еді.

Премьер-министр Ұлттық экономика министріне: Ақыл айтпас бұрын, өз жұмысыңызды реттеп алыңыз

“Ақыл айтпас бұрын өз жұмысыңызды реттеп алыңыз”

Сүлейменов баяндамасында өңірлердің экономикалық көрсеткіштері қолайлы деген болатын. Алайда, келтірілген дәйектерде өндіріс бойынша 11 өңір республикалық деңгейде екені айтылған. Және құрылыс бағытында да бәрі мәз емес екен. Осыларды ескерген Сағынтаев министрдің жұмысын сынап тастады.

“Ары қарай құрылысты қараңыз, негізгі капиталға салынған инвестицияны қараңыз. 4 өңір ғана республикалық деңгейден жоғары тұр. Бұл деген не? Егер негізгі капиталға инвестиция салынбайтын болса, онда өндірістің дамуы жоқ. Қалай сіз оны қолайлы деп айтасыз? Бірінші кезде өзіңізге қарауыңыз қажет. Содан кейін барып басқа жұртқа ақыл айтыңыз”, – деді премьер.

“Өтірікті дұрыстап айту керек қой!”

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында игерілмеген қаржыға байланысты ақталмақ болған ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты осылай тыйып тастады. Бұл ведомство жыл соңына дейін 3 айдай ғана уақыт қалса да 9 жарым миллиард теңгені игере алмай жатыр екен. Ал бәрінен де көп (15,4 миллиард теңге) игермеген қорғаныс министрі “жұмысқа жаңа келдім” деп құтылды.

11,1 миллиард теңгені игермеген мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да ақталамын деп сөз естіді.

“Бақытжан Әбдірұлы барлығы жоспарлы түрде жүріп жатыр…” – деп Арыстанбек Мұхамедиұлы түсіндіре бастап еді, Бақытжан Сағынтаев сөзін бөліп жіберді.

“Қалай жоспарлы түрде жүреді, егер 8 айдың қорытындысында игерілмеген ақша болса, біз жоспарлы түрде игермей отырамыз ба?” – деді премьер-министр.

Министр техникалық сұрақтарды алға тартпақ болған. Бірақ премьер-министр тіпті қатты кетті.

“11 млрд теңгеге 8 айдың ішінде қанша мектеп, қанша шақырым жол, қаншама балабақша, аурухана салуға болатынын білесіз бе?”- деген Сағынтаевтың сөзінен кейін Мұхамедиұлы жыл соңына дейін игереміз деп сендіруге тырысты. Үкімет басшысы сенбеген сыңайлы.

“Сұлтанов айтты, кім игермей жатыр, бюджетті алып қоямыз. Өкпелемеңіздер”, – деп кесіп айтты ол.

Ал ішкі істер министрі игермеген қаржыны былай түсіндірмек болған еді.

“Ішкі істер министрлігі 4,5 млрд теңге келісім-шарттамыз, оны қыркүйекке дейін орындаймыз. 2,9 млрд теңге үнемделген қаражат”. Бұл жауап Сағынтаевтың күлкісін келтірген сыңайлы.

“Қыркүйектің ішінде отырмыз ғой, қалай қыркүйекте? Өтірік айтқанда дұрыстап айту керек қой. Қосымша шарт деген не, ол? Қаражаттың 9,5 млрд теңгесі игерілмей жатады. Ал сіз қосымша шарт дейсіз. Қаржы керек емес қой”, – деп ұрысты Бақытжан Әбдірұлы.

Сағынтаев күн тәртібінде қаралған бірінші сұрақты былай қорытындылады: “Жаз бойы ән айтып жүрген шегірткедей күз келгенде дірдектеп қалмайық”.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау