Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда оқушы түске дейін 1-ші, түстен кейін 2-сыныпқа барған

Петропавлдағы мектептердің бірінің оқушысы бір бағдарламаны екінші рет қайталай оқуға мәжбүр.

Петропавлда озат оқушы сыныптан қалдырылды

Бұл туралы Петропавловск.news басылымына сілтеме жасап Stan.kz.

2017 жылдың тамыз айында 7 жасар Машаның (ата-анасының қалауымен есімі өзгертілді) ата-анасы оны мектепке алып барады. Ол бұл жасында жазуды, оқуды, санауды және көбейтуді білген. Мектеп директорының келісімімен, қыз таңертеңгі ауысымда бірінші сыныпта, түскі ауысымда екінші сыныпта оқи бастайды. Оқу жылының соңында Маша екі сыныптағы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша үздік нәтиже көрсеткен.

Қыздың анасының сөзінше, ол бір жыл бойы қалалық білім бөлімінің табалдырығын тоздырып, қызын бірден екінші сыныпқа көшіруін сұраған. Ал ондағылар ата-ананың да, ұстаздардың сөзін тыңдамапты.

«Мектепте мұғалімдер кеңесін өткізіп, қызымды екінші сыныпқа көшіру туралы бірауыздан шешім қабылданды. Алайда білім бөліміндегілер мектеп әкімшілігін қолдамай, Қазақстанда бірінші сынып оқушысына экстернатпен бірден екінші сыныпқа көшуге мүмкіндік беретін заң жоқ екенін айтты. Сондықтан мен білім бөлімінің қолдауын күтпестен, мектеп директорынан бізге бірден екінші сыныпта оқуға рұқсат беруін сұрадым. Өз кезегінде ол қызым екінші сыныпта оқып жүрген кезде бұл мәселені мектептің күшімен шешетінін айтты», – дейді қыздың анасы Инна.

Алайда мектепте қаржылық тексеріс басталып, қызды екінші сыныпқа көшіру мәселесі кейінге қалдырылыпты.

Биылғы жылдың мамыр айындағы бұйрық бойынша Маша 2-сыныпқа көшірілген. Алайда ендігі оны 3-сыныпқа көшіру мәселесі шешілмей тұр.

«Мен мектеп директорына қызымның 1 және 2-сыныптарды үздік бітіргенін айтып, 3-сыныпқа көшіруіне рұқсат сұрадым. Ол келісті. Оның ауызша келісімі бойынша біз биылғы оқу жылынан бастап 3-сыныпқа бара бастадық. Алайда бірінші тоқсанның аяқталуына 2 апта қалғанда, директор мені шақыртып, қызымды қайтадан екінші сыныпқа ауыстыру керек екенін айтты.  Сонымен қатар ол біз үшін жылы орнынан айырылғысы келмейтінін де жеткізді», – дейді анасы.

Соның салдарынан Маша қайтадан екінші сыныпқа көшіріліпті.

«Балам қайтадан 2-сыныпта оқығысы келмейді. «Бәрін жақсы біліп тұрсам, не үшін мектепке барамын?» – дейді. Қызымның сыныптастарының ата-аналары оны қолдап, арыз жазғысы келеді. Себебі бұл жағдайды әділетсіздікке балап отыр», – дейді Инна.

Бұл мәселенің оң шешімін тапқысы келген ата-аналар қалалық білім бөліміне хат түрінде арыз түсіріпті. Бастапқыда ондағылар мән-жайды анықтап, баланың пайдасына шешім қабылданатынын айтып уәде еткен екен.

«Мен білім бөлімінің басқарушысы Айнагүл Сұрағановаға 3 рет барып, қызымның күнделіктерін көрсеттім. Ол мән-жайды анықтайтынын айтты. Мұғалімдер кеңесін өткізіп, дұрыс шешімін тауып, баланың жағдайын түсінетінін де айтты», – дейді Машаның анасы.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін Инна білім бөліміндегілер берген жауапты оқып, олардың тек уақыт созғанын ұққан. Онда тексеріс жүргізіліп, мұғалімдер кеңесі өткізілгені туралы ештеңе айтылмаған. Ешкім ештеңе істегісі кемейді, деп қынжылады қыздың анасы.

Бұл ретте Машаның анасының ең басты сауалы жауапсыз қалған. Хатта Машаға 3-сыныпқа көшуге болатын-болмайтыны туралы мүлде сөз болмаған. Есесіне мектеп директоры мен бастауыш сыныптың 2 мұғалімі ереже бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылатыны  жазылған.

«Қызыма білім беріп, өз жұмысын жақсы атқарған мұғалімдер жазаланды. Не үшін? Бассыздық», – дейді Инна.

Өз кезегінде білім бөліміндегілер бастауыш сынып оқушылары үшін экстернат түрінде оқу қарастырылмағанын айтты. Сонымен қатар қыздың ата-анасына оны басқа лицейге ауыстыруға немесе терең білім беретін қосымша үйірмелерге апаруға кеңес берді. Ал бастауыш сынып мұғалімдерін не үшін жазалағаны туралы сұраққа жауап бере алмады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау